Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет басшысы әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын реттеудегі Жамбыл облысының тәжірибесін үлгі етті

Үкімет басшысы әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын реттеудегі Жамбыл облысының тәжірибесін үлгі етті

Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесте Үкімет басшысы Жамбыл облысындағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды оң бағалап, өзгелерге үлгі ретінде ұсынды. 

"Мен апта басында жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, осы бағыттағы бірқатар нәтижелі жұмыстардан хабардар болдым. Облыста қолға алынған әлеуметтік дүкендер желісі шын мәнінде үлгі етерлік жақсы тәжірибе. Өңірдегі көкөніс қоймаларында  қажетті өнімдер қоры артығымен сақталған.
Тараз қаласы бойынша 14 әлеуметтік дүкен ашылған, ол дүкендерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмендетілген бағада саудалануда. Айталық, бір бөлке нан 80 теңгеден, жұмыртқа (10 дана) 330 теңгеден сатылып жатыр. Ең бастысы бұл дүкендер қаланың кез келген бөлігінде бар. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қолжетімді бағада керектілерін сатып ала алады. Осы ұтымды ұйымдастырылған тәжірибені басқа облыстарда да қолға алу жағын қарастырыңыздар", -деді Асқар Ұзақбайұлы.
Премьер-министр Жамбыл облысындағы әлеуметтік дүкендер, сәбіз, пияздың жоғары өнімділігі туралы көрсетілген  шағын бейнероликті қатысушылар назарына ұсынып, бұл көкөністермен алдымен еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыстар жүргізудің маңыздылығын баса айтты.

Айта кетейік, облыста "Алқаптан сөреге дейін" жобасы аясында тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз тікелей дүкендерге жеткізуде. Сауда желілелері арқылы 5,8 мың тоннадан астам азық-түлік тауары мен 4 миллион тонна жұмыртқа нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен бағада өткерілген.

Тараз қаласы мен аудандарда барлығы 31 әлеуметтік павильон ашылған. Тағы 12 нысан ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, облыс орталығында тұрақты түрде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп отырады. Жалпы, биылғы 10 айда Жамбыл облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 491,1 миллиард теңге болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артық. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 377,5 миллиард теңгеге жетті (+0,1 пайыз). Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 11,1 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 7,3 пайызға өсті, өңірде 535,9 мың шаршы метр (+16,4 пайыз) тұрғын үй пайдалануға берілді.


13 қараша 2021 ж. 596 0