Төреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі аяқталды
Әнші Төреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі аяқталды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, А. есімді азамат (Төреғали Төрәлінің тегі бойынша – авт.) қамауда ұстау әкімшілік жазасы 17 шілде күні аяқталды.
Әншінің қорғаушысы әлеуметтік желіде оның бостандыққа шыққанын жазды.
«Төреғали ұлдарыңыз бостандыққа шықты. Барша қолдап, қорғаған оқырмандарға мың алғыс! Бәрі жақсы, уайымдағандарыңыз үшін рақмет айтамын!», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді.
Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екені расталды. Сол күні көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкінетінін айтқан.
Пабликтер ресми ақпаратта «А. есімді азамат» деп берілген көлік жүргізушінің Төреғали Төрәлі (Алиханов – ред.) екенін жаппай жазды. Ал Төреғали Төрәлінің қарындасы әлеуметтік желіде ағасы туралы тараған ақпараттың жалған екенін жазды. Кейін Төреғали Төрәлінің изолятордағы 20 күндік жазасына тағы үш күн қосылды.
3 шілде күні әлеуметтік желіде әншінің көлік жүргізгені туралы ақпарат тарады. Дәл сол күні әнші Төреғали Төрәлінің қамаудағы мерзімі тағы 15 күнге созылғаны белгілі болды.