ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛАТЫН СӘТ
Елімізде 20 қараша күні өтетін Президент сайлауына бірнеше кандидаттан өтініш түскен. Бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясы жеті адамның құжаттарын қабылдады. Олардың төртеуі кандидаттарға қойылатын барлық талаптарға сәйкес деп танылған.
Сәйкес келген үміткерлер – Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал үш кандидаттың құжаттары қазір мемлекеттік органдарда, олар Нұржан Әлтаев, Талғат Ерғалиев және Қарақат Әбден.
Сәйкес келген үміткерлер – Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Нұрлан Әуесбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал үш кандидаттың құжаттары қазір мемлекеттік органдарда, олар Нұржан Әлтаев, Талғат Ерғалиев және Қарақат Әбден.
Кандидаттарға қойылатын алғашқы талап – Қазақстан Республикасының азаматы болуы. Одан соң ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы, жоғары білімінің болуы, жасы 40-қа толған болуы, белсенді сайлау құқығының болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс.
«Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан күні сағат 18.00-де аяқталады. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың санының жоқ дегенде 1 пайызының қолын жинаумен куәландыруы тиіс. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күн ішінде жүргізіледі.
Бұл жолғы сайлау ерекшелігінің бірі –науқан кестесінің алдын ала жария етілуінде. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы туралы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан бір ай бұрын құлаққағыс етті. Ал бұған дейін мерзімінен бұрын өткен сайлаулардың барлығы олардың күні көрсетілген Жарлыққа қол қойылған күні мәлім болып келген еді. Бұл уақыт алдағы науқанның қоғамда кеңінен талқылануына ғана емес, әлеуетті қатысушыларды алдын ала дайындауға да жеткілікті болды. Заң бойынша сайлау күні белгіленгеннен кейін екі ай ішінде өтеді, бірақ іс жүзінде науқан үш айға созылмақ.
Сонымен қатар Президент алдағы Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын айтып отыр. Барлық саяси күштердің алдағы Парламент және мәслихат сайлауларына дайындалуға жеткілікті уақыты бар.
Алдағы уақытқа жоспарланған Мәжіліс сайлауы да пропорционалды жүйеден аралас жүйеге көшудің басты белгілерінің бірі болып саналады. Мәселен, аудандық деңгейді алатын болсақ, мажоритарлық жүйе арқылы партия мүшесі де, партия құрамына енбеген адам да өз кандидатурасын депутаттыққа ұсына алады. Облыстық деңгейде де, республикалық деңгейде де мәслихат, мәжіліске партиялардан 50, 70 пайыздан сайланатын болса, қалғаны қарапайым тұрғындардың үлесінде.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесу барысында:
– Қазір елімізде үлкен саяси науқан басталды. Әрине, сайлау болғаннан кейін түрлі пікірталастар болады. Сонымен қатар ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін. Біз осыған сақ болуымыз қажет. Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз, – деді.
Иә, айналамызда түрлі қақтығыстар мен жайсыз оқиғалар орын алып жатқан тұста, ел бірлігін сақтап, жұмылған жұдырықтай болу маңызды. Кешегі «Қанды қаңтар» оқиғасы барлығымызға сабақ болғаны рас. Енді ел ішіне іріткі салып, жұртты дүрліктіретіндерге жол бермеуіміз керек-ақ.
Айта кетейік, шиелілік сайлаушылар өз мәртебесін төменде көрсетілген QR код арқылы біле алады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