Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүл ұстасаң, қолыңда гүлдің иісі қалады

Гүл ұстасаң, қолыңда гүлдің иісі қалады

Айнала дүниедегі һәм барша жаратылыстағы жанды атаулыға туған жері, өсіп-өнген ортасынан артық қасиетті жер болмаса керек-ті. Жаратылыс тарихына зер салып қарасақ, аң-құс, жабайы жануарлардың өзі табиғи аймағы үшін жанын беруге әзір. Адамзат та солай. Отан үшін отқа түсіп, шейіт кеткен қаншама боздақтар атамекенінің топырағына жасанып келген жау табаны баспасын деп жанын қиып жатады. Мынау тіршілік атаулыдағы ең қастерлі құндылық, яғни жанды атаулыға бір-ақ берілетін өмірдің өзін туған топырақ үшін қиып жіберуге болатын болса, сол топырақты, сол туған жерді бейбіт заманда неге гүлдендірмеске, неге тал егіп, ағаш өсіріп, көктетіп, безендіріп түрлендірмеске?
Өзіміз, әке-шешеміз, бала-шағамыз, дос-жарандарымыз, жақын-жуығымыз күнделікті жүріп өтетін, аяғымызбен басып өтетін, кеудемізді кере ауасын жұтып өтетін көшемізді, айналамызды неге абаттандырмасқа?
Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы қызметке тағайындалған күннен бастап осы істі қолға алды. Тазалыққа талапты күшейтті. Көркейту-көгалдандыруға баса ден қойды. Кент ішіндегі бірнеше аумаққа ағаш егіліп, тамшылатып суғару тәсілін алғаш қолданды. Бұл әрекет өзін-өзі ақтап отыр. Аяқ су баруы қиын аумақтар дәл осы тәсіл арқылы абаттанып жатыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жариялаған аймақтық жарыста Шиелі кенті екінші орын тұғырына көтерілді.
Одан беріде дәл осы тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары бір сәт толастаған емес. Ақпараттық-насихаттық жұмыстар, түсіндірме шаралары, семинарлар ұйымдастырылуда. Қыркүйектің бірінші аптасының алғашқы жұмыс күнінде дәл осы мақсатта Иіркөл ауылдық округіндегі ­Ыбырай Жақаев атындағы музейде аудандық семинар ұйымдастырылды. Оған Шиелі кентіндегі мекеме, бөлім басшылары, мектеп, балабақша меңгерушілері арнайы шақырылды. Мақсаты аталған музей ғимараты айналасындағы абаттандырылған, гүл отырғызылған, жайнаған-жайқалған жұмысты жиналғандарға көрсету, үлгі ету. Иә, музей директоры Құттықыз Ыханова мекеме ғимараты айналасының сәні мен салтанатын келістіріп, түрлі гүлдер, жеміс ағаштарын отырғызып, келген адамның көз жауын аларлықтай абаттандырған. Бұл жерде гүлдің неше түрлі сорты отырғызылған. Айналасындағы ағаштар эстетикалық талғамда қырқылған. Оларға әр беріп тұратын түрлі түнгі жарық шамдары да талғаммен орналастырылған.
Семинарда аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы:
– Бәріміз осы ауылдың, елдің азаматымыз. Туған жерді түлету, көркейту кімге де болса басты парыз емес пе? Шиеліде екі-үш мекеме өз ауласын осылай абаттандырып, гүлдендіріп отыр. Басқа көптеген мекеме ғимараттары әлі де болса бұл үрдісті жалғап, қолдап әкетіп жатқан жоқ. Кей мекемелер ең болмағанда шарбағын әрлеп-сырлап отыруды білмейді. Жан-жағындағы жантағы, шөптері де шабылмай тұрады. Семинарға келген мекеме басшыларының көбісі әйел кісілер екен.
