мерейін ел көтерген мейірман
Халық даналығында «Жолдасыңды көрсетші, мен сенің кім екеніңді білейін» дейтін керемет сөз бекер айтылмаған. Бұл адамның жолдас табудағы қарым-қабілеті, қадір-қасиетін пайымдағаны болса керек.
Ал дос ше? Достың орны бөлектеу секілді. Достық сезім, достық сыйластық, достық қарым-қатынас, бұл бір сөзбен жеткізе салатын ұғым емес. Содан да болуы бек мүмкін, қазақтың «құдай қосқан құда, Пайғамбар қосқан дос болады» деуі. Тастың арасынан алтын іздеген адам оны суға қайта-қайта шайып, алтынның қоспасы бар тасты ғана алып қалады емес пе? Дос та сол секілді жолдастарыңның арасынан еленіп, екшеленіп шығады. Сын сағатта сенің қасыңнан табыла білетін, сенің жетістігіңе шын қуана білетін, сенің көңіліңе секем алатындай қаяу түсірмейтін жан ғана нағыз дос болатын сияқты.
«Көріспесек сағыныштан жүдейтін, кім бар жақын бала күнгі досыңнан» дегендей, бала күннен есейген соң да жалғасатын достық сезім – шынайы сезім екен. Мейірман екеуміздің достығымыз осындай достық еді. Адал достық еді. Мәңгілік достық еді. Мейірман екеуміздің балалық шағымыз бір ауылда өтті. Ауыл балалары ала жаздай күрішті арам шөптен арылту, күзде ору, жинау жұмыстарына тартылатын. Колхоздың жұмысынан Мейірман да шет қалмайтын. Біздер жұмыстан бір сәт қолымыз босаса, кешке әртүрлі ойын ұйымдастырып, аяғы биге ұласатын. Оны ұйымдастыратын Мейірман еді. Өзі сырнай тартып, қалжың айтып, отырысты жандыратын. Оның өнерге деген алғашқы қадамы ауылдан басталып еді.
Мейірманның балалық шағы өткен «Қызылту» колхозы республикаға танымал ауылдардың бірі. Өйткені, осы ауылда атақты күрішші, даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Ыбырай Жақаев және оның керемет ізбасарлары тұрды. Барлығының еңбегі батырға бергісіз, ауыл еңбекке ерекше құлшынысымен де, ауызбіршілігімен де, сыйластығымен де көп ауылдарға үлгілі. Алғашқы кезде Мейірманның үйі Ыбырай ақсақалмен көрші тұрды. Оның балалық шағы Ыбырай ақсақалдың ауласында өтті. Мейірманның шеберлігі артып, «Тамашаның» қойылымында қазақтың қара шалының рөлін керемет сомдауы Ыбырай ақсақалға қарап өскеннен болуы бек мүмкін.
«Қызылту» колхозы жалғыз күрішшілерімен ғана атағы шыққан ауыл емес еді. Бұл ауылда өнерге жақын, шетінен әнші, домбырашы, әзілдің хас шеберлері Жұмабай, Серікбай Бегалиевтер, Уәлішер Түменбай, Шайыхислам Әлжанов, Тойбек Жұманов, Уаит Охапов, Орманбек Бекбаев, Темірәлі Әбуов, Әнуар Нұртаев, Сақтаған Жаңабаев сынды ауылдың атын өнерімен республикаға танымал еткен ағалар тұрды. Осы кісілер құрған ауылдың домбыра оркестрі 1963 жылы көркемөнерпаздардың республикалық байқауында 2-орын алып, ауылдың мерейін бір көтеріп тастаған болатын.
