Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар

Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар


Кеше ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті. Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құрады. Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың мәліметінше, 10 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 98,3%-ға орындалған. Атап айтқанда, республикалық бюджет 10,5 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 5,1 трлн теңгеге толықтырылды. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2%-ға, республикалық бюджет шығыстары 99,4%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 97,2%-ға орындалды.
Премьер-министр еліміздің экономикасы қолайсыз жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолын жалғастырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, нақты сектор экономикадағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Машина жасау саласы 27%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 42%-ға өсті, мұнай және табиғи газ өндіру есебінен тау-кен өнеркәсібінде өсім 6%-дан асты, өңдеу өнеркәсібінде өсім 3%-дан жоғары болды.
Тоқыма бұйымдары өндірісінің ұлғаюы есебінен жеңіл өнеркәсіпте 12%-ға жуық айтарлықтай өсім тіркеліп отыр. Өндірісте пластмасса бұйымдарын өндіру 5,5%-ға, азық-түлік өнімдері 3%-ға және сусындар өндірісі шамамен 2%-ға өсті.
Құрылыс секторында өсу қарқыны жоғары – 12,5%, 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы бойынша сауда 10%-дан астам, байланыс 8% және көлік секторы 7%-ға өсті. Жалпы барлық негізгі көрсеткіш бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында өсім бар.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, он айдың негізгі қорытындыларына тоқталды.
– 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Төмен тенденция көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасы байқалады. Аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қамтамасыз етілген. Ендігі міндет – жыл қорытындысымен экономиканың өсім қарқынын қамтамасыз ету. Өнеркәсіп саласында аудандарда көрсеткіш артып, тек Қызылорда қаласында 8,7%-ға төмендеді. Көрсеткіштің төмендеу себебі бәрімізге мәлім, ол – облыс аумағындағы мұнай ұңғымаларының сулануы және сарқылуы салдарынан мұнай өндіру көлемінің азаюы. Қызылорда қаласының әкімдігіне өнеркәсіп көрсеткіштері бойынша ай сайынғы өсімді қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте бюджет қаржысының игерілмеу қаупі бар Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының әкімдері және бірқатар басқарма басшылары баяндама жасап, қабылданатын шаралар туралы айтты.
Жиын қорытындысымен Қызылорда қаласы мен барлық аудандар әкімдері, облыстық бағдарлама әкімшілеріне жоспарланған қаражатты 100% игеру, қайтарылатын және қайта бағытталатын қаржылар бойынша тиісті министрліктермен 2 апта ішінде жұмыс жүргізу тапсырылды.
Биболат СӘТЖАН
16 қараша 2023 ж. 200 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031