Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеделхат жолдады

Жеделхат жолдады



Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президенті Ариф Алвиге елдің солтүстік-батысында болған лаңкестік шабуыл салдарынан көптеген азаматтың қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өз атынан жақындарынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Басқарма төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың І жартыжылдығындағы «Бәйтерек» холдингі қызметінің нәтижелері, соның ішінде кәсіпкерлерді, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалардың іске асырылу барысы туралы баяндалды.

Президентке ұсынылған мәлімет бойынша ірі бизнесті қаржыландыру көлемі 114,4 млрд теңге. Холдинг «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді қолдайды. Қор 15 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетті.

Жыл басынан бері «Отбасы Банк» 29 мың отбасының баспаналы болуына көмектескен. Банк баспананы жалға беруді субсидиялау бағдарламасына да белсенді қатысып келеді. Бағдарлама аясында І және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бірінші жартыжылдықта аталған бағыт бойынша 9 мыңнан астам өтінім мақұлданды.

Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жыл басынан бері 271 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 мыңға жуық фермерге қолдау көрсетілгені туралы хабарланды. Биыл 3,5 млн гектар жерге егін егілді. Бұл – еліміздегі барлық егіс алқабының 15 пайызы. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және импортқа тәуелділікті төмендету үшін ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды несиелендіруге 131 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Аграрлық секторды қаржыландыру көлемінің 70 пайыздан астамы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға тиесілі.

Кездесу соңында Президент бизнестің ахуалын жақсартуға және әлеуметтік тұрғын үй саясатын жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Жартыжылдықтың есебі берілді

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады.

Президентке биылғы бірінші жартыжылдықтағы бәсекелестік жағдайы және негізгі тауар нарықтарындағы бәсекелестікке кедергі келтіретін тосқауылдар жөнінде есеп берілді.

Мемлекет басшысына монополияға қарсы тергеу амалдарының аралық нәтижелері, экономиканы монополиядан арылту және бәсекелестікті дамыту үшін қабылданған шаралар, сондай-ақ монополияға қарсы органның рөлін күшейту мәселесі туралы баяндалды. Жыл басынан бері монополияға қарсы заңнаманы бұзу деректері бойынша 48 істі тергеу аяқталды. Сондай-ақ 33 іс тергеліп жатыр. Бұл ретте жосықсыз нарық субъектілеріне 3,5 миллиард теңгеден астам айыппұл санкциясы салынды. Соттың қарауында 40-тан астам монополияға қарсы іс бар.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының негізгі салаларын монополиядан арылту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру ісін жалғастыруды және бәсекелестікті дамыту бойынша қосымша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

akorda.kz
01 тамыз 2023 ж. 187 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930