Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шілденің сыйы

Шілденің сыйы



Шілде шыққалы бері күннің ыстығы 40 градустан төмен түскісі келмей, төске өрлеп бара жатыр.

Биылғы болжамшылар айдың алғашқы он күні ыстық, дәлірек айтқанда, Қызылорда облысында 40 градустан жоғары деп белгілеп қойған. Сол айтқандары дөп түсті. Ал айдың екінші жартысы күн аптабы басылады. Тек өзге өңірлердегідей жауын-шашын молшылығы болмайды. Оған дейін төзімділігімізді сынайтын кезең өтеді.

Біз расында да төзімділік жағынан әлемде бірінші орын алатын халықпыз-ау. «Шілде» сөзі араб тілінен аударғанда «қырық» деген мағына береді-міс. Бұрын қазақтардың мұсылмандық ұғымында «шілдеге түсу» деген болған. Медресе бітіріп, шатырхат алған үздік шәкірттер – дәруіш, сопы, ақындар жер астына түсіп, қырық күн бойы ешкімді көрмей, сөйлемей, тек Алламен ғана үнсіз тілдескен. Мұны қазіргіше медитация деуге болады. Соған төзген қазақпыз. Түркістан маңында, Қарнақ елді мекенінде сол ескі медресенің орнындағы қылует әлі күнге бар дейді, көргендер.

 Әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып, қалыптасып кеткен шілдені қазақ «ұлы шілде», «кіші шілде» деп екіге бөледі. Есепшілерінің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Халық астрономиясында «қырық күн шілде» дейтіні сол.

Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болса, қысқы шілде 25 желтоқсан мен 5 ақпан аралығын құрайды.

Бұл табиғат құбылыстары Үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақырайып тұру уақытымен пара-пар есептелген. Бірақ шілде сөзі қыстың емес, жаздың екінші айын атауға негіз болған. Қазақтар үшін қыстың ызғарынан гөрі, жаздың ыстығына төзу шыдамдылық сипаты секілді. «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба?» деудің сыры осында.

Негізі шілде – табиғат үшін тамаша ай. Құстардың көбейетін, егістің балбырап пісетін шағы. Аллам Алаштың анасына үйіп-төгіп берген. Дәл осындай ыстық өзге өңірде болмайды, болмаған соң жер мен күнді тел еметін тәтті жеміс өсіре алмайды. Ал Сырда өсетін мұндай жемістің – қауын, қарбыз, шие, өрік, қияр, қызанақ (тізімді толтыра беріңіз) адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін, тіпті оның қырық ауруға шипа беретінін білімді дәрігерлер айтсын. Ыстық ауа – жел-құздың да емі.

Ауа райының 40 градустан жоғары деңгейі адам ағзасына ыстық су ішкендей әсер береді екен.

Шығыс ілімі бойынша, мәңгілік жастықтың құпиясы нақ ыстық суда сақталған. Бұл – қайнап басылған су емес, дәл 40-45 градус температурадағы су. Тибет дәрігерлері ашқарынға ішілген бір кесе ыстық су адамның өмір жасын ұзартады деп тұжырым жасаған. Оның себебін ыстық су түн ішінде жиналған асқазандағы зиянды микробтарды өлтіреді деп түсіндірген. Сондай-ақ, бұл бас сақинасынан, қан қысымының жоғарылауынан, қаназдықтан, семіздіктен, буындардың қабынуынан айықтыратын тәсіл болса керек.

Мұны айтып отырған Тибет медицинасының бүкіл әлемде мойындалғанын бәріміз білеміз. Осыны маңдайға алған қытайлар дәмханаларда тамаққа тапсырыс әкелместен бұрын бір кесе ыстық су ішуге дағдыланыпты. Ал Құдай бізге бұл нығыметті жаз ыстығы мен еуропалықтар сияқты салқын сусын іше бермей, ыстық шайға құмарландыру арқылы өзі беріп тұр.

Ақыры шілде туралы айтып отырған соң Әсет, Есет есімді жігіттердің қаперіне де бір сөз салайын. Жақында Әсет есімді бір інім өз атының мағынасын «бал» сөзінен шыққан деп отыр екен. Шамасы «әсел» сөзімен сәл шатастырса керек.

Шілде байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз айлары бойынша «әсет» деп аталған. Кейде «асад» деп қолданылады. Мәселен, Асадулла деген есімді білеміз. «Асад» сөзі арапша «арыстан» дегенді білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Арыстан шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Өз ішіміздегі Әсет, Есет (тілімізде «ә» мен «е»-нің ауысуы бар, «әп, бәлле», «еп, бәлле» сияқты…) деген кісі аттары осы арабшадағы «асад», яғни, «арыстан» мағынасын береді. Сондықтан әлгі ініме араның ұясындағы бал болмай, даланың қиясындағы арыстан бол дегім келеді.

Мінекей, бірді айтып бірге кеттім, негізі шілде айының ыстығынан қашқанымыз болмаса, оның адам ағзасы үшін пайдасы шашетектен. Құдай өзінің назары түскен Сыр қазағына осылайша ерекше сыйлық жасаған сияқты.

Аптап

Құйылды жерге күннің аптабы,
Жалғанды мынау жат етіп.
Біздің көшенің гүлді бақтары,
Жанып кетердей лап етіп.
Сағындырды ма өмірдің мәні,
Билейтін шақтар тал-қайың.
Тозаққа түсті темірдің тәні,
Талайдың жарған маңдайын.
Уақыт, сен де ұрысың адал,
Баяғылардан баян жоқ.
Қарағаш қасқа, тұрысың обал,
Көлеңкең бар да саяң жоқ.
Көліктер өртін кетті тұтатып,
Алаптың көзін басқандай ақ шел.
Өліп кетті ме, от жұтып жатып,
Сау тамтығы жоқ тасмаңдай тас жол.
Көрерге міне, ұстыны сынық,
Осындай шілде туымы.
Өлеңімнің де ыстығы шығып,
Қысқарып кетті буыны…
Дүйсенбек Аяшұлы
11 шілде 2023 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930