Жаңашыл жастар марапатталды
Жаңашылдыққа жаны құмар, танымдық білімдерін арттыруға ниетті жастарға арналған «Елбасы медалінің» жүлдегерлері марапатталды.
Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен дарынды балалар мен жастарды кешенді қолдауға арналған «Ел үміті» жобасы аясында «Елбасы» жүлдесінің иегері атанған оқушылар марапатталды.
Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен дарынды балалар мен жастарды кешенді қолдауға арналған «Ел үміті» жобасы аясында «Елбасы» жүлдесінің иегері атанған оқушылар марапатталды.
«Елбасы медалі» бағдарламасы еліміздегі ұлттық деңгейде өткізіліп отырған жалғыз бағдарлама. Оның негізі 7 бағыттан тұрады. Атап айтар болсақ, кітап оқу, спорт және дене шынықтыру, дарын мен дағды, волонтерлік, ұлттық мұра. 14 пен 18 жас аралығындағы жастар қатысатын бұл бағдарлама олардың өз уақытын тиімді әрі дұрыс басқаруына септігін тигізеді, әрі салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі даму үстінде болуға баулиды.
Шиелі ауданы бойынша үлкен еңбектің арқасында нәтижеге қол жеткізген 1 оқушы күміс медальдің, 7 оқушы қола медальдің иегері атанды. Оларды аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков құттықтап:
– Жастар – болашақтың алтын діңгегі, болашаққа бастар нақты істердің темірқазығы. Ал жастар қолдауы – мемлекеттің даму статусын жоғары көтеретін, әлемдік аренадағы еліміздің асқақ беделін айқын көрсете алатын ерекше күш. Сондықтан да, болашақ ел дамуының қозғаушы күші, сіздермен ерекше себеппен бас қосып отырғаныма қуаныштымын! – деді.
Жиын соңында жүлделі орын иеленген оқушыларды құттықтап, гүл шоқтарын берді.
Айта кетейік, үздіктердің қатарында көрінген 62 қызылордалық оқушы «Елбасы медалін» иеленді.
«Өскен өңір» ақпарат