ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ СУМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА
Бұл тұралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндады.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау, орта мерзімді кезеңге арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыру мәселелері қаралды.
Ведомство басшысының айтуынша, қалалық елді мекендерді сумен қамту бойынша Қызылорда облысы 100% көрсеткішке қол жеткізген. Үздіктер қатарында Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақтөбе және Алматы облыстары бар. Сонымен қатар Қызылорда облысы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 98,1% көрсеткішпен аймақтар арасында 5-ші орынға тұрақтаған.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді. Аймақ басшысы Үкімет 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойғанын айтып, ауызсу жеткізілмеген ауылдарда тиісті жұмысты тез арада бастауды тапсырды.
«Бүгінгі күні облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 198-і немесе тұрғындардың 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Дегенмен, Арал, Қазалы, Қармақшы және Шиелі аудандарында барлығы 32 ауылдық елді мекенде ішкі су құбыры салынбаған. Бұл ауылдар тасымал арқылы немесе тікелей скважинадан ауызсу пайдалануда. Біз белгіленген уақыт – 2025 жылды күтпеуіміз керек. Ішкі су жүйелерін салу жоспарланған барлық елді мекендердің жобалау құжаттарын биыл аяқтау қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022 – 2024 жылдарға арналған жоспарының Сыр өңірінде іске асырылу барысы. Облыс әкімі аймақтың өнім өңдіру әлеуеті жоғары екенін, егін шаруашылығын әртараптандаруға бетбұрыс жасау қажеттігін атап өтті. Осыған орай, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне көктемгі егін егу кезеңінде майлы, көкөніс, бақша, жем-шөп дақылдарының алқаптарын ұлғайту тапсырылды. Әртараптандыру арқылы азық-түлік түрлері мен өндірісін кеңейтіп, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, қаржылық заем беру керек. Сонымен қатар тиісті басшыларға көкөніс өнімдерін өндіріп, тұрақтандыру қорына өткізу жұмыстарын ұйымдастыру жүктелді.
Мұнан бөлек, облыс диқандары өндірген өнімдерді сақтайтын қоймалардың қуаттылығын ұлғайту үшін оларды әр ауданда қажеттілікке қарай салу керек. Жиында ауыл шаруашылығы кешеніндегі инвестициялық салымдардың көлемін ұлғайту мақсатында азық-түлік өндірісіне инвесторлар тарту шараларын қабылдау міндеттелді. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласындағы ет комбинаты, Жаңақорған мен Қармақшы аудандарындағы құс фабрикасы құрылыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жөнінде тапсырма берілді.