Газдандыру – ауылды жандандыру
Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.
Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.
Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу ірі инфрақұрылымды қажет етеді.
Ал қазақ жері газға бай. Қазіргі табылған көлемінің өзі шамамен 70 жылға жетеді. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанда алуға келетін 3,8 триллион текше метр газ қоры бар деп бекіткен екен. Әлеуетті ресурстары 6-8 трлн текше метрге дейін жетеді. Газ қоры жөнінен Қазақстан әлемде 22-орында. Ал ТМД бойынша Ресей және Түрікменстан елінен кейінгі 3-орында тұр. Айта кетейік, тәуелсіздік алған 1991 жылы елде 7,9 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріліпті, ал одан бергі 30 жыл ішінде ол 56 миллиард текше метрге жуықтаған.
Иә, көгілдір отынның қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр. Шиелі ауданына қарасты ауылдардың ішінде алғашқы болып көгілдір отынның игілігін 2018 жылы Ы.Жақаев ауылының тұрғындары көрген болатын. Одан соң бұл жұмыстар Бидайкөл, Байсын, Керделі, Нартай ауылдарында жалғасын тапты. Биыл бұл тізімге Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары да қосылды. Осылайша, аудан халқының 60 проценті газға қосылып, күл шығарып, от жағудың машақатынан арылды.
Уақыт еншісінде тұрған алдағы жоспарды білмекке аудан әкімінің баспасөз хатшысымен байланысқан болатынбыз. Ол бізге «Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, Ақтоған елді мекендерін газбен қамтамасыз ету бойынша жобалар тиісті министрліктерге тапсырылды. Алмалы, Телікөл ауылдық округтерінің жоба-сметалық құжаттары сараптама қарауында (ішкі және сыртқы магистралды газ құбыры). Болжамды құны 1,3 млрд теңгені құрайды.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен құрылысшылар мерекесі қарсаңында құны 2,1 млрд теңгені құрайтын Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталды. Тартоғай, Майлытоғай ауылдарының ішкі газ желісінің жобалық сметалық құжаттары дайындалуда» деген мәліметті ұсынды.
Түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейтіні сөзсіз. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сенсек, отын тасып, күл шығарған бейнеттен арылатын сәт Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, Досбол датқа, Алмалы және Ә.Тәжібаев ауылдарының тұрғындарына да бұйырмақ. Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Өңірімізге бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Газ Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ ол мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