Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Саламатты Қазақстан» пойызы Қызылорда облысының Белкөл кентінде тұрғындарға қызмет көрсетті

«Саламатты Қазақстан» пойызы Қызылорда облысының Белкөл кентінде тұрғындарға қызмет көрсетті


«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы бүгін Қызылорда облысы Белкөл кентінде тұрғындарға қызмет көрсетті. Бұл – медициналық пойыздың облыста аялдаған төртінші станциясы, деп хабарлайды Кazinform

Белкөл кенті Қызылорда қаласы әкімдігіне қарайды. «Ташкент-Орынбор» теміржолының бойында орналасқан станцияның іргесі 1904-1905 жылдары аталған темір жолдың салынуына байланысты қаланған.

Мұнда Қызылорда қаласы кәсіпорындарының бөлімшелері, өзге де қызмет көрсететін кәсіпорындар мен мекемелер бар. Кентте тұратын 3 мыңға жуық тұрғынның бірқатар бөлігі теміржол саласында еңбек етеді.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысына 9 стансада 3 қарашаға дейін жергілікті азаматтарға қызмет көрсетеді.

Денсаулық керуені еліміз бойынша сапарын сәуір айында бастаған еді.

Алты айдан астам уақыт ішінде 100-ден астам станцияда 60 мыңнан аса халыққа көмек көрсетті.

Әлеуметтік жобаны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асыруда.

«Қызылорда облысындағы сапарымызды 18 қазанда Арал ауданындағы Сексеуіл стациясынан бастадық. Содан бері сол аудандағы Сапақ, Шөміш станцияларында жергілікті тұрғындарға қызмет көрсеттік. Байқалғаны, көпшілік арасында кардиолог, невропатолог, окулист, стоматолог, лор секілді дәрігерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ, біз инсульт алған кісілердің үйіне барып қызмет көрсетеміз. Оларды арнайы медициналық жабдықтар арқылы тексеруден өткізіп, тиісті диагноз қойылады. Жалпы, бізге еліміздің кез келген азаматы келіп денсаулығын тексерте алады. Олардың біз тоқтаған станция тұрғыны болуы шарт емес. Қазірге дейін 60 мыңнан астам адамға қызмет көрсеттік. Оның 10-15 пайызға жуығы — балалар», — деді медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева.
Денсаулық керуенінде азаматтарға барлық диагностикалық зерттеу жасалады. Сол сәтте қолына қорытындысы беріледі.
«Қазірге дейін еліміздің 14 облысының тұрғындарымен жүздесіп үлгердік. Әрбір өңірдің климаттық жағдайына байланысты ауру түрлері түрліше екенін аңғардық. Алғашқы аялдамамыз — Алматы облысында тұрғындар жүрек-қан тамырлары ауруларымен бізге жүгінді. Ал Павлодар облысында азаматтарды өтке тас толу, асқазан мазалайды екен. Міне, енді Белкөл станциясында екінші күн жергілікті тұрғындарды қабылдап жатырмыз», — деді ол әңгімесін толықтырып.

Тұрғындар арасында кейбірінің диагнозы бойынша қосымша емдеу шаралары үшін оларды ауруханаға жатқызу жағдайы тіркелді. Ол медициналық пойыздағы дәрігерлердің ұсынысымен Денсаулық сақтау министрлігі арқылы шешілген.
Белкөл тұрғындарының медициналық пойыз қызметіне жүгінуіне байланысты белсенділігін байқадық.
Таңғы уақыттан бастап жиналып, кезекке тұрған азаматтардың қатары біраз екенін көруге болады. Өзін Азамат деп таныстырған тұрғынның бірін әңгімеге тартқан едік.

«Кейінгі жылдарда игілікті іс шара тұрақты ұйымдастырылып келеді. Расында, біздің кейде дәрігерге барып, қаралуға уақытымыз бола бермейді. Білікті дәрігерлер еліміздің барлық аймағын аралап, ендігі кезекте Белкөл кентіне келіп аялдады. Мемлекет жасалған осындай қамқорлықты пайдаланып, медициналық тексеруден өткенді дұрыс санадым», — деді ол бізбен әңгімесінде.
Ал Майра Сәрсенбекқызы өзін қан қысымы ауруы мазалағанын айтады. Оған қатысты дәрігерлер нақты диагноз қойып, ақыл-кеңесін берген. Осыған байланысты ол кісі медицина мамандарына ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап медициналық пойызға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен кәсіби медиаторлар мен заңгерлер қосылды. Олар тұрғындарға құқықтық кеңес беру қызметін атқарады.

Белкөл жұртшылығы арасынан кәсіби мамандардың қызметін пайдаланған азаматтар бар.
Оларға ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері ретінде заңгер Жанна Бекмұханбетова мен медиатор Жанар Молдабекова қызмет көрсетті.

«Бір аптадан астам уақыттан бері қызылордалық тұрғындармен жүздесіп келеміз. Көпшілік тарапынан алимент, сақтандыру, несие алу, мұрагерлік мәселеге байланысты сауалдар қойылды. Оған қатысты тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ, кейбір азаматтар өзі тұратын елді мекенде медициналық қызмет көрсетуге байланысты жағдайдың жақсаруына байланысты ұсыныс-пікірін айтты. Бізге түскен барлық сауал мен өтініш тиісті орындарға жеткізіледі. Ол алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттеміз», — деді олар бізбен әңгімесінде.

Енді медициналық пойыз Шиелі ауданындағы Тартоғай (26-27 қазан), Бәйгеқұм (27-29 қазан), Ақмая (29-31 қазан), Жаңақорған ауданындағы Екпінді (31 қазан-2 қараша) және Аққұм (2-3 қараша) стансалары мен разьездерінде халыққа қызмет көрсетеді.
Қызылорда облысынан кейін медпойыз тағы екі өңір — Түркістан мен Жамбыл облыстарына аттанады. 
26 қазан 2023 ж. 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930