ТАЛАП КҮШЕЙМЕСЕ, ТАЗАЛЫҚ ТА БОЛМАЙДЫ

Дәл қазір «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киіп отырған жайымыз бар. Ауданның қақ орталығының күйін күнде көріп жүрсіз. Орталық базардағы айналмалы жолдың маңын, Абылайхан көшесінің бойын, Тәжібаев көшесінің көркін бейбейрекет тасталған қоқыстар кетіріп тұр. Оның қатарына Досбол датқа, Ақ орда мөлтек ауданы, әл-Фараби, Жайлыбаев, Шоқай көшелерін қосыңыз. Мәселен, Абылайхан көшесінің бойында 10-нан кәсіпкерлік ғимараттар жұмыс істейді. Оларға тек бар-жоғы 2 ғана контейнер берілген. Әрине, бұл жеткіліксіз. Осыған байланысты кент әкімдігіне хабарласқанда аталған мәселенің әлі күнге дейін қаралып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Бейберекет жатқан қоқыс үйінділері жиі жойылып жатады. Санитарлық абаттандыру айлықтары да ұйымдастырылуда. Бірақ қиын түйіннің күрмеуі шешілер емес. Мәселен, бүгін ол жер тазаланса, таңертеңгісін тағы да кешегідей қалыпқа түседі. Осы арада жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылау аз ба деген ойға қаласың. Осындай немкеттіліктің салдарынан коммуналдық қалдықтарды полигондарда жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша заман талабына сай инфрақұрылым болмай отырғаны шығар.
Ауыл-аймақтың маңайын мұнтаздай таза ұстап, төл табиғатымызға тағылық жасамай, аялай білу үшін ең алдымен жалпақ жұртты жақсы іске ұйымдастыра білу керек. Мәселен, экология мәселелерін кеңінен талқылайтын әрқилы дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізу керек-ақ. Иә, аудан әкімі 15 шілде күні тағайындалғаннан бері күні бүгінге дейін тазалыққа қатысты қыруар жұмыс жасап жатқанымен, қоқысқа батқан, айналасы адам көргісіз елді мекендер, көшелер әлі де бар.
Біздің тараптан тазалық тасада қалмауы үшін бірнеше ұсыныс айтып көруді жөн санадық. Біріншіден, қоқыстарды тастайтын арнайы контейнерлер санын көбейту керек. Қала берді арнайы камера қойып, айыппұл көлемін мейлінше ұлғайту керек. Сонымен қатар қордаланып қалған қыруар мәселенің бірден-бір шешемі бұл – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу. Кент әкімі де осы мәселеге бей-жай қарамаса игі.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (сурет)
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (сурет)