Сіздер енді өз мекеме ғимараттарыңыздың айналасын әдемілеп қоюларыңыз керек. Маған тікелей ұсыныспен шығыңыздар, керекті құрал жабдықтарыңызды сұраңыздар, көркейту-көгалдандыру мақсатында болса, біз оған қолдау білдіруге әзірміз, – деді.
Шара барысында музей айналасын абаттандыу, гүлдендіру жұмысы жүктеліп, онысын орасан зор абыроймен еңсеріп отырған мекеме қызметкері һәм бағбаншы Базарқұлов Алмат Алдабергенұлына аудан әкімдігінің «Құрмет грамотасын» табыс етіп, алғысын білдірді. Сонымен қатар Алмат Алдабергенұлына өзі қалаған санаториге жодама берілетіндігін айтты.
Аудан әкімі бұдан бөлек осындай семинарлар алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатындығын, мекемелер арасында байқау жүретіндігін, егер келесі жылы барлық мектеп, балабақша, мекеме ғимараттары гүлдендіріліп, абаттандырылып, көркем кейіпке еніп тұрса, жауапты қызметкерлеріне санаториге жолдамалар үйлестірілетіндігін айтты.
Ортаға шығып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы:
– Бұл нәрсе өзі темір жол бойында ертеректе басталған. Барлықтарыңыз білесіздер орыстың сұлу әйелдері сол жерде гүл егіп, гүлдендіріп жататын. Пойызға отырып, сапарға шыққан сайын өзге қала тұрғындарынан «Шиелі керемет, Шиелі вокзалы керемет», – деген сөзді жиі естуші едік. Кейінірек вокзал ол келбетінен айырыла бастады. Сұрқы қашты. Осы соңғы бір-екі жылда қайтадан гүл еге бастапты. Нұржан Сәбитұлының Шиеліні, туған жерді түлету бағытындағы бастамаларын біз қолдауымыз қажет. Мына жерде мектеп директорлары, мекеме басшылары отыр. Шындығында керемет қой, мектептің айналасы жайнап тұрса. Оқушылардың көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Сабақты 5-ке оқығысы келуі мүмкін. Табиғаттың әсері адаммен байланысты. Мынандай әсем жерде адам қалғып-мүлгіп отырмайды. Адам шабыттанады. Адам еңбектенсе, айналасын жайнатып гүл ексе, есік алдына ағаш ексе шындығында жақсы нәрсе. Осыны бәріміз жұмылып қолға алуымыз қажет, – деді.
Ал, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйлә Әбілқасымқызы:
–Марқұм ағамыз Дәулетбек Байдрахманұлы жырлағандай, шындығында біз біркездері Сыр елінің Швейцариясы болғанбыз. Өйткені бізде, Шиеліде басқа ұлттар көп тұрды. Әсіресе немістер бізге гүл егуді үйреткен десем қателеспеспін. Кейінгі жылдары кент ішіндегі мекемелер алдының абаттанып тұрғанын көзіміз шала бермейтін болды. Шыны керек, біз осы тоқырап қалған жоқпыз ба? Музей директоры Құттықыз Ыхановада гүлдердің неше түрлі тұқымы бар. Тұқымдарды сонау Жаңақорғанға, Жалағашқа жіберіп жатады. Соны сіздер неге алмайсыздар? Қайта сіздерге үйрену керек қой. Мынау қалай егіліп жатыр, бұл қалай өсіп жатыр? – деп осы жерге келіп, неге үйренбеске, – деді.
Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Күлімбет Болат Мәлібекұлы:
– Қазақта мынандай бір керемет сөз бар. «Алма ағашынан ары түспейді», – дейді. Ы.Жақаев елді мекенінің көгеріп, көркейуіне атсалысқан Алдаберген деген ағамыз болған. Осы Ы.Жақаев ауылының тумасы. Ауданның үлкен кісілері жақсы біледі. Ауылдағы мектептің, мәдениет үйінің алдын көркейтіп, абаттандырған. Соның баласы ғой мынау Алмат. Мінекей, көргені бар. Әкеден үйренгенін, білгенін халыққа көрсетіп, өз қолымен істеп, мекеме алдын, ауылын көркейтіп отыр. «Әке көрген оқ жонар», – дейді. Бұндай азаматтарды қалай насихаттап, мақтасақ та жарасады, – деді.
