Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өткен жылдың 1-қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы даму стратегиясы мен тұрмысын арттыратын басты басымдылықтарды анықтап берген еді. Солардың қатарында «2022 – Балалар жылында» білім беру жүйесін жетілдіру үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолданысқа енгізу, мектепке дейінгі тәрбие жұмысын күшейту, «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылдау мәселелері тыңнан көтерілген жасампаз идеялар болатын.
Кешегі Құрылтайда Президенттің осы идеялары жарасымды жалғасын тапты, дәлірек айтқанда, нақтыланды деп ойлаймын. Құрылтай төрінде ол «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанда Адал азаматтар құрады…
Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деген орамды ойын ортаға салды. Бұл жерде Әділеттілік пен Адалдық адамның қасиеті, тамырлас ұғым-түсінік деп бағаланып тұрған жоқ, олар бірін-бірі толықтырып тұратын ажырамас қасиет-құдірет, қоғамдағы құндылық ретінде бағаланып тұр. Елдің тірегі болатын қажеттілік деп көрсетіп тұр.
Бұл басқа қырынан қарағанда, жастар тәрбиесінің басты бағдары болуы қажет. Баяндамада төртінші мәселеде «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет» деп атап өтілді. Адалдықтың мәні мен мағынасын аша түсетін Ар мен ұят болса керек-ті. Ақиық ақын Қадыр Мырза-Әлі «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте…» деп тілді ар-ұяттың өлшемі ретінде қарастырады. Ресейдің танымал кинорижессері Г.Вольчик «Ұят – үрей атаулының асылы» дейді. («Совесть – это благородный страх» еркін аударма – Н.М.)
Осы жерде ар мен ұяттың егіз ұғым екені қаншалықты рас болса, соларға табан тірейтін Әділеттік пен Адалдықтың да тамырлас қасиеттер екені талассыз. Әділеттілік жайында көп айтылды, терең талданды. Десек те, хакім Абайдың танымынан бір мысал келтіре кету артық болмас. Ол «Әділетті» сөзін бірде хақтың жолы деп білсе, ендігіде оны ерлік мағынасында қолданады. Хақтың – Құдай екені белгілі, ал ерлік дегені – «әділетті ақыл мойындаған нәрсені қиын да болса мойындау». Бұдан шығатын түйін: бізге бәрінен бұрын хақ жолына түсу маңыздырақ болып тұрғандай.
Академик-философ Ғ.Есім «Адам – Зат» кітабында ниет, күнә, тылсым, тән мен жан, қате мен күдік, ақыл, рух, т.б.с.с. ұғым-түйсіктерге түсініктеме бере отырып, Ар ұғымының мәнін аша түседі. «Ұят та, Ар да – тек адамға қатысты феномендер… Өмірде арсыз адамдар бар. Ол да адам, бірақ ол – надан» деп тұжырымдайды ойшыл. Хакім Абайдың аудармасында Михаил Лермонтов поэзия тілінде:
Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ құдай,–
деп ұғындырады. Мұнда ар – рухани субстанция, яғни, адам ісінің төрешісі. Адал азамат дегеніміздің өзі бірінші кезекте, Шәкәрім қажының Ар іліміндегі Арлы адам. Бұл, әрине, менің таным – түсінігім.
Құрылтайда Президент тарапынан көтерілген үшінші мәселе тарихшы ретінде мені айрықша қызықтырды. Онда «Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет… Сондай-ақ, төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ» делінген. Біз «тарихты тұлғалар жасайды» дегенді жиі айтамыз. Бұл мәтел немесе тұжырым атақты түркітанушы Л.НГумилевтің пассионарлық теориясына сай келеді. Ол бойынша егер пассионарлар дегеніміз – өзін және ортасын, яғни, қоғамды өзгертуге аса қабілетті және белгілі бір аймақта айрықша ықпал иеленген адамдар екенін ескерсек, оларды ерекше дәріптеу де тәрбиелік-танымдық мәнге ие қажеттілік болып шығады.
Ақиқатын айтайық, бұған дейін тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен қызметін сипаттайтын бірнеше энциклопедиялық жинақтар шыққан. Мысалы, 2019 жылы Алматыдағы «Литера-М» баспасынан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Қабулдиновтің редакторлығымен «Ұлы Даланың Ұлы есімдері» атты материалдар жинағы (орыс тілінде-Н.М.) жарық көрген болатын. Жинақта біздің заманымызға дейінгі VІІ-VІ ғасырларда өмір сүрген Анахарсис ғұламадан бастап, Томирис, Күлтегін және Білге қағандардың, әл Фараби, Қорқыт ата, Ж.Баласағұн мен М.Қашқаридың, Бейбарыс пен Тоқтамыс ханның, кейінгі дәуірлеріндегі би-батырлар мен отарлық кезеңде өмір сүрген хан-сұлтандардың есімдері енген. Сондай-ақ, 101 есіммен құралған осы жинақта Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі жөнінде мәліметтер қамтылған. Кеңестік кезеңдегі аяулы есімдер тізімі Ж.Жабаевтан басталып, оған көзі тірілерден тек Н.Назарбаев қана енген, сонымен аяқталған.
Алдағы уақытта бұл тізімдерді қайта қарап, жаңаша түзудің қажеттілігі сөзсіз. Мемлекет басшысы төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың жалпы саны 101 ғана болғанын құптамаса керек. Менің ойымша, өмірі де, өздері де, керек десеңіз, өлімі де кейінгіге үлгі-өнеге боларлық ондай тау тұлғалардың жалпы саны кем дегенде 1000-нан төмен болмауы тиіс. Осы ретте облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай «Сыр елі» энциклопедиясының жаңа жинағы әзірленіп жатқанын атай отырып, энциклопедиямен қатар «Сырдың киелі 100 есімі» жинағын қоса шығару құптарлық іс болар еді.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
тарих ғылымдарының кандидаты,
«Құрмет» орденінің иегері