Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бай ауыл» бастамасына жұмылсақ...

«Бай ауыл» бастамасына жұмылсақ...

Сыр өңіріндегі «Егінші» ЖШС атқарушы директоры Ерұлан Өмірсеріков «Бай ауыл» атты жобаны қолға алғалы біраз болған. Бұл бастама арқылы кәсіпкер еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда өзіне тән тіршілігін біршама сақтап қалған аймақтағы ауылдарды жаңаша дамытуды көздейді.

Соңғы жылдары кезінде тұралаған елді мекендердің біразы оңалып қалды. Бұрынғы бағытының негізінде егінін егіп, малын бағып, тіршілік көшіне ілесіп кетті. Бірақ бәрінің жағдайы бірдей емес. Олардың дамуы сол ауылдағы ірі шаруа­шылықтарға тікелей байланысты. Өз тіршілігін өзі көруге көндіккен елді­ мекенге қарағанда іскер азаматтар инвести­ция құйған ауылдың тіршілігі көш ілгері.
– Президент сайлауынан кейінгі ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға баса назар аударып, Жарлыққа қол қоюы біраз игілікті іске бастау болар деген сенімдеміз. Мәселенің басы нарықтық қатынастарға көшуде бұрынғы ауыл шаруашылығы құрылымын басқару жүйесінен айырылып қалғанымызда болып тұр. Жарайды, өткен қайтып келмейді. Мына нәрсені ойлауымыз керек. Осы уақытқа дейін ауылға, жалпы ауыл шаруашылығына түрлі бағдарлама аясында қыруар қаржы бөлінді. Соның қайтары­мы қайда? Біз негізі ұзақ мерзімді страте­гиялық жоспарлар жасауға құмармыз. Бірақ қазір ауылға 2-3 жылда нәтижесі көріне бастайтын бастамалар керек. Баяғы ұжымшар мен кеңшар жүйесінің нарыққа бейімделген кішігірім жүйесін жүзеге асыруды ойладым. Жобаға ырымдап «Бай ауыл» деген атау бердім, – дейді кәсіпкер.
Осыдан 2 жыл бұрын сол тұстағы облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары жобамен танысып, қолдаған екен. Тіпті «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы қаржы бөлуге де бейілді болған көрінеді. Бастаманы жүзеге асыру үшін Қазалы ауданындағы 31 шаруашылығы бар Жаңқожа батыр ауылы таңдалыпты. «Бай ауыл»  – кәдімгі кооперация. Оған қатысатындардың бәрінің өз міндеттемесі, ортақ мүлікте, түсетін табыста үлесі болады. Кеткен шығын, кірген кіріс бәрінің көз алдында тұрады. Табыста үлесі болған соң кооперация мүшелері «ауырдың үсті­мен, жеңілдің астымен» жүрмейді. Қайта кірісті көбейту үшін барын салады. Бі­рақ көп ұзамай уәде ұзарып, қолдау болмағандықтан бұл бастама қазірше идея күйінде ғана тұр.
– Ауылды көгертеміз десек, пай үлесіне алған жерін инвесторға жалға беріп отырған тұрғын мен кәсіпкердің келісімін екі жаққа бірдей тиімді болатындай заңдастыруымыз керек. Мысалы, соңғы 3-4 жылда біздің облыста жер дауы дүркін-дүркін көтеріліп тұр. Осыдан да кәсіпкер үшін ауылға барып, жұмыс істеуге, қаражат салуға инвестициялық сенім жоқ, сол себепті құлықсыз. Қыруар қаржы жұмсалып, егін пісе бастағанда шаруашылықтан бөлінетіндер пайда болып, жер үлесі бөліске түседі. Тіпті, осының кесірінен піскен күрішке орақ түспей, көп кедергі болған кездерді де көрдік. Дұрысы, заң аясында белгілі бір мерзім ішінде өзгермейтін шарт жасау. Инвестор да үлескерді күзде бір-екі қап күріш, он шақты бау шөппен алдамай, табысын әділ бөлуі керек. Бұл үшін ауылдан әлеуметтік қор ашылып, оны тұрғындардың өзі бақылауы тиіс, – дейді Ерұлан Өмірсеріков.
