Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК – ҮЗДІК НӘТИЖЕ

ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК – ҮЗДІК НӘТИЖЕ

Сейсенбі күні аудан әкімі Әшім Оразбекұлы облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде болып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз брифингін өткізді.
Ауданның әлеуметтік хал-ахуалымен, жасалған барлық жұмыстардың және оларға бөлінген қаржылардың цифрлық-дәйегімен, сондай-ақ, халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене таныс Ә.Оразбекұлы тілшілер қауымына қажетті ақпараттық-деректерді толық баяндап берді.
Айта кету керек, өңірлік коммуникациялар қызметіне аудан әкімімен бірге Шиелідегі бірқатар кәсіпкерлер мен шаруашылық төрағалары болды. Атап айтқанда «Мөлдір және К» толық серіктестігінің басшысы Н.Мырзабеков, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков, «DANAKE» корпорациясының өкілі А.Айтқожаұлы, «Ару АНА» шұбат цехының технологы Б.Дүйсебекова брифинг барысында өз салаларына қатысты қойылған сұрақтарға қосымша жауаптарын беріп отырды.
«Толымды тірлік. Ерен еңбек. Үздік нәтиже» тақырыбымен тарқатылған жұмыстар тізбесі БАҚ өкілдерінің зор қызығушылығын туғызып, қызу сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.
Әшім Оразбекұлының мәліметінен төмендегі келесі деректерге қанық болдық. 2017 жылға арналған аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде барлығы 13 млрд. 100 млн. теңге көлемінде бекітілсе, оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі 1 млрд. 684 млн.теңгені құраған.
Есепті мерзім ішінде бюджет шығысы 10 млрд. 220 млн. теңгеге немесе 98,2 пайызға игерілген.
Ауданның өнеркәсіп орындарында 2017 жылдың 10 айында 19 млрд. 692 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта кәсіпті экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде одан әрі дамыту бағытында бүгінгі таңға дейін ауданда 4625 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, оларда 7646 адам жұмыспен қамтылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда ірі 3 жоба жүзеге асырылған.
Олар жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС. Екіншісі, «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауы­­­­­­­­ты. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған.
Бұл зауыт бүгінгі таңда Тайвань мем­лекетіне – 40 тонна, Ресейдің Тула облысы­на – 20 тонна дайын өнім жөнелткен. Алдағы уақытта Прибалтика, Оңтүстік Корея, Қытай және Үнді елдерінің нарығына жеткізу мәселелері де қосымша зерделеніп жатыр екен. Үшіншісі, «Тан ЛТД» ЖШС-ның жобалық құны 397 млн. теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы. Жобаның қуаттылығы жылына 9 мың тонна күріш ақтау және 3 мың тонна құрама жем өндіру. Жоба толықтай іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылмақ. Аталмыш жобаны қолдау мақсатында мемлекет тарапынан зауыт құрылысы үшін 30 га жер телімі берілсе, 5000 га жер телімі егіндік мақсатта табысталмақ.
Сонымен қатар, «KazChinNur» ЖШС-ның жобалық құны 150 млн. теңгенің шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылған.
Бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер беріліп, жарықпен, сумен, жолмен қамтамасыз етілгені белгілі. Бүгінгі таңда аталған аймақта аса маңызды 6 жобаға 62,5 гектар жер телімі табысталыпты.
Олар; «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «Мия Шиелі» ЖШС, «Тұлпар 2000» ЖШС, «Шиелі тас» ЖШС, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Бек-транс строй» ЖШС.
Таяу жылдары бұл жобалар іске қосылып, өндіріс толық қарқынмен жұмыс жасаған жағдайда жергілікті жерден мыңдаған адам қосымша жұмыспен қамтылмақ.
Осылайша аграрлы-индустриалды ау­данға айналып келе жатқан шиелінің жақын жылдықтағы жетістіктері бұдан да ілгері арта түсіп, халықтың тұрмыстық әлеуеті көтеріліп, жұмыссыздық жойыла түспек.
