Ораза айт – ізгілік мерекесі
Мұсылманның екі мейрамы болса, соның бірі – Ораза айт. Биыл айттың алғашқы күні 21 сәуірге сәйкес келіп отыр. Бұл күні отыз күн ораза ұстаған жандар Рамазан айымен қоштасып, ауыздарын ашады. Туған-туысқандарын аралап, жетім-жесір, мүгедекке көмек көрсетеді.
Мұсылмандар Рамазан айына амандықта-саулықта жеткеніне шүкіршілік айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, дұға етеді. Айттың мән-мағынасына келсек, айт сөзі – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген немесе «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен.
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді.
Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі ерекшеліктері – адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады.
Ораза айт пен Құрбан айтта ауыз бекітуге тыйым салынған. Ал оразаның қазасын айттан кейін келесі жылдың ораза айына дейін өтеуге болады.