Ең жас жазушы ертегілер кітабын шығарды
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын Ералы Пазылбекұлы төрт жасында әріп таныған. Содан бері кітапты жанына серік етіп келе жатқан бала түрлі ертегі жазады. Биыл алғашқы кітабын жарыққа шығарған ол келешекте не жазушы, не ғалым болғысы келеді.
Ақын анасы жол нұсқайды
Ералы Глубокое ауданы Прапорщиково ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің төртінші сыныбында оқиды. Кішкентайынан анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы қолынан жетектеп, кітапханаға алып баратын. Әсіресе, Өскемендегі А.С.Пушкин атындағы кітапханаға жиі келетін-тұғын. Қазақ халық ертегілерінің барлығын дерлік оқып шыққан оған 8 жасында «Неліктен өзім әңгіме жазып, өзгелерді оқытпасқа?» деген ой келген.
– Біз отбасымызда бес адамбыз. Әкем жұмыстың адамы, анашым – ақын. Әпекем мен бауырым бар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған анам кітапханада қызмет етеді, – дейді Ералы Пазылбекұлы.
Анасының айтуынша, ұлы кішкентайынан әл-Фарабиге еліктеді. Сол сияқты болғысы келіп, оқу-білімге құлшынды.
– Ералы қаршадайынан өте ерекше бала. Үш-төрт жаста ұшқын берген қабілетін көпке көрсетпедік. Себебі тіл-көз деген бар ғой. Ол уақытта үйде теледидардан «Асыл арна» үнемі қосылып тұратын. Назары соған ауып, ақыры дұға-сүрелердің барлығын жаттап алып бізге айтып жүрді. Кітапты көп оқығаннан ересек адамдай сөйлейді. Үйге келген қонаққа «кіріп отырыңыз» деп емес, «төрлетіңіз» деп қазақилықпен айтады, – дейді Гүлнұр Зұлқаршынқызы.
Содан оқушы қиялына ерік беріп, ертегі жаза бастаған. Анасының жол нұсқауымен уақыт өткен сайын қаламы шыңдала берді. Қазір шабыттанған шақта оған бір ертегіні жазуға 10-12 минут кетеді екен.
Телефонға тек 30 минут жұмсайды
– Ертегілерімнің көбі шынайы өмірден алынған. Оқиға желісін өрбіте түсуге тырысамын. Телефон мен гаджеттердің жастар мен балаларға теріс жағы көп. Олар адамның көзін байлап, өзіне тартады. Мен күніне жарты сағат уақытымды ғана телефонға жұмсаймын. Әйтпесе телефонға көп қарау көзді құртады. «PlayMarket» қосымшасында ойынның сан түрі бар. Ал оны көп ойнау – жүйке жүйесіне теріс әсер етеді, – дейді Ералы.
Оның оқырманы да көп. Сыныптастарынан бастап ұстаздары, туған-туысқандары, көршілері және балалар шығармашылығымен айналысып жүргендер. Көбісі алғашында «Тоғыз жастағы бала не жазуы мүмкін?» деп күлсе ертегілерді оқыған соң ойы мүлде өзгереді.
Ералының «Ғажайып саяхат» деп аталатын ең алғаш жазған ертегісі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Елдегі ең жас қаламгер қоржынында шығармашылық, әдеби байқаулардан алған жүлделері аз емес. «Республикалық балалар оқулары» байқауында үшінші орынды иеленді. Қазақстандағы балалар әдебиеті жылы аясында А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының «Ертегілер – ғажайып әлем» байқауында жеңімпаз атанған.
Биыл жас дарынның «Ералының ертегілері» атты алғашқы жинағы жарыққа шықты. Онда бала қиялынан туған ойлы да әсерлі шығармалары еңген. Жинақтан «Ғажайып саяхат», «Кітаптар мұңы», «Ғажайып қалам», «Судың да сұрауы бар», «Айымның қателігі..», «Үшінші бала», «Екі дос», «Жанашырлық», «Көгершіннің балапандары», «Менің әпкем» сияқты ертегілері топтастырылған. Ералы мектептегі өзі сияқты балалардың қызыққа толы өмірлерін, бой жетіп кеткен әпкесінің балалық шағын, ел тарихын, тіпті өзінің кішкентай жүрегімен қазіргі экологиялық проблемаларға да алаңдай отырып оны өз шығармаларына арқау еткен екен. Ендеше, талабы таудай жас өренге шығармашылық табыс тілейміз!
Осы ретте, оқырман назарына Ералының бір ертегісін ұсынуды жөн көрдік:
Жанашырлық
Дастан бүгін мектепке көңілсіз келді. Оның себебі бар. Кеше оның бауырлары кітаптарын жыртып, күнделігін шимайлап тастапты. Сабақтан қайтып келе жатып аяқ киіміне жабысқан құмырсқаларды көрді. Ол екеуін ұстап алып құмыраға салып қойды. Сосын ақырын ғана екі дән салып кетіп қалды. Бір күннен соң келіп қараса кішкентай құмырсқа дәнді түгел, ал үлкені жартысын ғана жепті. Дастан аға құмырсқадан:
– Сен неге жартысын ғана жедің? – деп сұрайды.
– Өйткені мен үлкенмін ғой, ал бауырым кіші, сондықтан ол ашығып қалмасын деп жартысын әдейі қалдырып қойдым.
– Онда өзіңнің қарның тойды ма?
– Жоқ, әрине. Бірақ мен үшін бауырымның тоқ болғаны бәрінен маңызды. Дастан құмырсқаларды құмырадан босатып жіберіп өзі мынадай ойға қалады:
– Бұлар бір-біріне жанашыр екен. Ендеше бауырларыма тым қатал болған екенмін ғой, адамдар әрқашан құмырсқадан үлгі алуы керек екен ғой, – дейді.
Дастан бауырларынан кешірім сұрап, олардың жасаған қателігін кешіріп, бүгіннен бастап бауырларына ерекше қамқор болуға бекінді.