Жасанды интеллект және цифрландыру
сурет ашық дереккөзден алынды
Бүгінде қоғамның алға қарай қарыштап дамуындағы, өркениет көшіне ұмтылысындағы, білім саласындағы заманауи кеңістікті жасанды интеллект, цифрландыру деген ұғымдарсыз елестете алмаймыз. Бұл жай ғана қазіргі заманғы сәнге айналған сөздер емес, біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Алысқа бармай-ақ, қолымыздағы смартфонның дыбыстық көмекші құрылғылары, стриминг платформасындағы ұсыным жүйесі, қызмет көрсетудің автоматтандырылған чат-боттары, тіпті медицина саласындағы, мәселен, талдау ісін жеңілдеткен медициналық өнертабыстарды айтсақ болады.
Мұны қең ауқымды және жүйелі түрде 7 топқа бөліп қарастырып көрейік. Біріншіден, автокөліктердің өзін-өзі басқаруы: Жасанды интеллект технологиялары – автомобильдерді өңдеу ісінде, әсіресе болашақтың көлігі деген ұғыммен қатар айтылатын автопилоттар.
Екіншіден, қаржылық сараптама: қор нарығында және қаржы институттарының шешім қабылдауында болжамдар жасау үшін машиналық ойлаудың алгоритмдері кеңінен қолданылады.
Үшіншіден, медициналық диагностика: жасанды интеллект жүйесі медициналық мәліметтерге талдау жасау және ауруды бастапқы кезеңдерде анықтау үшін кең қолданысқа ие.
Төртіншіден, ғылыми зерттеулер: жасанды интеллект заңдылығын сақтай отырып, ғылыми зерттеулерді кең көлемді талдау процесін жеделдетіп отыр.
Бесіншіден, өндірістегі автоматизация: жасанды интеллектке негізделген роботтар мен автоматтандырылған жүйе өндірістің өнімділігі мен нақтылығын арттыру үшін кеңінен қолданылады.
Алтыншыдан, тілдік аудармашылар: жасанды интеллектке негізделген машиналық аудару жүйесі әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар арасындағы коммуникацияны жеңілдетіп келеді.
Жетіншіден, жасанды банк терминалдарында кеңінен қолданысқа ие. Мәселен, төлемдерді автоматты төлеу: бұл алаяқтық операцияларды оңай анықтауға көмектеседі әрі банк транзакциясындағы қауіпсіздік жүйесін жақсартады. Сондай-ақ клиенттердің іс-әрекетін алдын ала болжау да қазір автоматтандырылған. Машиналық оқыту алгоритмдері клиенттің қажеттілігіне алдын ала болжам жасайды және оған жеке қызмет көрсете алады. Банк саласында виртуалды көмекшілер де тұтынушыларға қызмет көрсетіп, сұрақтарына жауап береді, банк қызметі жөніндегі ақпараттарды ұсына алады. Бұл үшін жасанды интеллект қызметіне негізделген чат-боттар пайдаланылады. Жедел кредит қызметі де осы жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылып отыр. Олар клиенттің төлем қабілетін, қаржылық іс-әрекетін дәл бағалай алады. Мұндай технологиялар банк операцияларының ауқымын кеңейтіп қана отырған жоқ, тұтынушылар үшін сенімді әрі ыңғайлы қызметті қамтамасыз етті.
Бұл топтастырылған мысалдарды негізге алып, біз жасанды интеллект пен цифрландыру актуалды емес немесе оның артықшылығынан кемшілігі көп деп айта алмаймыз. Тіпті бұл жинақталған жеті пункт оқу-ағарту, білім беру ісінде цифрландырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр.
Өйткені білім беру саласындағы балабақшадан жоғары оқу орындарына дейінгі цифрландыру игіліктері жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпараттарға анализ жасауға көмектеседі. Білім беру ісіндегі цифрландырудың маңыздылығы сол, ресурстарға жол ашылады, заманауи технология мен оқу әдістемесін бірегейлендіруге мүмкіндік береді. Дағдыларды дамытып, цифрлық қоғамға табысты бейімделуге бірден-бір әсер етеді.
Мәселен, білім беру ісіндегі жасанды интеллект дегеніміз – процесті жақсартуда жасанды интеллект технологияларының қолданылуы. Бұл – жеке тұлғаны оқыту үшін зияткерлік жүйені қалыптастыру, оқу материалдары мен білім беру ісінің пайдалы әсер коэффициентін арттыруға бағытталған басқа да инновациялар, яғни жаңашылдықтың қайнар көзі.
Әдетте білім беру саласындағы цифрландыру онлайн оқыту деген ұғыммен шектеліп қалатыны жасырын емес. Білім беру ісіндегі цифрландыру мен қашықтан онлайн оқыту – екеуі екі басқа ұғым.
Цифрландыру түсінігі – әртүрлі бағдарламалар мен қашықтан немесе мектепте, орта, жоғары оқу орындарында білім алу кезінде электронды оқытуға негізделген басқа да цифрлық ресурстар. Мысалы, бұл сыныпта немесе аудиторияда компьютер, планшет сынды электронды құрылғыларды пайдалану арқылы орындалатын тапсырмалар легі болуы мүмкін.
Білім беру ісіндегі цифрландырудың мәні неде? Цифрландыруға тікелей оқу процесі ғана емес, сондай-ақ ұйымдастыру сәттері де кіреді. Бұл – электронды күнделіктер, журналдар және мұғаліммен немесе оқытушымен қашықтан, т.с.с. байланысу мүмкіндігінің болуы. Әсіресе оқу-ағарту ісіндегі цифрландырудың айқын бағыты коронавирус пандемиясымен тығыз байланысты болды. Мектептер мен орта және жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшті, бұл барлық оқушыларға, тіпті олардың ата-аналары мен мұғалімдеріне де, оқытушыларына да тікелей қатысты болды. Дегенмен, шын мәнінде, білімдендірудегі цифрландыру пандемиядан әлдеқайда бұрын басталды және ол кең ауқымға ие болды. Бұған білімдендіру технологиясының нарықтық құны дәлел бола алады. Нарықтың қарқынды өсіп келе жатқаны сонша, әлемдік экономикалық форумның бағалауы бойынша, 2025 жылға қарай оның көлемі 342 млрд АҚШ долларына жетеді екен.
Жоғары мектеп мамандарының бағалауы бойынша Қазақстандағы цифрландырудың үш деңгейін қарастырамыз және оның әрқайсысында өзіне тән процесстер жүргізілді. Бірінші толқын 80-жылдардың соңы мен 90- жылдардың басы. Бұл жылдары компьютердің өзі жаңа нәрсе болғандықтан, негізінен компьютерлік сауаттылықты дамытуға көңіл бөлінді, оқу орындарында компьютерлік сыныптар ашыла бастады.
Екінші толқын 2000 жылдардың ортасы мен 2018 жылға дейін. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар біртіндеп оқу процесіне ене бастады. Цифрлық құрылғылар мен бағдарламалар информатика сабағында ғана емес, басқа да пәндерді оқытуға кеңінен пайдаланылды.
Үшінші толқын шамамен 2018 жылдардан басталады. Білім берудің барлық үдерісі цифрлық технология мен цифрлық трансформацияның қатысуымен жүргізіле бастады. Бұл үшінші толқын білім берудің нәтижесі мен жалпы мазмұнына жаңашылдық алып келді.
Қазір адамдардың өмірін жеңілдетуге цифрлық бейімделу көбірек көмектесіп отыр. Мысалы, мемлекеттік мекемелермен байланысу негізінен «Мемлекеттік қызмет» сайты арқылы жүргізіледі. Қашықтан жұмыс істеу арқылы табыстың жаңа көзін тапқандар жетерлік. Мұның барлығы да балаларды мектеп жасынан цифрлық технологияларды дұрыс қолдануға үйретуді талап етіп отыр.
