Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір сүру сапасын жақсарту шаралары

Өмір сүру сапасын жақсарту шаралары



Үкіметте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ІЖӨ өсімін 6% деңгейінде қам­тамасыз ету мақсатында экономи­ка сала­ларында өсудің қосымша көз­дері пысықталатынын баяндады. Атап айтқанда, тау-кен өндіру секторын дамытуға, оның ішінде ірі мұнай-газ жобаларын, өңдеу өнеркәсібін, АӨК, ШОБ және қызмет көрсету секторын жандандыруға баса назар аударылады.

Макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін жақсарту мақсатында бюджет тапшылығын азайту, мемлекеттік қарызды тұрақтандыру және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Бюджеттің теңгерімділігі мұнайға қатысты емес түсімдерді ұлғайту есебінен, оның ішінде тиімсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастау есебінен қамтамасыз етіледі.

Инфляцияны төмендету мақсатында Ұлттық банкпен бірлесіп өзектендірілген тиісті Кешенді жоспарды іске асыру жалғасады. Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бас­ты назар аударылады.
Жаңа Салық кодексі шеңберінде қосылған құны жоғары өнім өндіруге инвестициялар тартуға және технологиялық экспортты ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін қайта бағдарлау, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу, қайта өңдеу нысандарын салу, әлеуметтік міндет­те­мелерді орындау есебінен қатты пай­далы қазбаларды өндіру бойынша рента­бель­д­ілігі төмен жаңа жобаларға салық жүк­темесін азайту мәселелері пысықталуда.

Қазіргі кезде электрмен, жылумен, сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің тозуын азайту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатына көшу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда тарифтерді өзгертудің барлық құқықтық негіздері қалыптастырылды. Бұл ретте олардың өсімі өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңімен орын алады. Сонымен қатар барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтердің әділ құнын қамтамасыз ету мақсатында тұтынудың әлеуметтік нормасын енгізу тетіктері әзірленеді.

Әкімшілік реформа бойынша жұмыс жалғасады. Мәселен, 2023-2024 жылдары аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын пилоттық режімде, ал 2025 жылдан бастап – барлық жерде өткізу жоспарланып отыр.

Бағаны тұрақтандыру мәселелері бо­йынша Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев сөз сөйледі. Бұл жұмыстың негізгі бағыты өнімсіз делдалдарды анықтау және болдырмау мақсатында өнім өндіруден сатуға дейінгі баға белгілеу тізбегін тал­дауға бағытталғанын атап өтті. Мәсе­лен, бүгінгі таңда 1 389 тізбек талданып, оның 332-сінде сауда қызметін бұзу қаупі анықталды. Нақты фактілер анықталса мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады. Атап айтқанда, жыл басынан бері 132 делдалдық схеманың жолы кесілді.
Сонымен қатар электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректер операторларының мәліметтерін пайдалана отырып, ӘМАТ бағасының мониторингі үдерісін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, әрбір ӘМАТ бойынша баға белгілеу үдерісі ашық болады, бұл онлайн режімде өнімсіз делдалдар мен алыпсатарларды анықтауға мүмкіндік береді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Екібастұз энергия торабын кешенді түрде жаңғырту жүргізілетінін, бұл шамамен 3 ГВт жаңа генерацияны енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ желтоқсан айында қуаты 500 МВт Екібастұз ГРЭС-1-де 1-ші энергоблок қалпына келтіріледі. Жалпы қуаты 1 200 МВт-тан асатын 3 және 4 энергия блоктарын енгізу арқылы ГРЭС-2-ні кеңейту бо­йынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы қуаты 1 200 МВт болатын 5 және 6 энергия блоктарын салу бойынша жобалау алдындағы жұмыстар басталады.

Екібастұз ЖЭО жаңғырту шеңберінде осы жылы ұзындығы 5,3 км жылу желілерін күрделі жөндеуді аяқтау, 5 су жылыту қазандығы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу, ЖЭО-ның 3 энергетикалық қазандығын, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды жаңғыртуды соңына дейін жеткізу жоспарлануда.