Біздің жас кезімізде ауылға аптасына бір-екі рет кино келетін. Кино енді бастала бергенде өнерпаз ағаларымыз жұмыстан келіп, клубтың қасына жинала бастайтын. Ағалардың жиналғанын біліп, жұрттың барлығы дерлік көріп отырған киноларын тастап, сыртқа шығып, әзілкеш ағаларының аспан астындағы кезекті қойылымдарының куәсі болатын. Олардың бірінен кейін бірі іліп әкететін қалжыңдары елді есінен тандырғанша күлдіретін. Осының бәрін көріп өскен Мейірманның да өнер жолына түсіп, әртістікті таңдамауы мүмкін емес еді.
Саналы ғұмырының барлығын ел басқаруға арнаған Рахмет ағамыз жалғыз ұлы Мейірманды қандай оқуға түсіргенімен оларды қаламай, жан дүниесіне жақын өнерді қалауы өскен ортасынан, өнерпаз ағаларынан алған әсерлері болуы мүмкін.
1964 жылы мектеп бітіріп, арман қуып, Алматыға оқуға аттандық. Мен ауылшаруашылығы институтына оқуға түстім. Ол малдәрігерлік институттың ветеринария факультетіне оқуға түсті.
Бірақ, Мейірман келер жылдың көктемінде бұл оқуды қаламайтынын білдірді. Әкесі Рахмет ағамыз екі, үш оқуға түсіргенімен, олардың ешқайсысын оқымай, өз күшімен Мәскеудегі «Шепкин» атындағы театр училищесіне оқуға түсіп, бітіріп шығады. Кейінірек реті келгенде әзілдеп, әкем Рахметке рақмет, ЖЕНПИ-ден басқасының барлығына түсірді дейтіні бартын. Сол сөздің мәніне зер салып қарасаңыз, Мейірман ата-анасының ыңғайына бармай, жетегінде жүрмей, өзінің жүрек қалауымен жүретінін, өз тағдырына өзі иелік еткенін байқаймыз.
Мейірман елге ерекше бір сағыныш сезіммен келетін. Анасының қасында көп болса бір-екі сағат қана тағат тауып отыратын. Сосын достарын іздейтін. Төменгі сыныпты орыс мектебінде оқығандықтан, оның басқа ұлт өкілдерінен де достары көп болатын. Барлығымыздың басымызды қосып, балалық балғын шақты әңгіме еткенді, қызық оқиғаларды еске түсіргенді жақсы көретін.
Мейірманның ауылға келгенін асыға күтіп отыратын Әділхан Қалжанов, Мұхамедсалы Әлтаев, Оразәлі Байділдаев, Анатолий Юн, Женя Кигай деген азаматтар оны қаумалап, үйлеріне алып кетіп құрметтейтін. Мен институтты, кейіннен жоғары партия мектебін Алматыда оқып бітірдім. Еңбек демалысын алғанда Алматыға тартып отыратынмын. Сонда өзім оқыған қаланы, жан досым Мейірманды іздеп барып, уақытымды Мейірманмен және оның әріптестерімен бірге өткізетінмін. Мейірман достарын ерекше жақсы көретін. Ол өзім деген адамға астындағы жалғыз атын түсіп беретін, жоқтықтан қиналған адамға қолындағы соңғы нанынан бөліп беретін жомарт еді. Ол аты шығып, дүркіреп тұрған кезде де
кеуде көтеріп, менменсіген емес. Қарапайым, табиғи болмысымен өмір сүрді.
Әр уақыттың өз қиындығы болады ғой. Алматыға барған тамыр-таныс, ағайын-туыс, жора-жолдастарды біріне пойызға немесе ұшаққа билет керек болып, болмаса, қонақүйге орналасу керек болып, Мәкеңе өтініш жасаса, барлық жұмысын тастай салып, әлгі адамдарға көмек қолын созатын. Ол халқын қалай жақсы көрсе, халқы да оны өте жақсы көрді.
