Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дастарханды сәндейтін «Ас атасы – нан» дейтін...

Дастарханды сәндейтін «Ас атасы – нан» дейтін...

16 қазан – дүниежүзілік нан күні. Бұл мереке біз үшін де айрықша маңызға ие. Себебі нан – тіршіліктің тірегі. Көпшілікті молшылық пен тоқшылыққа бөлейтін мерейлі мереке қарсаңында егістік алқаптарының «еселі жемісі» жайлы тарқатып көрдік. Биыл еліміз бойынша қанша гектар бидай егілді? Ауданның астық қоймасы толық па? Бидайдың сапасы мен бағасы қандай болады?

Алтын астықтың алқабы
Биыл Қазақстанда 13,5 млн тонна бидай жинау жоспарланған. Сондай-ақ, экспортқа шамамен 7 млн тонна бидай жіберілмек. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл еліміз бойынша бидайдың түсімі орташа жылдық көлемнен 15-20 процентке жоғары болатынын айтты.
– Биыл көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде жүргіздік, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажеттінің бәрімен қамтамасыз еттік, бидайдың биылғы болжамы 13-13,5 млн тонна деңгейінде болмақ. Өткен жылмен салыстырғанда біз соңғы бес жылда орташа жылдық көлемдер деңгейінде 15-20 процентке артық өнім алуды күтеміз, – деді министр. Сонымен қатар министр биыл бидайдың 6 млн тоннасы ішкі тұтынуға жіберілсе, қалғаны астық пен ұн түрінде экспортқа жіберілетінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда жылына ішкі тұтыну 6,5-7 млн тонна астықты құрайды.
– Бізде 7-8 млн тонна артық бидай қалады. Бұл бидайды біз сыртқы нарыққа жеткіземіз. Егер соңғы 5 жылды алатын болсақ, біздің орташа жылдық экспортымыз шамамен 6,9 млн тонна астық немесе астық эквивалентіндегі ұнды құрайды. Бізде егін жақсы. Сондықтан біз орташа жылдық көлемге төтеп береміз және барлық нарықтарымызды сақтаймыз, – деді ол.
Биыл біздің ауданда егін жинау алаңы 30 мың гектардан асты. Оның ішінде дәнді дақылдар 25 мыңға жуық алқапты құрады. Ал 1649 гектар күздік бидайдан 1814 тонна, 456 гектар алқапқа себілген жаздық бидайдан 410 тонна өнім жиналған. Айта кетейік, өткен жылы шиелілік диқандар 2700 гектарға жуық бидай еккен.

Қазақстан – 14 орында
Өткен жылы әлемдік бидай өндірісі рекордтық көрсеткішке жетті және АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша 779,24 миллион тоннаны құрады. Бұған Австралияда, Латын Америкасында және Қара теңіз аймағында қолайлы ауа райы, Қытай мен Үндістанда өнімділіктің өсуі және ЕО кейбір елдерінде егіс алқаптарының ұлғаюы ықпал етті. Осы факторлардың арқасында Канада, АҚШ және Ресейдегі өндірістің төмендеуін өтеуге болады.
Еуропалық одақ ірі өндірушілер рейтингінде тұрақты көшбасшы болып қала берді. Сондай-ақ бестікке Қытай, Үндістан, Ресей және АҚШ кірді. Ал Қазақстанда өткен жылы бидай өндірісі 11,8 млн тоннаны құрап, әлемдік рейтингте 14 орынға тұрақтады.