Жалпы, экономиканың электр энергия­сына өсіп келе жатқан қажеттілігін өтеу үшін 2035 жылға дейін 17,3 ГВт жаңа қуаттар енгізіледі.
Сондай-ақ министр дизель отынының жалпы қорының 370 мың тоннаға дейін ұлғайғанын, бұл елдің 21 тәуліктік қажеттілігін өтеуге жеткілікті екенін атап өтті. Тұтастай алғанда, нарықтық экономикаға қарай қабылданған бағдар мұнай өңдеу зауыттарының техникалық қайта жарақталуы мен сенімділігін қамта­масыз етеді, сондай-ақ саланың инвес­тициялық тартымдылығын арттырады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков 2029 жылға қарай республикада 147 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 33 триллион теңгеден асатын 800-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын баяндады. Оның ішінде 22,1 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 122 жоба қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға бағытталған. Бұл – машина жасау, құрылыс индустрия­сы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар.

Оның айтуынша, бүгінде еліміз бо­йынша орташа есеппен коммуналдық желілердің 51%-ның тозығы жеткен. Бұл бағытта жергілікті атқарушы орган­дар қажеттіліктерді ескере отырып, ком­муналдық инфрақұрылымды салу мен күрделі жөндеудің өңірлік жоспарларын әзірлейді. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Сондай-ақ ол бүгінгі таңда 4 900 ауыл сумен жабдықтау қызметтерімен қам­тылғанын атап өтті. 2025 жылдың соңы­на дейін қалған 1 395 ауылдың мә­селесі шешіледі. Бұл сумен қамтамасыз ету­дің еліміз бойынша көрсеткішін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Вице-министр қазіргі уақытта республикалық маңызы бар қалаларда халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғимараттардың сыртқы келбетінің бірыңғай сәулеттік стилін, аумақтар­ды көгалдандыру мен абаттандыру­ға қойылатын талаптарды сақтауды қамтамасыз ететін кешенді дизайн-жобаларды әзірлеу басталғанын айтты.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі уақыт­та «Айналым схемасын» іске асыру үдерісіне Азық-түлік корпорациясын сенімгер агент ретінде тарту мәселесі пысықталуда, бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қосымша ішкі азық-түлік нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында субсидиялау тетігіне жаңа норма енгізіледі, оған сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қанатқақты режімде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын немесе оларды өндіру үшін шикізат өндірумен айналысатын субсидия алушылар нарықтық бағалар бойынша ішкі нарықта өнімді өткізу бойынша қарсы міндеттемелерді өзіне алуға тиіс.
Сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс қоймаларының тапшылығын азайту мақсатында 2025 жылға дейінгі көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасады. Бұл жоспарда жалпы сыйымдылығы 342,6 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын 97 жобаны іске асыру көзделген. Бұл бағытта бизнесті ынталандыру мақсатында қолданылатын сақтау технологиясына байланысты осындай объектілерді салу кезінде шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін жеткізу үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде өздері жетекшілік ететін салалар бойынша Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров баяндама жасады.
Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қызметкерлерінің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша қабылдаған барлық іс-әрекеті нақты нәтиже беруге тиіс екенін атап өтті. Салық, бюджет және тарифтік саясатты жаңғырту кезінде бірінші кезекте, азаматтар мен бизнестің мүдде­лері ескерілуі керек. Барлық енгізіл­ген құралдар мен механизмдер алдымен халыққа ыңғайлы әрі түсінікті болуы қажет.

