Әрбір жоба халық игілігі үшін
Биыл Қызылорда облысында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мәселен, жол картасының экономиканы дамыту бағыты бойынша жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау үшін 198 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға 722 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Бұл туралы облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев айтты.
– Сайлауалды бағдарламамыздағы жол карта іс-шаралары қарқынды іске асырылуда. Айталық, қазір ауыл шаруашылығында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, су үнемдеу технологиясын қолдануды ұлғайту, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында мемлекет меншігіне жерлерді қайтару, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту жайы да біршама жүйелінді. Мәселен, елді мекендерді газдандыру бойынша 25 жоба іске асырылуда. Оның ішінде қала маңындағы Абай, Досан елді мекенін газдандыру жұмыстары да бар. Бүгінде 3 елді мекеннің, яғни, Ақсуат ауылдық округінің Махамбет және Жаңақорған ауданының Ақүйік ауылдық округіндегі Бірлік және Қыраш ауылдық округіндегі Қызылмақташы елді мекендері газдандырылды. Жалпы өңірде 219,7 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 13 мыңға жуық тұрғын көгілдір отын игілігін көруде, – деді А.Сақыпұлы.
– Қазір аймақта 6 апаттық мектеп және Қызылорда қаласында үш ауысымда оқытатын 6 мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен апаттық мектептердің төртеуінің мәселесі шешім табады. Қалған 2 мектеп бойынша, атап айтқанда Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты мектептің құрылысы жеке демеуші есебінен жүргізілуде. Нысан биыл пайдалануға беріледі. Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаржыландыруға ұсынылып, қолдау тапты. Нәтижесінде апаттық мектептердің мәселесі 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарлануда, – деді депутаттық фракция жетекшісі.
Ақтілек БІТІМБАЙ