Сайлау-2023: бүгін Қазақстанда – тыныштық күні
Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында тыныштық күні басталды. Бүгін, 18 наурызда кез-келген үгіт-насихатқа тыйым салынады деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады, ол заңсыз болып саналады. Заңнамада бұл үшін жауапкершілік қарастырылған
Еске салсақ, 19 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.
Мәжіліске барлығы 98 депутат сайланады. Оның 70 проценті, яғни 69 орын пропорционалдық жүйемен 5 пайыздық межеден өткен саяси партиялардың тізімі бойынша сайланады. Ал, қалған 30 процент, яғни 29 орын бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға беріледі.
Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстың мәслихаттары сайлауында партиялық тізім және бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болады. Ал, қалалық, аудандық мәслихаттар 100 пайыз бір мандатты округтер арқылы сайланған депутаттардан тұрады.
Дауыс беру күні Қазақстан аумағында бірнеше мың сайлау учаскелері жұмыс істейді. ҚР шетелдік мекемелері жанынан 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мұнда ҚР азаматтары Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыса алады.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.
Сайлауға келген еліміздің 17 облысының тұрғындары түрлі түсті бес бюллетень алады:
- көк – партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша;
- жасыл – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша;
- күлгін – партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша;
- қызғылт сары – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының сайлауы бойынша;
- Сұр – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша.
Әр бюллетеньде «барлығына қарсы» деген баған болады.
Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.