Жоғары оқу орнын бітіріп, Алматыда қалып, жұмыс істеп жатқан жерлестеріміз баршылық. Реті келіп жатса, кейбірінің үйіне барып, амандықтарын біліп жатамыз. Олар да елдің жағдайын сұрап жатады. Бірақ Мейірман секілді елдің жағдайын бүге-шігесіне дейін білгісі келетіндер кем де кем. Мейірман ауылдағы адамдардың жағдайын үйме үй, көшемен көше сұрайтын. Тұрмысы нашар отбасылардың жағдайына алаңдайтын.
Мейірманның әкесі Рахмет Нұрекеев Шиелі ауданы, «Қызылту» колхозын он бір жыл абыроймен басқарған кісі. Зейнеткерлікке шыққанша ауданның біраз шаруашылықтары мен мекемелерін басқарып, еңбегі еленіп, Үкіметтің ең жоғарғы наградасы «Ленин» орденімен марапатталған, қазіргі таңда суреті ауданның «Даңқты азаматтар» аллеясында ілулі тұрған азамат.
Анасы Күлсара Оразова өмір бойы ұстаздық қызмет еткен, өте парасатты, ақылды, байсалды кісі еді. Мейірман осы кісінің жалғыз баласы еді. Мейірман әжесінің бауырында өсті. Әжесі Қанымкүл жас кезінде айтысқа қатысып, тойларда өлең айтқан, өнерлі кісі болған деседі. Ауылдың көнекөз қариялары ол кісінің айтыстағы ұтымды сөздерін бертінге дейін жатқа айтып жүретін.
Күлсара апайдың әкесі Смайыл Оразов ақсақал (Мейірманның нағашы атасы) аудандағы колхоз құрылысының алғашқы қарлығаштарының бірі. Жұрттың басын қосып, ұйымдастырып колхоз құрып, сол шаруашылықты көп жыл басқарса, нағашы ағасы Ыдырыс Оразов өткен ғасырдың 70-90 жылдары ауданның малшаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, совхоз директоры болған азамат.
Осындай текті әулеттің тамырынан нәр алған Мейірман барынша көпшіл, қолынан келсе, қолғабыс тигізуге дайын тұратын азамат еді. Достары мен әріптестеріне адал, оларды жақсы көретін. Өнердегі әріптесі, дос інісі, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың Мейірманды көзі тірісінде «Князь» деуі бекерден бекерге айтылмаған. Бұл көреген азаматтың Мейірманның бойындағы тектілікті байқағаны, білгені болса керек.
1996 жылдың 8 шілдесінде Мейірман өзінің 50 жылдық мерейтойын Алматы қаласындағы республика сарайында атап өтті. Ине шаншар жер жоқ сарайдың бірінші қатарында Жарылқасын Тұрабаев бастаған өнерді құрмет тұтатын, Мейірманды жақсы көретін шиеліліктер отырды. «Тамаша» ойын-сауық отауын да өзінің бір бағдарламасын Мейірманның туған күніне арнады.
Асанәлі, Тұңғышбай бастаған қазақ сахнасының, Роза Рымбаева бастаған эстрада жұлдыздарының Мейірман туралы керемет тілектерін естіп, күні кеше өзімізбен бірге ойнап жүрген шиелілік баланың осыншама құрметке лайық болғанына көңіліміз марқайып қайтты. Кейіннен байқасақ, жұртты тәнті еткен қасиет оның қарапайым адами болмысы мен өнерге деген ерекше талантында жатыр екен. Сол күні республика сарайында да, одан кейінгі Мейірманның қонақ кәдесінде де Роза Рымбаева ешкімге әннің кезегін бермеді. Бұл Розаның Мейірманды кереметтей жақсы көруінде еді. Бірде еңбек демалысымды алып, Алматыға бардым. Түсетін жерім Мейірманның үйі. Төрт-бес күн қыдырғаннан кейін, жақында Семей жаққа барып концерт қойып қайтқанбыз, келісім бойынша маған мың сом тиесілі, соны барып алайық, 800 сомын үйге берейік, 200 сомы екеумізге жетеді дегені.