Ауылда мал шаруашылығын дамыту туралы өзіндік пікірі бар кәсіпкер жайы­лымдық жер жергілікті әкімдік қарауын­да болғаны жөн. Мысалы, Қызылорда облысының Жалағаш ауданында кезінде 172 скважина болған. Солардың айналасына 200 мыңға жуық қой сыйып жататын. Қазір сол аумақ 5 мың малға тарлық етіп тұр. Өйткені жайылымның көбі жекенің қолында кеткен. Жыл сайын шаруаға қажетті жайылымды ауыл әкімі арнайы кес­темен жүйелеп бөліп отырмаса, жер дауы толастамайды.
– Бізге тек ауылға, ауыл шаруашылы­ғы­на берілетін көмекті жүйелеу керек. Әсіресе суб­сидия өндірілген өнімге, таза еңбек­ке берілгені жөн. Мы­салы, қазір қоғамдық жұмыс деген бар. Бірақ бұл «Бәленбай адамды уақытша жұмыс­пен қамтыдық» деген есеп үшін ғана қа­жетті бастама сияқты. Оған жұмылды­рылған­дардың тиімді жұмыс істеп жүргенін көрмейсің. Күнделікті тірлігі бір мәрте төбе көрсетіп, елді мекеннің жолын тазалаумен тәмамдалып жатады. Оның орны­нан әр ауылдан сүт қабылдау орындарын ашып, соған сүт өткізгендерге субсидия қарастырылса дұрыс болар еді, – дейді кәсіпкер. – Бұл біріншіден қолымызда барды сырттан тасымал­дамай, жергілікті өнімге жол ашудың амалы. Оның үстіне қазір ауылда сиыр сауатындар жоқтың қасы, малы бола тұра көп шаңырақтың күні қораптағы сүтке қарап қалған. Бұл масылдыққа, ал масылдық рухани азуға алып келетін кесел. Ауылдағы жұмыссыз жігіттердің кейбірін ынталандыру үшін: «Дым ештеңе таппасаң, канал жағасынан шөп шап. Мен-ақ сатып ала­йын» дедім. Ол шөптің маған қажеті де жоқ. Сенесіз бе, ешкім тіршілік жасағысы келмейді. Үйінде жамбастап жатып, жәрдемақы алғанға бой үйретіп алған. Үкімет осы кеселдің алдын алып, ауыл тіршілігін тұрақтандырып, еңбек етудің  тиімділігін  айқындайтын, әсіресе жастарды ауыл өмірін жақсартуға қызықтыратын бағдарламалар қабылданғаны жөн.
Кей ауылдардағы жалақының мөлшері мемлекет беретін жәрдемақыдан аспайды. Бұл да жатыпішер жалқаулыққа апаратын бірден-бір жол. Сондықтан да ауылға көр­сетілетін қолдауларды үйлестіріп, шаруа­шылықта жұмыс істейтіндердің еңбекақы­сын көтеру керек. Осындай батыл қадамға бармасақ, ауыл шаруашылығы да дамымайды, бағаны да тұрақтандыра алмаймыз.
– Ақшаны миллиардтап төккенмен, ауыл өздігінен дамып кетпейді. Қазір өңірде бірнеше ауылды асырап отырған жергілікті он шақты инвестор бар. Қандай жағдайда да егінін егіп, несібесін жерден терген осы жігіттер қатарластарының арасынан іскерлігімен іріктеліп, халықаралық менеджер деңгейіне жеткен мамандар. Енді біз осы азаматтардан қоңсы ауылдарды да қарамағына алуын сұрауымыз керек. Бір кәсіпкер бір жылда бір ауыл­ды аяққа тұрғызатыны анық. Бұл үшін арнайы жоба жасатып, қайтарымы шамалы бағдарламаларды қысқарту есебі­нен қажетті қаржы қарастырған дұрыс. Кәсіпкерге салмақ салмас үшін мемле­кет­тік субсидияның керек жері осы, – дейді «Бай ауыл» жобасының авторы.
Ауыл туралы айтылар әңгіме көп. Ұсы­ныс та жетерлік. Бастысы, солардың ара­­сы­нан ауыл тіршілігін жандандыруға жа­рай­­ды дегендердің ескерусіз қалмағаны. Ел ертеңіне алаңдаған азаматтардың ойы осы.
 
Мұрат Жетпісбаев,
Қызылорда облысы

17 қаңтар 2023 ж. 327 0