Грекия парламентіне көмектескен компания Қазақстанға шақырылды
фото: parlam.kz
Бүгін Сенатта «Парламент жұмысындағы цифрландыру» тақырыбында семинар өтіп жатыр. Оған қос палатаның депутаттары мен аппарат қызметкерлері, Президент іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
Жиында сенатор Жақып Асанов Қазақстанда цифрландыру өте жоғары деңгейде жүріп жатқанын, алайда Парламент бұл салада артта қалғанын атап өтті.
«Шүкір, жетістіктер баршылық. Әлемдік Digital IQ рейтингінде Қазақстан 20-орында тұр. Көптеген сала бойынша мемлекеттік органдар жақсы дамып келеді. Осы ретте Парламентке келсек, біз сол көштен біраз қалып қойған жағдайымыз бар.
Егемендік жылдарында 3 мыңнан аса заң, заңдарға тәуелді ондаған мың актіні қабылдаппыз. Осындай үлкен заңнамалық база болған соң онда кемшіліктер де, қарама-қайшылықтар да бар, қайталау да аз емес. Соның бәрі қоғамға, адамдарға тіпті заң шығарушыларға да қиындық туғызып отыр. Осыны тәртіпке келтіру керек», - деді депутат.
Сондықтан Сенаттың жобалық офисі мен Парламентаризм институты мәселеге назар аударған.
Біз Парламенттің қызметіне жасанды интеллектіні қалай енгіземіз деп уәкілетті органдармен бірнеше талқылау өткіздік. Дүниежүзіндегі озық тәжірибені іздедік. Сөйтсек, жасанды интелектіні пайдалану жағынан әлемде ең озық заң шығарушы орган Грекия парламенті болып шықты. Біз Грекия парламентіне көмектескен компанияны тауып, оның білікті мамандарын Қазақстанға шақырдық, - деді Жақып Асанов.
Іс-шара барысында жасанды инллект аясында жаңа технологияларды қолдануға маманданған және еуропалық парламенттерді цифрландырудағы жетекші ұйым болып саналатын Hellenic OCR Team компаниясының сарапшылары Фотис Фитсилис, Сотирис Левентис, Джордж Микрос сөз сөйледі. Аталған ұйым ашық парлементтік деректерді ілгерілету мен зерттеу, парламенттік және үкіметтік жүйелер электронды құралдар мен қызметтерді әзірлейді.