Ертеңіне таңертең әлгі жерге бардық. Мейірман ішке кіріп кетіп, бір пачка бес сомдық алып шықты. Ойымда ештеңе жоқ, Мәке мынауың 500 сом ғой дедім. Ойланып қалды, түрінен біреуге ренжігенін байқадым. «Қайтадан барсаңызшы», – деп едім, «Жоқ, бармаймын, екеуміздің қыдыруымызға мынаның жүз сомы да жетеді ғой», – деп, аяғын әзілге айналдырып жіберді.
Мейірманды еске ала отырып, ойыма түйгенім – ол біздер сияқты жақсы өмір сүрсем екен, балаларым қызмет істеп бақуатты тұрса екен деп ойламады. Ол дүние іздемеді, үй іздемеді, күй іздемеді. Оның өзіне жасаған барлық құрметі – өзінің 50 жылдық мерейтойын республика сарайында дүркіретіп өткізгені ғана болды. Ол дүниеге періште болып келіп, періште болып кетті.
Реті келгенде айтқан дұрыс шығар, Шиелінің Тұрсынхан, Сүйіндік, Әшірбай бастаған жігіттері Мейірманға бір машина мінгізейік деп, оны жобалап қойған болатын. Бірақ басшылар Мәкең әлі жас, жасы 60-қа келгенде бір қымбат көлікті мінгіземіз деп, әлгі жоспарды тоқтатып қойған еді. Соның өкініші осы күнге дейін кетер емес.
1997 жылдың қараша айының басында Мейірман Шиеліге келді. Бұл оның туған жерге соңғы келуі еді. Поездан түсіп, перронға шыға берген Мейірманға «Аға, қайда барсаңыз да көлігіңіз дайын» – депті бейтаныс екі жігіт. «Шешем немерелерімен Алматыға көшіп кеткен. Енді Жақаев ауылында тұратын Сұлтанбек деген досым бар, соның үйіне барамын» депті. Оның үйге келуі біз үшін үлкен қуаныш болатын. Осы жолы басқа достарының үйінде қонақта болды. Қайтарына төрт-бес күн қалғанда сәл ауырып қалды. Аудандық ауруханаға орналастырып, төрт-бес күн емделгеннен кейін елдің сәлем-сауқатын беріп, Мейрам деген інісі екеуміз шығарып салдық.
Перронда оны-мұны әңгіме етіп тұрғанбыз. Бір кезде оның қатты ойланып кеткенін байқадым. Артынша «Енді қайтып Шиеліге келмеймін», – дегені...
Жүрегім су ете қалды. Сасқанымнан: «Сен сонда маған да келмейсің бе», – деп едім. Жарықтық Мейірман жандүниесіндегі сол бір сәтті лезде 180 градусқа өзгертіп, ештеңе болмағандай жайдары қалпында «Сұлтеке – сенің орның бөлек қой», – дегені.
Мейірман марқұм дүниеден өтерінен жеті-сегіз күн бұрын «Тамашаның» кезекті қойылымында «ескерткіш» болып ойнапты. Қойылым сәтті шыққан болуы керек, аздап жуып, түнде беймезгіл уақытта жазушы Қуандық Түменбаев інісіне телефон шалып, «Сұлтекең келем деп еді, келді ме?» деп сұрапты. Осылай қатарынан үш күн сұрапты. Шығармашылықпен айналысып жүрген Қуандық ініміз ағасына: «Сұлтекең менің үйіме келмейді, келсе әуелі сіздің үйге келеді», – депті. Алматыда анасы Күлсара апа, жары Айман, бала-шағалары қасында бола тұрып, досын қайта-қайта іздеуі Мейірманның досқа деген көңілінің ерекше екенін білдірсе керек. Қазақтың өле-өлгенше сыйласып өткен адамдарды «ақыреттік дос» деуі, осы шығар шамасы.
Сұлтанбек Оразымбетов,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.