Өңір құрылыста үздіктер қатарында
Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023 жылғы қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, республикалық бюджеттің атқарылуы, жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 7 ай ішінде ең жоғары өсім көрсеткен салалар – құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс. Оның ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша Қызылорда облысында қарқын жоғары.
– Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2 пайызға ұлғайды. 17 өңірде өсім тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының өсімі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды, – деді министр.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді. Аймақ басшысы жаңа оқу жылына дайындық мәселесіне тоқталды.
– Біз барлық шараларды қабылдап, жаңа оқу жылына ұйымдастыру-дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз керек. Бұл тек білім басқармасының ғана жұмысы емес. Қала, аудан әкімдері де жұмысқа жұмылуы керек. Оқу процесі еш кедергісіз басталуы тиіс! Білім беру ұйымдары қажетті құрылғылармен, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі міндетті. Көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына барлық қолдау шараларын жүзеге асырыңыздар. «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық акциясына жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, ұйымдастыру керек. Акцияның мақсаты – балаларды тек оқу құралдарымен қамтамасыз ету емес, сабаққа бармай қалған балаларды анықтау. Оларға нақты көмек көрсетілуі тиіс, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімінің аппараты қаладағы бірқатар мектептердің дайындығына инспекторлық бақылау жүргізгенде, бірқатарында әлі де жұмыс толығымен аяқталмағанын анықтаған. Сондықтан қала және аудан әкімдері барлық мектептерге осылай бақылау жүргізіп, дайындығын жеке қадағалауға алуы керек. Сонымен қатар мектептер жылу беру маусымына толық дайын болуы қажет. Облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдері жоспарланған қаражатты толық, сапалы және уақытылы игеру үшін тауар жеткізушілермен, мердігерлермен тиісті жұмыстарды барынша пысықтағаны абзал.
Жиын қорытындысында жауапты басшыларға осы мәселелер бойынша тапсырма жүктелді.