Нулы-сулы жер, Шиелінің табиғаты өз­гелерді өзіне еріксіз тартып, қызық­тырып тұратыны белгілі. Шиелінің өзен-су көздеріне, орманды-тоғай, таулы ал­қап­­тарына саяхаттауға келушілер саны да жылдан-жылға артып келеді. Өңірде мәдени туризмді дамыту жолға қойылған. Бір Бәйгеқұм ауылындағы Ханқожа көлінің өзіне жылына мыңдаған адам келіп кетеді. Ол жерде туризмді кәсіп көзіне айналдырып, содан қаржы тауып, ауданның да салық түсімін арттырып отырған жандар жетерлік. Бұданда басқа ойын-сауық орталықтары ашылуда.
Мәселен, туризм саласын дамыту ба­ғытында ағымдағы жылы «BANAS» ЖШС «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен жобалық құны 150 млн. теңгені құрайтын «Керемет» сауықтыру кешені мен «Kids Park» балаларға арналған ойын сауық кешенін іске қосып, 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­аралық көлік дәлізі бойынан жеке кәсіпкер Н.Шакировтың «В» санаты бойынша жобалық құны 200 млн. теңгенің сервистік қызмет көрсету орталығының құрылыс жобасы қолдау тауып 5,2 гектар жер телімі сауда-саттық арқылы табысталып, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары басталған. Жоба толық іске қосылғанда 24 адам жұмыспен қамтылмақ.
Сұлутөбе ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер «Жүзкенов» «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «В» санаты бойынша жобалық құны 200 млн. теңгенің сервистік қызмет көрсету орталығының құрылысымен қатар 5 га жерге алма бағын егу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «В» санаты бойынша сервистік қызмет көрсету орталығының құрылысы үшін 3 жер ынталы кәсіпкерлерге ұсынылатын болады.
Алма бағы демекші, бұл салаға да арнайы тоқтала кетуді жөн санадық. Бүгінгі таңда аудандағы ең қарқынды дамып келе жатқан кәсіптің бірі осы. «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан 5 га жерге көкөніс қоймасын салу және елді мекендерден қосымша 40 га жерге алма бағын орналастыру жоспарлануда.
Жалпы, аудан бойынша алма бағын өсіру мақсатында 178 га жер телімі ұсы­нылып, 46 га жер кәсіпкерлерге сау­да-саттық арқылы табысталып, 34 га жер теліміне 48 мың түп алма көшеттері отыр­ғызылып, 15 гектар алмабақ жеріне мемлекеттік қолдау ретінде 20 млн. теңге инвестициялық субсидия төленген.
Елбасы тапсырмасымен бекітілген азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асырудың бір тетігі тұтыну нарығындағы көкөніс пен азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу болып табылады. Бұл бағытта ауданда бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жыл он екі ай көкөніске қолжетімдікті қалыптастыру үшін ауданда жұмыс жасап тұрған 13 жылыжай бар. Бұл жылыжайлардан жылына 360 тонна қызанақ, қияр өнімдерімен бірге 6 тонна сарымсақ өндірілуде. Жалпы жылыжайларда 26 адам жұмыспен қамтып отыр.
Аудан орталығында, «Мөлдір және К» толық серіктестігінің жанынан құрылған «Шиелі құс» фермасының құрылысына 165 млн. теңге инвестиция салынып, бүгінгі күнге 11 мың бас тауықтан, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілуде.
Сондай-ақ, өткен жылы жеке кәсіпкер Сабыр Ермаханов жобалық құны 60 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «Ару АНА» шұбат цехын іске қосып, шығарған өнімдері облыс, аудан көлемінде сұранысқа ие болуына байланысты биылғы жылы 61 млн. теңге несие қаржы алып, цехтың құрал-жабдықтарын қайта құрылымдап, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтін өңдеп қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруда.
Аталған кәсіпкердің бастамасымен 6 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер және 19 өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар бірігіп, «Шиелі-төрт түлігі» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құрды. Кооперативте 73 адам жұмыспен қамтылып, 650 бас түйе, 286 бас мүйізді ірі қара, 119 бас жылқы өсірілуде.
Сапалы шығарылған өнім нәтижесінде ағымдағы жылы Қызылорда қаласында өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» байқауында «АруАНА» шұбат цехы «Ең үздік халық тұтынатын тағам өндірісі» номинациясы бойынша 3-ші орынға ие болды.
