Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҒА БАҚЫЛАУДА

БАҒА БАҚЫЛАУДА

Биыл он айдың қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 20,5 процентке жеткен. Соңғы бір аптаның ішінде сәбіз, картоп, қант пен қырыққабат біршама арзандағанымен, жұмыртқа, ұн, күріш пен сүттің құны тағы да шарықтаған. Атап айтсақ жұмыртқа 7,6%, ұн 3,9%, күріш 3%, сүт 2,2% қымбаттады. Бірақ жұрт бағаның ай сайын емес, күн сайын құбылатынына еті үйренсе керек, бұл жолы мыңқ етпеді.
Айта кетейік, соңғы уақытта ұн өнімдерінің бағасы да ұнамды болмай тұр. Астыққа бай ел болсақ та, олардың құны жарты процентке дейін жоғарылаған. Бәрінен бұрын «тәтті» десе сілекейі шұбыратындарға обал болды. Өйткені ең арзан торттың өзі қазір 3-4 мың теңге тұрады.
Осыған байланысты бейсенбі күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Премьер-министрдің айтуынша, баға тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысынан әлі де нәтиже жоқ.
– Бұл әкімдіктердің әлсіздігін және ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктерінің жұмысты үлестіре алмай отырғанын көрсетеді. Өз міндетін тиісінше орындамағаны үшін өңір әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын, – деді Ә.Смайылов.
Ауыл шаруашылығы министрі ­Ербол Қарашөкеев қызанақ, қияр және жұмыртқа бағасының өсу себептерін талдау қорытындылары, сондай-ақ олардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі ықтимал шаралар туралы баяндады. Ол кейбір ­тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын атап өтті.
«Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ке көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ үкімет басшысы сауда және интеграция министрлігіне лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға, ал сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуға тапсырма берді. Десе де оның бұл шешімін әлеуметтік желі қолданушылары сынға алды. Көбінің пікірі «Жауаптыны жұмыстан қуғанмен баға арзандай ма екен? Министрлерді түгел ауыстырғанда да бағаны бағындыра алған жоқ қой» дегенге саяды.
Қалай десек те әліптің артын бағып, сабырмен күтетін шыдамды халықпыз ғой. Қазір ең бастысы елдегі тыныштық пен бейбітшілікті сақтау. Қалғаны уақыт еншісіндегі дүние.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
07 қараша 2022 ж. 179 0