«Шиелісушар» ардагерлер кеңесінің төрағасы, айтулы мұрап, белгілі бағбан Әлияр Сейітов:
– Жаңа Нәйла айтып кетті ғой. Расында Шиелі жері – киелі. Өткен тарихымызға қарайтын болсақ біздің аудан кешегі күнге дейін көк ағашпен көмкерілген, көшелері гүл, айналасы жеміс-жидек ағаштарына толы еді. Алмалы деген ауылда 264 гектар алма, 111 гектар жүзім, 20 жылыжай, үш аусымда цех жұмыс істеді. 200 тоннаға дейін алма жиналатын. Күз айында 560 тонна алманы тоңазытқышқа тығып, мамыр айында Шиелінің базарында Майра деген апамыз сатып отыратын. Осы алманы мына жағы Қызылорда, жалпы бүкіл Қазақтанның облыстарына тарататын. Одан бөлек 120 гектар қазіргі Тоғайлы деген жерде үлкен алма бағы болды. Сол жерден 320 тонна алма жиналатын. Алма терімге үлгере алмай, сол жердегі мектеп оқушыларын шақырып, айлық жазып, қосымша бір шелек алма беріп, олар тапқан табысына киім-кешектерін түгендеп алатын. Біз өзі бәріміз патриотпыз дейміз. Туған топырағын гүлдентуді ешкім өзінен бастағысы келмейді. Гүл егудің қиын ештеңесі жоқ. Бұған бірінші махаббат керек. Тастың үстіне гүл өсіруге болады. Мен осы практикадан өтіп жатырмын. Қазақта сөз бар – «Гүл ұстасаң қолыңда гүлдің иісі қалады», – деген. Сондықтан көркейіп-гүлдену үшін бәріміз патриот болайық, – деп барша мекеме басшыларына үндеу тастады.
Семинарда бұдан бөлек аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Насыр Мырзабеков, музей директоры Құттықыз Ыхановалар сөз сөйледі.
Аудан әкімінің ұсынысын қызу қолдауға шақырды.
Мақаланың соңын жасын ғұмыр жас кеткен айтулы ақын Төлеген Айбергеновтың «Аруана-бауыр дүние» атты өлеңімен қорытындылауды жөн көрдік. Аталған өлеңде ақын: – Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп, Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп. Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен, Омырауын шерге толтырып. Апталап, айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын, Қазығын таппай тоқтамайды екен, мәңгілік тіпті түн қатсын. Туған жер төсін аңсаумен өткен, аруана-бауыр дүние, Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың – деген жолдар бар. Иә, Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында 1937 жылы туып, сонда өсіп, ер жетіп, тарихи отаны Қазақ еліне келіп, еңбек етіп, 1967 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросында ұйымдастырушысы қызметін абыроймен атқарып жүрген Төлеген Айбергенұлын да туған жері, Қарақалпақтың құмды даласы әрқашан сағыныш сазына бөлеп, өзіне тартып жүрсе керек. Орда бұзар отызында Қарақалпақстанға қайта барып, туған жерін көріп, талықсып, құлап, мәңгілік сапарға аттанып кете барыпты. Қандай қасиет болсадағы саналы тіршілік иелері үшін туған топырақ, туған жер қымбат. Туған жерге ту тігіп, гүл егейік, түлетейік деген бүгінгі бастама қуантады. Құрметті оқырман, сіз бен біз, туған жердің қасиетін сезініп жүрміз бе?

Нұрболат Сәдуақас,
сурет Бақытжан Бәйімбеттікі
05 қыркүйек 2023 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930