Қазақстанда жаңадан 20 су қоймасы салынады – министрлік
Фото: 2051.vision
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін және Жолдауда берген тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі. Осы орайда, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Halyq Uni басылымына тұжырымдаманың орындалу барысы туралы баяндап берді.
Болат Қабыкенұлы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен су шаруашылығын дамыту мақсатында министрлік құрылды, ведомство осы салаеы дамытуда арнайы тұжырымдама да дайындағаны белгілі. Тұжырымдамада нақты қандай қадамдар қарастырылған?
Құжатқа сәйкес, 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше шақырым жинақтау көлемі бар 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Осылайша, алдағы төрт жылда ауыз сумен қамтамасыз ету және су экожүйелерін тұрақты ұстау үшін ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалануға болатын қосымша 1,7 текше шақырым сумен қамтамасыз етуге ниетті.
Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 11 су қоймасын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, тұжырымдамаға бөгеттердің қауіпсіздігі декларациясын әзірлеуді ескере отырып, су шаруашылығы объектілеріне көп факторлы зерттеу жүргізу, суды пайдалану лимиттерін белгілеу тетігін әзірлеу, магистральдық және шаруашылықаралық суару арналарында суды есепке алуды цифрландыру, гидрологиялық бекеттер салу, суарудың су үнемдейтін технологияларын енгізу жөніндегі іс-шаралар енгізілген.
Су шаруашылығындағы келеңсіздіктер ауыл шаруашылығына ең бірінші кезекте зиян. Бұл мәселе тұжырымдамада қарастырылған ба?
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында суды ұтымды пайдалану мәселелерін, бірінші кезекте судың ең көп шығыны бар (40%-ға дейін) ауыл шаруашылығы саласында шешу көзделген. Атап айтқанда, суармалы ауыл шаруашылық жерлерінің жалпы ауданын 2,5 млн гектарға дейін жеткізе отырып, екі есеге арттыру, қосымша 4 текше шақырым мөлшерінде су жинақтау үшін 20 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау, 3,5 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту, 212 каналдағы суды есепке алуды цифрландыру арқылы суару кезінде тіршілік нәрін үнемдеу жоспарланып отыр.
Жалпы, Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы осы және өзге де іс-шаралар су ресурстарын ұтымды басқаруға, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталып отыр.
Саланы дамыту үшін білікті мамандарға деген қажеттілік жоғары. Министрлік сала мамандарын қалай дайындайды?
Келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға ұлғаяды. Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті шараларды әзірлеп жатыр.
Бұдан бөлек, Қазақстанның әр өңірінде су ресурстарын бөлу және оны пайдалануды бақылау мәселелерімен айналысатын бөлімдер пайда болады.
Су саласында қызмет етудің тартымдылығын арттыру қажет, еңбекақыны көтеру – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Әрине, жұмыс істеп жүрген кадрларды салада ұстап қалып қана қоймай, уақыт талабына сай мамандардың жаңа толқынын дайындау да маңызды. Министрлік тиісті ұсыныстар енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр.