Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос майданның тарланы

Қос майданның тарланы



«Жақсыдан шарапат», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаса керек. Сондай жақсылыққа жаны құмар адамның бірі – Тұрғанбек Қосаев еді. Үстіне милицияның сұр шинелін кигенде суық көрінетін ол – өмірде қарапайым, аңқылдаған ақ көңіл, көпшіл, адамгершілік қасиеттері мол, бір сөзді, айтқанынан қайтпайтын әділдік жолындағы кісі болатын. Сол кезеңдерде ішкі істер органдарына осы Тұрғанбектей өмір тәжірибесі бар, оқығаны-тоқығаны жетерлік адамдар өте қажет еді. Өйткені, ана жақта алапат соғыс жүріп жатса, мына жақта қылмыс қаулап, елдің берекесі кетіп жатқан кез. Балалық бақытты шақтары ауылда өтті.
Әкесі Қамбаров Қосай мен анасы Күлташ 1929 жылы «Келінтөбе» колхозына мүше болып кіріп, қажырлы еңбектерімен күн кешкен. Ортаншы ұлдары Тұрғанбектің еті тірі болып өскеніне іштей қуанатын. Білім алуға талпынған Тұрғанбек «Талап» мектебінің бірінші сыныбына барып, 1941 жылы жеті жылдық сауат алып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Екінші курс студенті Т.Қосаев 1942 жылдың қаңтар айынан шілде айына дейін «Аққорған» ауылдық кеңесінде хатшы болып қызмет етеді. Еңбекқор жігіт ел құрметіне бөленеді. Бұл тұс Ұлы Отан соғысының нағыз қызған шағы.
Қазақ жастарын жаппай әскер қатарына шақырып, соғыстың алдыңғы шептеріне жіберіп жататын. 1942 жылдың шілде айында бұл кезек Т.Қосаевқа да жетеді. Жаңақорған аудандық соғыс комиссариаты оны әскер қатарына шақырып, Чкалов қаласындағы №52-ші пулемет атқыштар полкі мектебіне жібереді. Кіші командирлер даярлығынан өткен Т.Қосаев сержант шенімен бөлімше командирлігіне тағайындалады. Ал 1942 жылдың қазан айынан соғыс майданына жөнелтіледі.
Батыс майданда үстемдік жүргізген неміс фашистері Кеңес әскерлерін тықсырып, полк, дивизияларға дейін қоршауға алып, жан алысып, жан берісіп жатқан уақыт та Т.Қосаевтың тағдырына жазылыпты. 1943 жылдың қаңтар айында Смоленканнан осы Батыс майданына қырғын соғысқа кірісіп кеткен бөлімше командирі Т.Қосаев шептен-шепке өтіп, солдаттарын тек алға ұмтылдырады. Күші басым жаулармен қиян-кескі ұрыста жан аямай ерлік көрсетеді. Қазақ батырларына тән іс-қимыл жасап, қоршаудан аман-есен шығады. 1943 жылы 20 ақпан күні Полтава қаласы маңында теңдесі жоқ ұрыс болады. Жаудың зеңбірегінен атқан снаряды оқ жаудырып жатқан пулеметшілердің жанына келіп жарылып, маңайдың астан-кестенін шығарады. Майдан даласында шашылып жатқан солдат өліктері арасынан ауыр жараланып, есінен танған Т.Қосаевтың ыңырсыған дауысынан аман алып қалған орыстың санитарка қызы болмаса, елге оралмас па еді, кім білсін? Снаряд жарықшағы қазақ солдатының ішек-қарынын аударып тастаған екен. Көрер жарығы бар екен. Чуйчевка дала госпиталіне жеткізілген Т.Қосаев білгір дәрігердің қолына түсіп, өлім аузынан қалады. Онан соң Харьков, Белград қалаларындағы соғыс госпитальдарында ұзақ емделеді. Дәрігерлер комиссиясының қорытындысымен оған екі айлық демалыс беріп, елге қайтарады. Жаралы жауынгер жан бағып отыра алмайды. Аудандық соғыс комиссариатына барып, ішкі істер органдарында қызмет еткісі келетін ниетін білдіреді. Енді соғысқа жарамайтын болғасын, майдангер шинелін елде қоғамдық тәртіп сақтайтын милиционер шинеліне айырбастағысы келеді. Сөйтіп, Оңтүстік-Батыс майданы, №111-дивизиясы, №399 атқыштар полкі, 2-ші пулемет ротасының бөлімше командирі Тұрғанбек Қосаев 28 ақпан 1944 жылы еңбек майданына жолдама алады.
НКВД-ның бір айлық курсын тәмамдаған Т.Қосаев Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі «ББ» тобының жедел қызмет уәкілі қызметіне тағайындалады. Осындағы спецкомендатураның коменданты қызметін атқарады. 1951 жылдан бастап 1955 жылға дейін Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында түрлі жауапты қызметтерде еңбек етеді. 1955 жылдан 1963 жылға дейін Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде №4 спецотделдің коменданты, тергеуші, бхсс, анықтаушы қызметтерін абыроймен атқарады. 1963 жылы Т.Қосаев Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторына бекітіледі. Сонымен Т.Қосаевтың Шиелі тұрғындарына танымалдығы басталады. 1964 жылы ол қылмысты іздестіру бөлімшесінің аға жедел қызмет уәкілі болса, 1968 жылдан 1975 жыл аралығында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып, аудан халқының ықыласына кенелді. Бастықтың оперативтік қызмет жөніндегі орынбасары болғандықтан, аудан көлеміндегі қылмыскерлермен күрес жауапкершілігі өзіне жүктелген. Сондықтан да Т.Қосаев өз қызметіне барынша адал, әділетті болады. Осы жылдары аудан аймағында қылмыс саны азайып, қоғамдық тәртіп жолға қойылады.
Қоғам алдындағы өз жауапкершілігін жете сезінген Т.Қосаев аудан азаматтары түгілі, қылмыскерлерге де қысым көрсеткен адам емес. «Жақсыдан тәлім» дегендей, ол бөлімнің жас милиционерлерін тәрбиеледі, олардың бойына соғыста көрсеткен қырағылығы мен батылдығын, ұстамдығын, Отанға деген патриоттық сезімді ұялатты. Ол қызметте әділ, талапшыл болды. Оның Алматы милиция мектебін бітірген білімі, милиция қызметінің қыр-сырын жатпай-тұрмай меңгеруі – оның болашақ қызметінде тек пайдасын тигізді. Әрине, адал еңбек әркез абыройға бөлейтіні аян. Т.Қосаев қай салада қызмет етсе де, аудан тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып, лезде тіл табысатын. Мұның өзі қылмыстардың уақытылы ашылуына септігін тигізіп жататын. Т.Қосаевтың қылмыс ашудағы шеберлігі, іскерлігі – оның аудан басшыларының арасында да, Шиелі кенті орталығында да беделін арттырып, осы күнге дейін Тұрғанбек туралы көзі тірі қатар-құрбылары, замандастары, оны білетін көзкөргендер, кейінгі толқындар жақсы әңгімелер айтып, аңыз етіп отырады. Өз қызметінде адамдарға жақсылық жасауға ұмтылатын қасиеті бүгінге дейін ұмытылмай тұрғаны – биыл 95 жасқа толып отырған Ұлы Отан соғысының және тәртіп сақтау сақшылары саласының ардагері болған Т.Қосаевтың қастерлі тұлғасы болса керек. Түйме ұрласаң да, дүкен тонасаң да бәрібір. Ұрысың. Қылмыстың аты – қылмыс. Қылмыскер жазасын алуға тиіс. Осындай жағдайларда аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, милиция майоры Тұрғанбек Қосаев ақ пен қараның арасын ажырата білген.
Өткенсіз, бүгінді, бүгінсіз өткенді еске алу мүмкін емес. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағы болашақ үшін күрескен әкелер еңбегін естен шығармаулары хақ. Т.Қосаев соғыстағы ерліктері мен ішкі істер саласындағы еңбектері үшін «Германияны жеңген жеңіс үшін», «Совет армиясы мен Флотына ХХХ жыл», «За боев заслуги», І, ІІ, ІІІ-дәрежелі «Үздіксіз қызмет үшін», «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «Совет милициясына 50 жыл» медальдарымен және облыстық ішкі істер басқармасының «Құрмет грамотасымен», республика ішкі істер министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. «Милиция үздігі» төсбелгісін кеудесіне қадаған үлгілі басшылар қатарында саналған. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Әрбір өлкенің халқына суықта пана болған, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Бұл сөз бізге де өнеге болып отыр. 1923 жылы Жаңақорған ауданында туғанмен, саналы ғұмырының көпшілік жылын Шиеліде өткізіп, осында қызмет жасаған Т.Қосаевқа кент орталығынан бір көше аты сұранып-ақ тұр. Ол ұзақ жыл Шиелі тұрғындарының қоғамдық тәртібін көздің қарашығындай сақтады. Ел тыныштығын қорғады. Тәртіп сақшысы болды. Осы жерде өсті, өнді, көгерді. Осы жерді елім, туған жерім деп санады. Оның еселі еңбек еткен жері де Шиелі ауданы болатын. Аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлер кеңесі ұжым атынан осындай шешім қабылдап, осы саланың соғыс және еңбек ардагері Т.Қосаевты мәңгі есте қалдыру шарасының бірі осылай болар деп ұйғарды. Қос майданның тарланы Т.Қосаев оған өте лайықты азамат екендігін дәлелдеген кісі болғанын тиісті орындар ескерсе дейміз.
1975 жылы отставкіге шыққан Т.Қосаев кент орталығындағы наубайхана бастығы болып, зейнетке шыққанша қажырлы еңбек жасады. Аудан тұрғындарын ас арқауы нанмен қамтамасыз етті. Ағасы Боранбек Жаңақорғанның атын шығарып жатса, Тұрекең ағамыз Шиелінің халқына адал қызмет көрсетті. Жұбайы, сүйген жары Бегайым Бекенқызы екеуі өмірге 5 ұл, 3 қыз әкелді. «Ұлды ұяға, қызды қияға» қондырды. Үлкен ұлы Балтабайдың өзі Жаңақорғанның құрметті азаматына айналған, ақылман ақсақал. Қалған ұрпақтары бәйтеректей бұтақ жайып, өсіп-өніп жатыр. Барлығы да әкелерінің тілеуін тілеп отырады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп Лұқпан шайыр айтқандай, Қамбаровтар әулетінің керегесі кеңге жайылған. Ішкі істер саласының ардагері Т.Қосаев 1997 жылы 74 жасында дүниеден озды. Біз оны 21 жылдан соң еске алып отырмыз. Бір қызығы соғыстағы ерлігі, бейбіт өмірдегі еселі еңбегі ескеріліп, жауынгер-майдангер Т.Қосаевқа 1985 жылы кезектен тыс құрметті милиция подполковнигі шені атағы берілді. Бұл да кездейсоқтық емес шығар?!

Өркен ИСМАИЛ.
04 мамыр 2018 ж. 1 096 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930