Брифинг барысында сөз алған шұбат цехының технолог маманы Б.Дүйсебекова алдағы жылы «Ару АНА» цехы балмұздақ шығару жобасын да қолға алмақшы. Біз ынталы кәсіпкердің бұл бастамасына сәттілік тіледік.
Арал, Қазалы аудандарында балық өндіру саласы айтарлықтай алға жылжып, өнімдер шетел нарығына шығарылып жатқаны аян. Ал, бізде ше? Арал секілді алып теңізіміз болмаса да шағын-шағын көлдер жетерлік. Бұйыртса жақын жылдары Қарғалы ауылының аржағынан Кү­міскеткен су қоймасының құрылысы жүрмек. Ол, пайдалануға берілгенде Шиелідегі 36 көлдің санын арттырып, балық шаруашылығын өркендетуге мол мүмкіндік бермекші.
Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы айтып өтті.
Шиеліде 36 көлдің 24-і бүгінгі күнге дейін 10 жылдық мерзімге жалға берілсе, алдағы уақытта 12 көл конкурс арқылы кәсіпкерлерге табысталмақшы.
Осы көлдерде балық шаруашылығымен айналысатын дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды біріктіріп балықшылардың кооперативін құру бағытында қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
Жалға берілген 24 көлден жылына 51 тонна балық аулауға рұқсат (лицензия) беріліп, бюджетке 6 млн. 600 мың теңге салық төленіпті. Балық шаруашылығының арқасында аудандағы 75 адам жұмыспен қамтылып, нәпақасын содан айырып отырса керек.
Аудандағы балық шаруашылығымен айналысатын «Сүйіндік» шаруа қожалығы ағымдағы жылы 2 млн. 700 мың шабақ өндіріп, оның 700 мыңын аудандағы көл­дер­ге жіберсе, 15-20 мың шабақты кәсіпкерлерге сатып, қалғанын тоғанда өсіріп отырған көрінеді.
Елбасының биылғы жылғы Жол­дау­ындағы тапсырмаларын орындау мақ­сатында ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жобаны іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда: Ақмая, Жуантөбе елді мекендерінде жобалық құны 58-70 млн. теңгенің спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Жөлек елді мекенінде жобалық құны 22 млн. теңгені құрайтын және Бестам елді мекенінде жобалық құны 68 млн. теңгелік спорттық сауықтыру кешенінің құрылыстары жүргізілуде.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сынан туындайтын «Атамекен» кіші бағдарламасына сәйкес «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Бегман Қауас­ұлының қаржыландыруымен Шиелі кентінен жобалық құны 95 млн. теңгенің жабық жүзу бассейінін салу жобасының құжаттары әзірленіп, келер жылы құрылыс жұмыстары жүргізу жоспарланып отырған көрінеді.
Аудан жайлы қалам ұстап, мақала жазсаңыз Сыр диқандарының ерен еңбегіне тоқталмай өту мүмкін емес. Қызылорда облысында 102 Социалистік Еңбек ері шықса, соның 41-і шиелілік азаматтар екендігі мақтаныш сезіміңізді оятады. Аудан бір кездері осы салада дүркіреп, алдыға озып, мұқым КСРО-ға даңқы артқаны белгілі. Аграрлық сала барынша өркендеген 1980 жылдардың шамасында шиелілік диқандар күріш егуден рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 15 мың гектар жерге сыр салысын сепкен болатын. 1991 жылдардан кейін тәуелсіздік алып, Қазақстан жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық салаға бет бұрған шақта аграрлық саланың барынша ақсап, шаруашылықтар тоқырап, шиелілік диқандар бар-жоғы 2-3 мың га алқапқа күріш егуге мәжбүр болып қалған кездер шиеліліктердің есінде.
Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет баса мән беріп, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Биыл 14 704 гектар жерге дән тасталса, оның 13 380 гектары күріш дақылын құраған. Егілген егіннен 79 мың тонна күріш, 38 мың тонна көкөніс, 26 мың тонна картоп, 59 мың тонна бақша, 49 мың тонна жоңышқа жиналған.
