Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұялы байланыстан да «ұят» кетті

Ұялы байланыстан да «ұят» кетті



Айта беретін қымбатшылық соңғы күндері ұялы байланыс қызметінің де тізгінін түртпектеп тұр. Онсыз да жыл басынан бері айтарлықтай өскен тариф бағасына амалсыз қосымша ақша төлеуге мәжбүр болған халық тағы бір қымбатшылықпен бетпе-бет келмек.

Қараңызшы, қазір еңбектеген баладан бастап, қарияға дейін телефон ұстайды, яғни, ұялы байланыс операторларының тұтынушылары ай емес, күн санап артуда. Оның дәлелі – ұялы байланыс абоненттерінің саны халықтан 10 миллионға артық. Демек, бір адамда 2-3 телефон не сим-картадан бар. Сұраныс өршіп тұрғанда бұл саланы иемденіп отырған операторлар ойына келгенін істейтін тәрізді дегенді де айтуда жұрт.

Қалай десек те, тамыз айының бірінен бастап ұялы операторлар тарифтерін жаппай көтермек. Олар сол арқылы өз клиенттерінен 4 миллиард теңге өндіруі мүмкін. Бірінші болып тарифтердің өзгерісі туралы Beeline өзінің ресми сайтында мәлімдеме жасады.

Тамыздан бастап тариф қымбаттайды
«2023 жылдың 15 тамызында тарифтерде видео, әлеуметтік желі және мессенджерлері бар науқан аяқталады, сондай-ақ, күнделікті пакет құны өзгереді.

Осы күннен бастап «Жарқын 4990» және «Жарқын 5990» тарифтерінде YouTube, Instagram, Facebook, TikTok, WhatsApp және басқа танымал желілер мен мессенджерлерге шексіз кіру мүмкіндігі алып тасталады. «Жарқын 3990» тарифінде осы ресурстарға беріліп келген 25 ГБ пакеті де тоқтатылады. Гигабайттар тариф жоспары бойынша негізгі пакеттен шығындалады. Сондай-ақ, күнделікті пакетке абоненттік төлем де өзгереді. Енді ол тәулігіне 290 теңге тұрады» делінген хабарда.

Бұл ретте, өзгеріс Астананы ғана емес, еліміздің барлық аумағын қамтитын сияқты. Мұнан соң «Activ» пайдаланушылары «суыт» хабар алды. Онда 8 тамыздан бастап тарифтің кезекті рет қымбаттайтыны айтылған.

«Құрметті клиент, 2023 жылғы 1 тамыздан бастап, Сіздің тарифіңіз бойынша абоненттік төлем өзгереді және 30 күнге 2790 теңгені құрайды. Тариф «Реактив 2790 архивный» деп аталатын болады. Сізге Яндекс Плюс тегін қолжетімді болады және Kaznet лимитсіз болады» делінген оператордың ескертпесінде. Қазіргі кезде бұл тариф 2590 теңгені құрайды.

Біздің мысалға алғанымыз – ең арзаны. Kcell-дің тарифтері де «ұшып» тұр. Мәселен, «ТОП M» тарифіне қосылсаңыз, алғашқы екі айда 30 күнге 2770 теңгеден болады, әрі қарай 30 күндік тарифі 3690 теңгеге дейін өсіп шыға келеді.
Осыған ұқсас үндеу Tele2 ұялы байланыс операторы ресми сайтында да жарияланды. Олар тарифтік жоспарлар бойынша бағаны көтеруге бірнеше фактор әсер етіп отырғанын алға тартыпты.

«Құрметті абоненттер! Бірқатар факторға, соның ішінде экономикалық жағдайға байланысты біз тарифтік жоспарлардың бағасына кішігірім өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен және дамуымен, әлемдік логистикалық тізбектердің құлдырауы, инфляция, электр энергиясының қымбаттауы, жаңа технологияны енгізу үшін жоғары жиілік құны және компаниямыз үшін сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайларға байланысты. Сондықтан біз қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және сізге одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін тарифтеріміздің бағасын қайта қарауды шештік» делінген хабарламада.
Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-да 1 тамыздан бастап мұрағаттық тарифтер желісінің кейбір тарифтік жоспарлары бойынша баға көтерілетінін атап өткен.

Шығынды тұтынушылардан өндірмек пе?
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі жағдай осындай. Ал салада үстемдік құрған алпауыттарға ешкім тосқауыл қоя алмай отыр. Бір жайтты айта кету керек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі былтыр және биыл байланыс қызметтерінің сапасы бойынша ұялы операторларға 1492 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 3 миллиард 44 миллион теңге көлемінде айыппұл салыпты. Алайда операторлар бұл мәселенің қайтарымын күтіп отырған сияқты. Енді операторлар оның бәрін тариф көтеру арқылы тұтынушылардан өндіріп алуы мүмкін.

Ең қиыны, тарифтің қызметі бағасына сай болмай тұр. Бұған қоса, операторлар еш қымсынбай, тұтынушылар арасында сұранысқа ие емес, талап етілмеген қызметтерді мәжбүрлі қосады. Тіпті таңдау да бермейді. Тек ескерткендей болады. Тағы бір айта кететін жайт, тарифтің көтерілуі қызмет сапасының артуына ұласпайды. Керісінше, байланыс және интернет қызметтерінің сапасы төмен. Алысқа ұзамай-ақ Қызылорданың өзін алайықшы, қала орталығының өзінде интернет жылдамдығы әлсіз, шет аймақтардағы жағдай тіптін қиын. Әрі-беріден соң үйге сыммен қосылған Wi-Fi да қажет нәрсеңді әрең көрсетеді. Ауыл-аймақтағы интернет жайлы сөз қозғамай-ақ қоялық. Бұл тұста «Жылдам интернет» жайлы операторлар әңгімесі мен жарнамасын халық та, сарапшылар да жоққа шығарары анық.

Жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы мәселе төңірегінде ой қозғап, тиісті салаға пәрмен берген болатын.
«Тағы бір мәселе – интернет жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарапынан тарифтік жоспарлар үнемі жаңартылып отырады. Ал интернет жылдамдығы мен сапасы ресми мәлімдемеден нашар. Үкіметке осы салада тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нақтылы параметрлердің мәлімделгендерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын» деді Президент.

Бір қызығы, еліміздегі ұялы байланыс операторларының интернет қызметі жылдамдығының тым әлсіздігі, ғаламторға емін-еркін кіру мүмкіндігі жоқтығына қарамастан, операторлардың табыстарының артқаны байқалады. Оның үстіне, жыл сайын жаңа ұялы байланыс пайдаланушыларының саны көбейіп келеді. Айталық, 2022 жылдың соңында елімізде шамамен 25,1 миллион абонент тіркелген.

Жуырда нарықта қордаланған проблемаларды жою үшін әрі аталған салада баға белгілеудің ашықтығы жоқтығын ескеріп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жаңа бастама көтерді. Олар ұялы байланыс қызметтеріне бағаларды мемлекеттік реттеуді енгізуді ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс күшіне енуі үшін Үкімет пен Парламент мақұлдауы керек. Алайда бұл ұсыныс шешім табу-таппауы әзірге белгісіз.

Айтпақшы, алдағы жылдары 5G мүмкіндігі қосылады деген дерек бар. 4G-ді қатыра алмай отырып, оған қалай көшетінімізді қайдам? Күн санап қымбаттаған бағаның түрі болса мынау.

Ақтілек БІТІМБАЙ
20 шілде 2023 ж. 152 0