Chery кроссоверлері көп қазақстандық үшін қолжетімді бола бастады
фото: CHERY
Жаңа рестайлинг-модельмен шығып жатқан Chery Tiggo 2 кроссоверлері қазақстандықтар үшін қолжетімді бола бастады. Жаңа модельдегі автокөлік құны 7 млн теңгеден басталады.
25 шілдеде Chery Kazakhstan ресми дистрибьюторы Chery Tiggo 2 кроссоверлерінің сатылымға шыққанын хабарлады. Компания өкілдері жаңа модельдегі кроссовердің артықшылықтары туралы айтты: нарықта сатылымға шыққан жаңа автокөлік заманауи дизайнынан бөлек, өте үнемді, жүргізуші мен жолаушы үшін қолайлы әрі қауіпсіз.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа модельдегі Chery Tiggo 2 кроссовері қала ішінде де, республикалық жолдарда да жүруге өте ыңғайлы.
Одан бөлек, кроссовер әр жердің климатына тез бейімделетінімен ерекше: көліктің алдыңғы орындықтары суықта жылытылады, орталықтандырылған құлыптау, көліктің артын бақылайтын камера, тұрақ сенсорлары және т.б. құрылғылармен жабдықталған.
Сондай-ақ жаңа кроссоверден 4 динамикалық аудиожүйені, Apple CarPlay және Qdlink-ке қосылған мультимедиа жүйесін байқауға болады.
Жаңа кроссоверді Trade in бағдарламасы арқылы 7 млн теңгеге сатып алуға болады. Автокөліктің максималды құны – 7, 69 млн теңге.
Chery Kazakhstan ресми дистрибьюторының директоры Нұрлан Шамгоновтың айтуынша, жаңа модельдегі кроссовер қазақстандықтардың көбі үшін өте тиімді таңдау болмақ.
«Статистика көрсеткендей, қазақстандықтарға көбіне 8 PRO және 7 PRO сияқты үлкен көліктер ұнайды. Бірақ нарықта сатып алушылардың таңдауы жәймендеп өзгеріп жатыр. Қазір жастарға заманауи, стилі ерекше, ыңғайлы, үнемді, оған қоса бағасы қолжетімді көліктер ұнайды. Сол себепті біз нарыққа жаңа модельдегі кроссоверді шығарып отырмыз. Бұл автокөліктің техникалық тұрғыдағы сапасы көпшіліктің көңілінен шығады деп сенемін», - деді Нұрлан Шамгонов автокөлік таныстырылымында.
«Астана Моторс» ҚМК бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Ақылбек Анарбаевтың айтуынша, жаңа модельдегі кроссовер болашақта Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жаңа зауытында құрастылады. Бұл зауыттың аумағы 300 мың шаршы метрді құрайды және жылына 90 мың автомобиль құрастыруға шамасы жетеді деп жоспарланып отыр. Қазір зауыт салынып жатыр және 2025 жылы пайдалануға беріледі.
«Зауыт құрылысы қазір екі ауысыммен қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс 2022 жылы басталды және оның аумағы 300 мың шаршы метрді құрайды. Зауыттың өндірістік цехының аумағы 150 мың шаршы метр болмақ. Онда Мерседес, Фольксваген сияқты алпауыт автокомпаниялардың құрылғылары болады. Зауытта жылына 90 мың автомобиль құрастырады және 2600 адамды жұмыспен қамтиды», - деді Ақылбек Анарбаев.
CHERY ресми дистрибьюторы – First Motor Group компаниясы Қазақстан нарығында 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Компанияның дилерлік орталықтарында TIGGO автокөлігінің барлық түрі бар.