Егістік алқаптарда алқынбай жұмыс жасап, темір-терсегі тозбай жүйткіп жүрген техникалар саны да жылдын-жылға артып, жаңарып жатыр екен. Мәселен, биылдың өзінде Шиелілік диқандар құны 1,5 млрд. теңгеге жуық дала қосында жүретін су жаңа 16 техникаға қол жеткізген.
Егіннен бөлек, мал шаруашылығында да мардымды тірліктер бар.
2017 жылдың 10 айында тірілей салмақта 4004 тонна ет, 15476 тонна сүт, 1631 мың дана жұмыртқа өндірілген. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 3 млн. 403 мың теңгеден 80 маманға 272 млн. 280 мың теңге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит берілді.
Құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Жыл басынан бері жалпы ауданы 36550 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыстық бюджет есебінен Шиелі кентіндегі №45 мектептің жаңа Б корпусының Тартоғай елді мекеніндегі 90 орындық балабақшаның және 150 орындық ауылдық клуб құрылыстары жүргізілуде. Тіректі елді мекендерді дамыту бағытында Еңбекші елді мекенінде 90 орындық балабақша, 150 орындық ауылдық клуб, спорт кешенінің құрылыстары ағымдағы жылы басталып, 2018 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Республикалық бюджеттің есебінен жобалық құны 7 млрд. 41 млн. теңгелік 150 төсектік орталық аурухананың құрылысына ағымдағы жылы 100 млн. теңге бөлініп, аурухананың құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Алғабас және Ор­тақ­шыл елді мекендерінен әкімшілік ғи­мараттар құрылыстарына аудандық бюджеттен 64 млн. 624 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды.
«Тақыркөл» бас су қоймасынан Тар­тоғай, Сұлутөбе, Бірлестік және Бірінші мамыр елді мекендерін сумен қамту жүйелерінің құрылысына облыстық бюджеттен барлығы 122 млн. 807 мың теңге жоба сметалық құжаттар әзірленуге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағ­дарламасы аясында 2018 жылы Бидай­көл елді мекенінің 14, 15 және 30 кварталдарына, Шиелі кентіндегі Шұғыла-2, Шұғыла-3 және Шығыс-4 мөлтек аудандарында барлығы қыстақішілік 32,5 км, сервистік 33,25 км ауыз су құбырлары жүргізіп, 282 дана көру құдықтары орнатып, 572 үйдің ауласының шекарасына дейін ауыз су құбырларын жүргізуге қажетті қаражат көлемі анықталып, республикалық және облыстық бюджеттерден қаралуы үшін бюджеттік өтінімдер тапсырылды. Жобалық құны 825633 мың теңге болатын «Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы» жобасы бойынша сараптама қорытындысы алынды.
Жыл басынан бері шиеліде 648 жаңа жұмыс орындары және 630 жеке кәсіпкер тіркеліп, барлығы 1278 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұдан бөлек, жолдар жөнделіп, басқа да әлеуметтік нысандар салынып, қосымша жаңа жұмыс орындары ашылып, елдің, халықтың әлеуеті артып жатыр. Туындаған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, ұзақ жылғы түйіткілдер де тарқатылуда. Ерінбей еңбек еткендердің ауызы аққа тиіп, кәсібі дөңгелеп жатыр. Мемлекет барынша қолдау білдіріп, азаматтардың біліктілігін арттырып, қаржы-несиесін беріп, бизнес жоспарын құрып, енді тек жатпай-тұрмай өзі үшін, өзінің отбасы, бала-шағасы үшін еңбек етуін сұрап отыр. Осы мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалу өзімізге сын болғалы тұр. Мемлекеттің жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бүгінмен бітіп, тоқтап қалмайды. Алдымызда әлі бірқанша жыл бар. Ауыл әкімдері, тиісті сала басшылары осы бағдарлама аясында тұрғындардың, халықтың қолын қаражатқа жеткізуді ұйымдастыру керек. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға күш салуы қажет. Әкімдердің болашақтағы рейтингі осы саламен өлшенбек – деп сөзін қорытындылады аудан әкімі Ә.Оразбекұлы.
30 қараша 2017 ж. 1 689 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930