Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл 29 микроқаржы ұйымы мен 14 коллекторлық агенттік жабылған

Биыл 29 микроқаржы ұйымы мен 14 коллекторлық агенттік жабылған


Фото: Telegram/Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Агенттік төрағасы:
  • Қаржы нарығындағы жағдай, экономиканың нақты секторына берілетін несие көлемін кеңейтуге және халықтың тым көп несие алуын төмендетуге бағытталған шаралар туралы баяндады;
  • Банк акционерлерінің жауапкершілігін қатаңдату үшін төлем қабілеті төмен банктердің жұмысын реттеуге және мемлекеттік қолдауды шектеуге қатысты заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты;
  • Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдауды толық өтемейінше, банк басшыларына дивидендтер мен бонустар төлеуге заң жүзінде тыйым салатын өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол мына нәтижелерді баяндады:
  • Жыл басынан бері банктердің активтері 4,8 пайыз, яғни 46,7 трлн теңгеге дейін өскен;
  • Экономиканы несиелеу 11,5 пайыз немесе 25,4 трлн теңгеге дейін, соның ішінде шағын және орта бизнеске берілген несиелер 9,0 пайызға немесе 6,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған;
  • Банктердің капиталына, өтімділігі мен кепіл саясатына, сондай-ақ шетелдік еншілес банктердің несиелік белсенділігін арттыруға қатысты жаңа пруденциалды шаралар әзірленген;
  • Шетелдік инвесторлар еліміздің банк секторына кіруі үшін талаптарды оңтайландыру жоспарланып отыр;
  • Цифрлық платформалар арқылы стресті активтерді сату, халықтың тым көп несие алуын төмендету, барлық микронесие бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеу, коллекторлық қызметке қойылатын талаптарды қатаңдату, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобаларын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізген;
  • Қадағалау қызметі аясында жүргізілген тексерулерден кейін 29 микроқаржы ұйымының және 14 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылған. Оларға 90 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 105,3 млн теңге болатын 338 айыппұл салынған.
Кездесу соңында президент агенттікке қаржы тұрақтылығын сақтау, халықтың тым көп несие алуын төмендету және қаржылық қызмет тұтынушыларын қорғауды күшейту, бизнес субъектілерін несиелеу ісін ынталандыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
24 қазан 2023 ж. 224 0