Озық технологиялармен кіріктірілген педагогикалық әдістемелер, оқытудың жаңа технологиясы сыныптағы дәстүрлі сабақтан әжептәуір ерекшеленеді. «Phenomenal Education» деп аталатын фин журналының жазғанындай, оқу-ағарту процесін цифрландыру өте маңызды. Әсіресе, контенттің түрліше болуын талап ететін ХХІ ғасырдың оқыту процесі үшін цифрландыру ауадай қажет. Оны зерттеуші мамандар медиа, коммуникациялық ресурстар, ақпараттық ресурстар, контент жасауға арналған бағдарламалар, ойлаудың жаңа дағдысына арналған бағдарламалар, ұжымдық жұмыс жүргізуге арналған платформалар деп қарастырады.
Енді әрбіріне жеке-жеке қысқаша тоқталып өтейік. Медиа. Желілердегі медиаконтент, сондай-ақ интерактивті цифрлық оқулықтар үлкен танымалдылыққа ие әрі классикалық білім көздерін бірте-бірте ығыстыра бастайды.
Коммуникациялық ресурстар. Желілерде мәлімет алмасу оқушылар мен оқытушылар үшін маңызды болғаны сонша, бұл білім беру ісін цифрландыруда өте үлкен рөл ойнайды. Бұған барлық онлайн-курстар негізделген және бұл әдіс болашақ мектептерде белгілі бір деңгейде өте маңызды орынға шығады. Қазір қашықтан оқытудың танымалдылығы сол, сервистерде онлайн жүргізілетін дәрістер арқылы бір мезгілде жүздеген аудиторияны қамтитын сыныптар жасауға болады.
Ақпараттық ресурстар. Бұл үлкен көлемді мәліметтерді сақтауға мүмкіндік береді. Ғаламтор – білім алудың аса ауқымды кеңістігі, бірақ кейде осы шексіз кеңістіктің өзі мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан білім беру саласын цифрландыруда оқушыға бүкіл әлемге ортақ тексерілген оқу-ағарту ресурстарын ұсына алу маңызды. Мәселен, сенімді ақпарат көзі саналатын Уикипедия, онлайн кітапханалар мен түрлі саланың мамандары ұсынған вебинарлар, т.б.
Контент жасауға арналған бағдарламалар. Уақыт өткен сайын бұл бағдарламалардың танымалдылығы арта бастады, әрі заманауи әрі ыңғайлы. Қазір адамдар мәтінді қолмен жазбайды, компьютерде немесе смартфонда тереді. Суреттер мен сызбалар және музыка да электронды құралдар мен бағдарламалардың көмегімен жасалады.
Әйтсе де шығармашылық жұмыстың бәрі цифрланбайтынын түсіну керек. Адамдар бұрынғысынша бояу көмегімен сурет салуды, картина жазуды, электронды емес аспаптарды пайдалану арқылы әуен шығаруды жалғастыра беретініне шүбә жоқ. Алайда сызбалар, сызу жұмыстары компьютердің көмегімен жасалатыны анық.
Ойлаудың жаңа дағдысына арналған бағдарламалар. IT технология ақпараттарды әртүрлі форматта ұйымдастыруға, визуалды елестетуге, түсіндірме беруге және қабылдаудың оңай жолын табуға көмектеседі. Бұл кәдімгі жаңа нәрсені іздеу мен ақпараттық өңдеудің ыңғайлы құралдар жиынтығына ұқсайды. Егер оқушы сауатты түрде сақтап, оны таратуды білсе, онда басқа уақыттарда өзіне маңызды деген мәселелермен айналысуына әбден болады.
Ұжымдық жұмыс жүргізуге арналған платформалар. Қазір әлеуметтік желілерде онлайн алаңдар мен форумдардың, қосымшалардың түр-түрі бар. Олардың бәрі жүзбе-жүз, шынайы қарым- қатынастардың әсерін сыйлауға ұмтылады, сондай-ақ ақпарат алмасудың да үлкен мүмкіндігі.