«Тұрғындардың шағымдарын әлеумет­тік шиеленіске дейін жеткізбей, байыпты түрде шешу керек. Бұл әсіресе, денсаулық сақ­тау, білім беру және еңбек қатынастарына қатысты. Бұған Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай орталықтары ықпал ететін болады. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары халықтың проблемаларын шешу үшін осы ресурсты тиімді пайдалануға тиіс», деді Әлихан Смайылов.
Ол Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі инфляцияны осы жылдың соңына дейін 2 есе төмендету екенін еске салды. Осыған байланысты Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жаңартып, оны Үкіметтің келесі отырысында қарау тапсырылды.
Премьер-министр азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін өңір әкімдіктері Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өндірушіден тұтынушыға дейінгі сауда-өткізу тізбегін жолға қою жөніндегі жүйелі шаралардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажеттігін атап көрсетті.

«Тиімді сауда-логистикалық инфра­құрылым құрып, көкөніс қоймаларының құрылысын кеңейту қажет. Барлық өнімсіз делдалдық схемаларды жою керек. Баға белгілеудегі делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялар бағаның негізсіз өсуіне қарсы дер кезінде шара қолдануға тиіс», атап өтті ол.

Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелерінде маңызды рөл Азық-түлік корпорациясы мен тұрақтандыру қорларында болуы керек, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі олардың жұмысын нақты үйлестіруі қажет деп атап өтті. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жұмсалатын бюджет қаражатына тиісті бақылауды қамтамасыз етіп, өңір әкімдіктері қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту бойынша тиімді жұмыс істеуі және өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруы керек.
Үкімет басшысы атап өткендей, Инвес­тиция тарту саясатын ерекше бақылау­да ұстау қажет. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігіне инвесторлар мен инвестициялық жобалардың дерекқоры бар интерактивті инвестициялық картаны енгізіп, Сыртқы саясат тұжырымдамасын өзектендіру тапсырылды.

Премьер-министр сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жобаларға салық салуды қайта қарау, өндіріс көлемінің өсуін ынталандыру, инвестиция тарту, инновацияларды енгізу, сондай-ақ жұмыспен қамтуды арттыру қажеттігін атап өтті.

Тағы негізгі бағыттардың бірі – шағын және орта бизнеске қолжетімді несие беру. Осыған байланысты ашық қызмет жүргізетін кәсіпкерлерге қарыз беру бойынша шешімдер қабылдау үдерісін оңайлату қажет. Сонымен қатар Үкімет басшысы елімізде суды үнемдеп тұтыну қағидатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізу, «Қазсушар» жұмысының форматын өзгертіп, су шаруашылығы мен гидромелиоративтік жүйелерді реконструкциялау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Экология министрлігіне далада қарау­сыз жүрген иттердің мәселесін шешуде халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу тапсырылды.

Сөз соңында Премьер-министр ЭЫДҰ стандарттарын ескере отырып, оқу­шы­ларды мектептің өзінде және сыртқы баға­лау арасындағы алшақтықты жою бойынша пәрменді шаралар қабылдау, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейту, медициналық қызметтерді қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін арттыру, Е-Денсаулық жүйесін іске қосуды жеделдетіп, денсаулық сақтаудың барлық жүйесін интеграция­лау, Отбасының цифрлық картасына келіп түсетін мәліметтерді өзектендіру бойынша заңнамалық нормаларды әзірлеу жөнінде пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар негізгі мақсат-міндеті айқындап берді. Оларды тиімді шешу үшін біз ең маңызды деген салаларда реформаларды іске асыруымыз керек. Реформалардың түпкі нәтижесі халықтың табысын ұлғайту, жайлы өмір сүруге жағдай жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдардың жан-жақты дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту арқылы азаматтардың тұрмыс сапасын барынша жақсарту болуға тиіс. Барлық өзгерісті іске асыру мақсатында қуатты нарықтық экономиканы, оның ішінде өсудің жаңа қосымша көздері есебінен белсенді дамыту қажет. Қазіргі жағдайда біз нақты нәтиже көрсетуіміз керек, қоғам бізден нақты және пәрменді шаралар күтеді», деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов. 
25 сәуір 2023 ж. 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930