Тоқаев пен Путин журналистер үшін брифинг өткізді
Фото: Telegram/Aqorda
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан Ресей президентінің ресми сапарының мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.
Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы. Ортақ тарихқа, берік достыққа, өзара құрмет пен сенімнің мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, біз көптеген сала бойынша өзара мүддені жүзеге асырудың айқын дәлелі саналатын мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Ресеймен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейтін стратегиялық бағытқа бейілді екенін растағым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа ерекше мән берілді.
Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. Соңғы 3 жылда елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 30 пайыздан астам өсті. Былтыр тауар айналымы, Қазақстан статистикасы бойынша 27 млрд долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл да оң динамика сақталып отыр. 8 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық көлемі 17 млрд долларға жетті, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жалпы өзара тауар айналымын одан әрі арттыруға зор мүмкіндік бар.
«Осы орайда екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстардың айтарлықтай жанданғаны байқалады. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді. Олар жалпы 20 млрд доллардан аса инвестиция салды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Қазақстан экономикасына тартылған ресейлік инвестиция көлемі 1 млрд доллардан асты. Бұл өткен жылғы деңгейден 20 пайызға көп. Өз кезегінде Қазақстанның Ресейге салған инвестициясының көлемі 6 млрд долларға жетті. Бұл екіжақты процесс екені қуантады, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, спорт және басқа да салалардағы серіктестікті нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылғанын жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталған уағдаластықтардың толыққанды жүзеге асырылуы Қазақстан мен Ресей азаматтарының тұрмыс сапасын жақсартуға оң септігін тигізеді.