Ас атасы төңірегіндегі түйткіл
Қазіргі уақытта сорттық тұқымдардың 60 проценті, ал бірқатар ауыл шаруашылығы дақылдарының 100 проценті Қазақстанға шетелден алып келінеді. Бұл отандық тұқым шаруашылығына қазіргі заманғы селекциялық орталық құру қажет екенін айғақтайды. Егер өзімізден тұқым өндірілетін болса жоғары өнімді және құрғақшылыққа төзімді, жергілікті ауа райына бейімделген бидай мен өзге дәнді дақылдардың сорттары ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тұрақтылық пен өнімділікті арттыруда айтарлықтай серпіліс жасайды.
Қазақстанда жыл сайын жиналатын астық көлеміне қарайтын болсақ ішкі өндіріс халықтың, олардың ішінде ұн тарту кәсіпорындарының бидайға деген қажеттілігін 100%-ке қамтамасыз ете алады. Бірақ соған қарамастан елімізге шетелден бидай импорттау жалғасуда. Өйткені нарыққа қатысушылардың деректеріне сүйенсек, астық жинаушы компаниялар бидайды отандық ұн тартушылар үшін қолайлы баға – тоннасын шамамен 118 мың теңгеге емес, 140 мың теңгеге сатқысы келеді. Сәйкесінше қымбат бағаға экспорттаған тиімді. Бір сөзбен айтқанда бизнес. Ал бұл ұн тартушыларға қымбатқа түсіп отыр.
«Ел ішінде бидай бағасының өсуі себебінен отандық ұн тартушылар 2021 жылдың күзінен бастап, ресейлік бидайды импорттауға көшті», — дейді сарапшылар, — өйткені ол арзан. Ұн тартушылардың бұл әрекеті 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың ақпаны аралығында елімізде ұн бағасын түсіруге мүмкіндік берді. Алайда Украи­нада әскери қақтығыстың және санкциялардың салдарынан, Ресей өз бидайын ЕЭО елдеріне, оның ішінде Қазақстанға экспорттауға уақытша тыйым салды».
Енгізілген шектеудің нәтижесінде ­Ресейде бидайдың ішкі бағасы төмендей бастады.
Ал бұл ресейлік ұн тартушыларға оң әсер етті. Олар кәсіптерін одан әрі дөңгелетіп, өндірістерін белсенді жүргізіп, өнімдерін өте тиімді бағыт – Орталық Азия елдеріне сата бастады. Айта кетелік, қазір Ресей ұнының бағасы қазақстандық ұннан шамамен 10 АҚШ долларына арзан.
Дегенмен елімізде бидай экспорты жалғасуда. Ол тоқтаған емес. Мысалы, қуаңшылық орын алған 2021 жылы сыртқа 5,8 млн тонна бидай сатылды. ЕЭО елдері арасындағы тауар айналымын есептемегенде, Қазақстанның бидайын импорттаушы негізгі елдер – Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан және Италия.
Былтыр елордада өткен «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2030 жылға қарай еліміздегі бидай шығымы 40 процентке дейін төмендеуі мүмкін. Климаттың жылынуы осындай салдарға әкеледі» деп мәлімдеді.

Шиеліде баға тұрақты
Елде астық қажетті мөлшерде жиналды дегенімен нан бағасы 19%-ке қымбаттаған. Ал ас атасының өндіріс көлемі бір жылда 3 процентке төмендеген. Оған электр энергиясы, коммуналдық қызмет бағаларының өсуімен байланысты дейді мамандар.
Десе де, бұл жағымсыз жаңалықтың әзірге шиеліліктерге қатысы жоқ. Бұрынғыша 1 бөлке нан 100 теңгеден сатылып жатыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары:
– Әкімдік тарапынан наубайханаларға ұнды төмен бағада жеткізуді қамтамасыз етіп отырмыз. Соған сәйкес нан бағасы тұрақты, – дейді.
Қазір баға өспегенімен, өзге өңірлердегі қымбатшылықтың лебі бәрі-бір әсер етпей қоймасы анық. Әрине республика бойынша нақты шаралар қолға алынып, ұн бағасы төмендесе жағдай басқаша. Қалай болғанда да күн сайын есікті сығалап келіп тұратын қымбатшылық жұрттың мазасын алып бітті. Бұл тек бізде ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге салып жатқанын ескеріп қана өзімізді жұбатуға тура келеді.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
17 қазан 2022 ж. 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930