Ғалымжан Пірматов Ұлттық банк төрағасы қызметінен босатылды
Фото: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ баспасөз қызметі
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Олжаұлы Пірматов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы лауазымынан босатылды. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Еске салайық, Ғ.Пірматов бұл қызметке 2022 жылдың ақпан айында тағайындалған болатын.
Ғалымжан Олжаұлы Пірматов 1972 жылы 24 сәуірде дүниеге келген. Новосібір мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген. Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 2017-2021 жылдары «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ басқарма төрағасы болды.