Жаңа оқу ғимараттары ел игілігіне табысталды
Білім күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы екі іргелі мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар пайдалануға берілді.
Бала санының жыл санап артуына байланысты бірнеше білім ошағы қосымша құрылысты қажет етті. Өздеріңіз білетіндей, орталықта жаңа мектеп салу үшін жер телімі табылмайды. Қала сыртына салынған мектепке қатынау ата-анаға да, балаға да айтарлықтай қиындық туғызады. Қосымша ғимарат салудың тағы бір тиімді тұсы – бюджет қаржысы үнемделеді, жаңа мектепке қарағанда арзанға түседі. Ең маңыздысы балалар өздері үйренген, үйіне жақын мектебіне қатынайды. Сондықтан бәріне бірдей оңтайлы шешімге, яғни үш ауысыммен оқитын мектептер ауласына қосымша ғимарат салуға тоқталдық», – деді аймақ басшысы.
]Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына толық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік жабдықтары орнатылған. Облыс орталығындағы 4 мектептің (№№2,3,101,264) 1 850 балаға арналған қосымша ғимараттары жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды.Айта кетейік, Сыр өңірінде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына баса мән берілген. Аймақта 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 100 пайызға, ал 2-6 жастағылардың қамтылуы 88,9 пайызға жетті. Мемлекет пен жекешеменшік әріптестіктің ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Бүгінде облыстағы 613 балабақшаның 453-і немесе 73%-ы жеке сектордың үлесінде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі