Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саясат пен соғыс

Саясат пен соғыс



Соғыстар адамдар қауымдастығының бірлесуінен кейін-ақ мемлекетпен бірге қосақталып келе жатқан құбылыстардың қатарынан орын алады. Сұрапыл шайқастар соғыс тарихының ғана емес, әлемдік тарихтың да қатпарлы беттері болып табылады. Бүкіл халықтардың тағдырын шешкен, орасан зор территорияға иелік ету мүмкіндігін берген, кейбір елдердің жүздеген жылдық тарихын айқындаған қантөгістердің болғандығын  тарихтан білеміз. Бұл соғыстар үшін көптеген мемлекеттердің экономикасы, адам күші, саясаты және барлық «ақыл-ойы» жұмыс істеді. Аты жеккөрінішті зұлматтың қандай да бір мақсатты жүзеге асыру үшін жүргізілгені анық. Сөйтіп ол саясат құралына айналды. Жаңа қарулар пайда болып, соғыс тактикалары жетілдірілді, орасан зор ресурстар пайдаланылды. Қарсыласын жеңу үшін олардың адамдарын өлтіру, жерін тартып алу, аяушылық білдірмеу қажет болды.

Соғыс заңы қатал және әр қырлы. Мұнда аяушылық білдіру болмайды. Майданда қарсылас жақтың адамдарын ғана емес, өз елінің азаматтарын да жазалау жиі кездесті. Әскери тәртіп енгізіліп, мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар қажеттілік үшін еріксіз жұмыстарға тартылды. Оған мойынсұнбағандар жазаланды. Соғыстың зардабы  майданда ғана емес, тылда да көрінді. Мыңдаған адам асыраушысыз, қорғансыз қалды, аштықтан және аурудан өлді.

Көптеген шайқастар тарихқа түбірлі өзгерістер әкелсе, бір шайқастарда жаңа соғыс тактикасы енгізілді. Мысалы, орта ғасырдағы Босворт түбіндегі шайқас соғыс өнеріне жаңалық әкелмегенімен Англиядағы ақ роза мен алқызыл роза арасындағы азамат  соғысының аяқталуына алып келді. Косово шайқасы Сербия мен Балқан халықтары үшін маңызды рөл атқарса, 751 жылғы Талас шайқасы Қазақстан мен Орталық Азияның бір бөлігіне қытайлықтар ұстанған діннің емес, ислам дінінің енуіне ықпал етті. Швед королі Густав Адольф соғыс тарихында алғаш рет линиялық тактиканы қолданса, Лепанто маңындағы шайқас ескекті кемелер қатысқан ең ірі шайқас ретінде тарихта қалды.

Сөз орайында соғыс және бейбітшілік мәселесін де айта кетейік. Ол саяси-құқықтық ілім ойшылдарының назарынан да тыс қалмады. Солардың бірі неміс әскери ғылымының теоретигі және тарихшысы Карл Филипп Готфрид Клаузевиц (1780-1831) болды. 130-дан астам соғыстар мен жорықтарды зерттеп, «Соғыс туралы» үш томдық кітап, басқа да көптеген әскери-тарихи еңбектер жазған оның дүниетанымына неміс классикалық философиясы, ал саяси көзқарастарының қалыптасуына XVIII ғасырдың соңындағы Ұлы француз революциясы мен Еуропа халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы ықпал етті.

Клаузевиц халықтар мен мемлекеттер арасында болған соғыстардың әскери және саяси мәнін зерттей келіп, тұңғыш рет соғыстың саяси мәні, соғыс пен саясаттың өзара байланысы туралы қағидаларды тұжырымдап, «Клаузевиц формуласын» жасады. Ол саясат, соғыс және соғыс өнерін өзара байланыста, өзара тәуелділікте және даму тұрғысынан қарастырды. Клаузевицтің  формуласы  бойынша:  «Соғыс  дегеніміз  тек саяси  акт  қана емес,  саясаттың нағыз қаруы, яғни, саясатты басқа құралдармен жалғастыру. Егер онда өзіндік бірдеңе қалатын болса, ол тек оның құралының ерекшелігіне ғана қатысты. Тұтас алғанда соғыс  өнері және қолбасшы әрбір жекелеген жағдайда саясаттың бағыты мен ниеті соғыс құралдарына кереғар келмеуін талап етуге хақылы. Бұл талап тіпті де елеусіз нәрсе емес, бірақ саясаттың ниетіне оның ықпалы қаншалықты күшті болғанымен, бәрібір бұл ықпалды саясаттың түрін өзгертуші деп қана білу керек.

Өйткені, саяси ниет – мақсат, ал соғыс – оны іске асыру құралы. Сондықтан да құралды ешқашан мақсаттан бөліп алуға болмайды».
Соғыстың шығу себептері мен мақсатын және соғыс пен саясаттың өзара байланысын зерттеген Клаузевиц: «Соғыс – ермек емес, ол жай ғана тәуекел мен сәттілік саналатын ойын емес, еркін шабыттың туындысы емес, ол – елеулі мақсатқа жетудің елеулі құралы. Соғыста кездесетін бақыттың бүкіл сан алуан бояулары, нәпсінің бүкіл толқулары, ержүректік, қиял, оның мазмұнына кіретін шабыт – мұның бәрі құрал ретінде тек соғыстың ерекшеліктері», – деп жазды.

Клаузевицтің тұжырымдамасы бойынша адамзат қоғамындағы соғыс – тұтас халықтардың және де өркениетті халықтардың соғысы әрқашан саяси жағдайдан шығады және тек саяси сарындардан туындайды. Осылайша, ол саяси акт болып табылады. Ол сондай-ақ соғыстың ешқашан саяси қатынастан бөлек қаралмайтындығын, тек сол қатынастардың бір бөлігі екенін ерекше атап көрсетті. Клаузевицтің соғыс пен саясаттың өзара байланысы мен мәні туралы қорытынды тұжырымы бойынша: «Соғыс – саясаттың құралы, оған соңғысының сипаты сөзсіз тән болуға тиіс, оны саясаттың өлшемімен өлшеу керек. Сондықтан соғыс жүргізу дегеніміз өзінің басты белгілерінде қаламды семсермен алмастырған, бірақ бұдан өзінің дербес заңдары бойынша ойлауды тоқтатпаған, саясаттың нақ өзі».

Тарихшылар екінші дүниежүзілік соғыстың басталуын Германияның Польшаға басып кіруінен, 1939 жылдың 1 қыркүйегінен бастайды. Алты жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыс, төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы оған дейін тарихта болмаған ірі-ірі шайқастарымен әйгіленді. Атап айтар болсақ, Сталинград түбіндегі шайқас, Курск иініндегі сұрапыл, Днепрден өту, Ленинград қорғанысы, Берлинді алу, Солтүстік Африкадағы Эль-Аламейн шайқасы, одақтастардың Нормандиядағы әлемдік соғыс тарихындағы ең ірі десанттық операциясы, теңіз шайқастарынан Перл-Харбор, Ява аралындағы, Королл айдынындағы, Гуадоканал аралындағы және тағы басқа шайқастарды айтуға болады.

Бұл соғыста әскери қолбасшылар да өздерінің ұйымдастырушылық таланттарымен әйгілі болды. Көптеген елдердің әскери қолбасшылары адамзат тарихындағы ең ірі соғыста өз елдерінің ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен әскери операцияларын дайындады және оларды аса дәлдікпен жүзеге асыра білді. Олардың қатарына И.Баграмян, А.Василевский, Н.Ватутин, Ф.Говоров, Г.Жуков, И.Конев, Р.Малиновский, К.Рокоссовский (Кеңес Одағы), Дж.Коллинз, Д.Макартур, Р.Тернер, Д.Эйзенхауер, О.Брэдли (АҚШ), Б.Монтогомери, У.Теддер, А.Уэйвелл, Б.Фрейзер (Ұлыбритания), Шарль де Голль (Франция), К.Маннергейм (Финляндия) және тағы басқаларды жатқызуға болады.

Әскери таланты мен ақыл-ойын басқыншылық операцияларға жұмсаған Ф.Бок, Д.Дениц, Э.Манштейн, В.Модель, Ф.Паулюс, Э.Роммел (Германия), И.Ямомота, Т.Ямасита (Жапония), Дж. Мессе (Италия) және тағы басқаларсыз аталған елдердің жаулап алу соғыстарын көзге елестету қиын. Өйткені, жаулап алу соғыстары да тарих. Олардың аттары да соғыс тарихында қалды.

Одақтас мемлекеттер басшылары И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилльдің күллі адамзат баласына қауіп төнген сын сағатта өзара келісімге келіп, антигитлерлік одақ құруы және олардың қатысуымен өткен Тетеран, Ялта, Потсдам конференциялары шешімдерінің екінші дүниежүзілік соғыстың басым бағыттарын айқындай алғанын және ортақ жеңіске жеткізе алғандығын  бүкіл  адамзат  баласы  мойындайды.  Батыс  Еуропаны  жаулап  алып,   аяғына таптаған, сол елдердің экономикалық күш-қуатын пайдаланған, бақайшағына дейін қаруланған, соңғы әскери техникамен жарақтанған, жаулап алу ұрыстарының тәжірибесінен өткен, сан жағынан да, әскери техника жағынан да әлдеқайда басым жауды біз қалай жеңдік?

Бұл жеңістің басты себебі, әрине, халқымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, сын сағаттағы отаншылдық қасиеті. Екіншіден, ортақ жауға қарсы күрестегі көп ұлтты КСРО халықтарының ынтымағы мен достығы еді. Бұл соғыста Кеңес Одағын мекендеген барлық халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып КСРО деп аталатын отанын қорғады. Осы соғыста бүкіл халықты бір идеология туының астында біріктіре алған кеңестік насихат та аз рөл атқарған жоқ. Сондай-ақ, сын сәтте бүкіл елде темірдей тәртіп орнатқан, соғыс жоспарлары мен операцияларын жасауда көрегендік танытқан, Батыс елдерімен ынтымақтаса білген Бас қолбасшы И.Сталин мен кеңестік әскери  қолбасшылардың да атқарған рөлі аз емес. Біз оны да мойындай білуіміз керек. Жер  шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан көп ұлтты мемлекетті ел басына қиын-қыстау күн туған аласапыран сәтте бір тудың астына біріктіру әсте де оңайға соққан жоқ. Бұрын Ресейдің отарлық теперішін көрген Кавказ, Орта Азия және Прибалтика халықтарының өз елдерінің амандығы үшін бір сәтте ыдырап кетуі де әбден мүмкін еді. Тарихта ондай  оқиғалар да аз кездеспеген.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласына үлкен қасірет әкелді. Оған 1,7  млрд халқы бар 61 мемлекет (әлем халқының 80 пайызы) қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекеттің жерінде жүріп, 110 млн адам әскер қатарына алынды. 60 млн адам қаза тапты. Әлемдік тарихта «Холокост» деген атпен белгілі болған еврей халқын жою саясаты жүргізілді. Фашистер 6 млн еврейді қырғынға ұшыратты.
Соғыс жылдарында КСРО – 27 млн, Германия – 13,6 млн, Польша – 6 млн, Қытай – 5 млн, Жапония – 2,5 млн, Индонезия – 2 млн, Югославия – 1,7 млн, Филиппин – 1 млн, Франция – 600 мың, Англия – 375 мың, АҚШ – 275 мың, Австрия – 350 мың, Италия – 330 мың, Румыния – 300 мың, Венгрия – 200 мың, Финляндия 84 мың адамынан айырылды.

АҚШ-тың адам және материалдық шығыны негізінен Жапонияға қарсы соғыста болды. Бұл шығындардың қайтарымын АҚШ үкіметі ешқандай ақтауға келмейтін екі атом бомбасымен «өтеді». Мұны Трумэннің Жапониядан кек қайтару саясаты деп қана түсінуге болады.
1945 жылы келген Жеңісте қазақстандықтардың да қосқан үлесі зор. 1 млн 360 мың қазақстандық Кеңес Армиясының қатарында ел қорғауға аттанып, зұлым жаумен шайқасты. 600 мың қазақстандық майдан далаларынан қайтып оралмады. Бұның ішінде 550-600 мың қазақтың 350 мыңы майданда қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, Кеңес халқының 15 пайызы, қазақстандықтардың 11 пайызы (майданға аттанған әрбір қазақстандықтың екіден бірі, қазақтың 70 пайызы) қаза болды. Олардың сүйегінің қай жерде шашылып қалғанын немесе қайда жерленгенін туыстары да білмейді. «Қаза тапқан соңғы орыс солдаты жерленіп, құрметке ие болғаннан кейін ғана соғыс аяқталды деуге болады», – деп А.Суворов айтқандай, әлі күнге дейін соғыста қаза болғандарға лайықты құрмет жасай алмай келеміз.

Сталин «бір адамның өлімі – трагедия, миллиондардың өлімі – статистика» деп айтыпты. Бірақ Кеңес Одағы соғыста құрбан болғандардың санын есептеуде статистикаға да жете алмай қалды. Мыңдаған адамдар ескерусіз қалды, хабар-ошарсыз кетті, сатқындар ретінде жазаланды, статистика өрескел бұрмаланды.

Жеңістің орасан зор құрбандықтар арқылы келуі онда жеңімпаздардың болмайтындығын көрсетті. Ағылшын саясаткері А.Чемберлен: (1869-1940) «Соғыста жеңгендер болмайды, тек жеңілгендер ғана болады» деп айтқандай, аяқталған соғыстың нәтижесін жеңгендер мен жеңілгендер деп қорытындылауға болмайды. Өйткені, соғыс қай жаққа болса да үлкен қасірет. Ол жеңгендер мен жеңілгендер деп бөлініп жатпайды.  Немістің ұлы ойшылы, философ Ф.Ницше: (1844-1900) «Соғыс – жеңімпазды ақымақ етеді, ал жеңіліс кекшіл етеді», – деп тауып айтқан. Соғыс – тілмен шеше алмаған саяси түйінді тіспен  шешудің  тәсілі.  Қалай  десек  те  соғыс  пен  саясатты  бөле-жара  қарауға    болмайды.

Клаузевиц тұжырымдағандай: «Саяси ниет – мақсат, ал соғыс тек құрал, сондықтан құралды ешқашан мақсаттан бөліп қарауға болмайды. Соғыс тіпті де дербес бірдеңе емес, ол саяси қатынастардың бір бөлігі ғана». Екінші дүниежүзілік соғыс та саясаттың соғыс арқылы жүргізілген ең ауыр зорлық актісін іс жүзінде көрсетуі болды.

Қорыта айтқанда, біз Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Тірілерге құрмет көрсетіп, қаза болғандарды  иманы жолдас болсын деп еске аламыз. Ұлы Отан соғысы және Ұлы Жеңіс. Бұл екі сөз бір-бірінен ажырағысыз және бір-бірін толықтыра түседі. Ұлы Жеңіс біздің халқымыздың орасан зор құрбандықтарымен келген қасіретті арифметикасы. Соғыс салған зардап әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Бүтіндей әулеттердің түбіне жеткен, ошағын өшірген, ананы жесір, баланы жетім қалдырған бұл алапаттың зардаптарын жою қашанға дейін  созылады?  Бір нәрсе ғана ақиқат. Олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, Жеңісті жақындата түскен әрбір күні ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Қазіргі күнгі әлемдегі ең басты проблема да ортақ үйіміз – Жер шарын  соғыс өртінен сақтау, бейбітшілік, аймақтық соғыстарға жол бермеу, терроризмге  қарсы күрес және дінаралық, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау. Соғыстың барлық тарихи дәуірлерде қоғамның дамуына кері әсерін тигізгенін ешқашан да ұмытпауға тиіспіз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы, профессор
29 мамыр 2023 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930