Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әзербайжан президенті Қарабақтағы жеңіске байланысты үндеу жолдады

Әзербайжан президенті Қарабақтағы жеңіске байланысты үндеу жолдады


Фото: gazeta.ru

Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Қарабақ экономикалық өңірінде сепаратистермен болған екі күндік қарулы қақтығыстың аяқталуына байланысты халыққа үндеу жолдады.

Әзербайжан басшысы 1991 жылы әлем қауымдастығы мойындаған территориялық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтіргенін мәлімдеді.

Sputnik Азербайджан агенттігінің хабарлауынша, Әлиев үндеуде Армения Республикасы өз әскерін Әзербайжанның территориясына заңсыз орналастырғанын, антитеррорлық операцияның нәтижесінде Армения армиясының едәуір бөлігі толығымен жойылғанын айтты.

Екінші Қарабақ соғысы аяқталғаннан бері 300-ден аса Әзербайжан азаматы мина террорының құрбаны болды. Кешегі теракт осы санаттағы оқиға болды, – деді Әлиев.

Сонымен бірге ол екінші Қарабақ соғысынан кейін Армения «Лачин» шекара бекетін пайдаланып, Қарабаққа дәліз арқылы миналар әкеліп, көп жерге жасырып кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын Әзербайжанның қарулы күштері миналарды тауып, Ресейдің бітімгерлер күштері мен Түркия мен Ресейдің бірлескен мониторинг орталығына дәлел ретінде көрсеткен. Миналарды жою талап етілген. Бұл миналар Арменияда 2021 жылы шығарылған болып шықты. Олар әдейі Армениядан Әзербайжанда террор жасап, елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында Қарабаққа жеткізілген.

Осы ретте Әлиев Қарабақтағы антитеррористік операцияға жан-жақты тоқталып, оның аз уақытта нәтижелі аяқталғанын атап өтті.

Операция басталар алдында мен барлық әскерилерге Қарабақ аймағында тұратын армян халқының соққыға ұшырамауын және бейбіт тұрғындарды қорғау керек екенін айтып, тағы бір рет нақты тапсырдым. Азаматтық инфрақұрылымға ешқандай шабуыл жасамау, тек әскери инфрақұрылымды жою туралы тапсырма берілді, – деді ол.

Оның айтуынша, әскерилер жоғары қолбасшының тапсырмасын орындап, армян сепаратистерінің қару-жарақ пен техникасының басым бөлігін істен шығарған.

Әзербайжан аумағында армян армиясына тиесілі жүзден аса танк, бронетранспортерлер мен радиоэлектронды күрес құралдары орналастырылды. Екі жүзден аса зеңбірек-артиллериялық қондырғылар, ең жаңа зениттік қондырғылар болды. 2020 жылғы 10 қарашадағы үшжақты мәлімдемеге қарамастан, Армения 3 жылдан бері қарулы күштерін, адам күші мен техникасын Әзербайжаннан шығармаған, – деді мемлекет басшысы.

Сөз соңында Әзербайжан басшысы елдің территориялық тұтастығын қалпына келтіру жолында құрбан болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.

Өкінішке қарай, антитеррорлық операция кезінде еліміздің тұтастығын сақтау жолында қаза тапқан шейіттер бар.  Алла оларды панасына алсын! Олар әрқашан біздің жүрегімізде болады. Жараланған офицерлер мен сарбаздар да болды, – деді Әлиев.

Еске сала кетсек, кеше Әзербайжанның Қарабақ экономикалық өңірінде армян сепаратистері қару-жарақтарын тастап, жеңілгенін мойындап, заңсыз әскери құрылымдарын тарататынын мәлімдеді. Сөйтіп, екі күнге созылған қарулы қақтығыста армян сепаратистері капитуляция жасады.

Бүгін Евлах қаласында Әзербайжан билігі мен Қарабақта тұратын армян сепаратистерінің арасында келіссөз болады.
21 қыркүйек 2023 ж. 203 0