Білім беру ісін цифрландыруда мемлекет пен қоғам бір мезгілде бірлесе отырып шешуге тиісті мынадай мәселелер бар: Біріншіден, материалдық инфрақұрылымдарды дамыту. Дата-орталықтарды құру және оқу материалдарын үйренуге арналған құрылғыларды жасау.
Екіншіден, цифрлық бағдарламаларды енгізу. Нақты жасалатыны, бұлар – жасанды интеллекттің көмегімен оқу материалдарын пайдалану, тест жасау және тест ұйымдастыру.
Үшіншіден, оқу ісін басқару жүйесін жасау, яғни әкімшілік ұйымдастыру, оқу курстарын бақылау. Сарапшылардың айтуынша, бұл білім беру ісін цифрландыруға жағдай жасауға, тең және кең көлемде білім алуға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, оқу ғимаратының моделін жасау. Демек оқу-ағарту саласын цифрландыру үшін төртінші революциялық өнеркәсіп деп айтылып жүрген цифрлық дәуірдің жаңа құрылғысы керек. Бұл тұрмыста, еңбекте, т.б. киберфизикалық жүйені жаппай енгізуді көздейді.
Бесіншіден, автоматтандырылған жүйеде оқушының идентификациясының болуы, яғни цифрлық кодын жасау.
Білім беру ісін цифрландырудың оң және теріс жағы да бар екенін айту керек. Оқушыны өз бетінше білім алуға ынталандыру, қағазбастылықтан құтылу, үнемділік жағынан алғанда бұл тиімді әрі ыңғайлы. Педагогтердің жұмысын әсіресе психологиялық тұрғыдан жеңілдетеді. Әдетте мұғалімнің уақытының көбі әр оқушымен жеке жұмыс жасауға жұмсалатын болса, цифрландырудың көмегімен оқушыға тек бағыт-бағдар беруге, кей мәселелерде ғана көңіл бөлуге болады.
Қазір білім беру ісіндегі цифрландырудың қарқындылығы сонша, интернет-технология ғылымның барлық саласын асқан жылдамдықпен дамыту үстінде. Жаңа ақпарат тез тарап, жаңа құрылымдар жасалуда. Мұның барлығы білім алу жолында ықыласты адамға ақпарат аштығын тудырмайды.
Қауіп-қатер неде? Ғалымдардың пайымдауынша, электронды нұсқаның тым құрғақ болатыны сонша, әбден іш пыстырарлық ақпаратқа үйренген бала психикасы шығармашылық тұрғыдан дамуға ұмтылмайды екен. Барлық ақпаратты дер кезінде интернеттен алу оқушының ойлау қабілетін әлсіретіп, барлық сұрақтың жауабы дайын тұрғандықтан, қандай да бір мәселені өзінше шешуге талпынысын төмендетеді. Бұның тек балаға ғана емес, үлкен адамға да әсері бар.
Мектеп адаммен, қоғаммен қарым-қатынастың көзі болса, ақпараттық жүйе арқылы білім алу оқушының әлеуметтенуіне және тұлғалық дамуына кері әсер етеді. Сондай-ақ білім беру саласының цифрлануы көздің көру қабілетін төмендетіп, ұсақ моторикалардың дамуына теріс әсер ететіні де мамандар тарапынан соңғы уақыттары жиі айтылып келеді. Қазір бұл мәселелерді шешудің және барынша қауіпсіз болуын қамтамасыз ететін жаңа технологиялар жасалу үстінде. Сондықтан ғылым, техника дамыған сайын білім беру ісіндегі цифрландыру да дамудың жаңа деңгейіне көтеріле беретіні даусыз.
Жақында біздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанынан Сеултех жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылғаны белгілі. Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім беруде екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған бұл Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба болашақта жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласына кадрлар дайындайды. IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етуде бұл жаңалық, ынтымақтастық аймағымыз ғана емес, Қазақстанның болашақ технократ мамандарын даярлау ісінде ең үлкен табысымыз болады деп есептейміз.
Әнипа ТАПАЛОВА,
техника ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт ата атындағымҚызылорда университетінің
Профессоры