Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеге қарсы күрес күшейтілді

Кенеге қарсы күрес күшейтілді

Көктем мен күз мезгілі келгенде ең әуелі, кене деген зиянкестен қорғануды ойланатын болдық. Бала кезімізде «кене жабысып қалыпты» деп алып ­тастап жүріп кете беретін едік. Соңғы жылдары бұл жәндіктің адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіріп жатқанын, көріп жүрміз. Сондықтан жылдағы дәстүрге сәйкес көктем және күз айларында ауыл-аймақтарда, үй-жай, қора-қопсыларда зиянды жәндіктерге қарсы улау жұмыстары жүргізіліп ­жатады.
Осы мәселеге байланысты өткен аптада облыс әкімдігінде аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі отырыс өтті. Онда аудан әкімдеріне, басқарма, департамент басшыларына нақты тапсырмалар берілген болатын. Сол тапсырмалардың уақытылы және өз деңгейінде орындалуын пысықтау үшін тиісті сала мамандары аудандарға сапар шеккен еді. Сәрсенбі күні осы мақсатта ауданға Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ басшысы ­Ерлан Бейсенбаев келіп, Көкшоқыда ауыл әкімдері, ветеринария саласы мамандарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Е.Бейсенбаев облыста залалсыздандыру бойынша мердігер мекеме нақтыланып, жос­парлы істі атқаруға дайын екенін жеткізді.
Жылдағыдай биылғы жоспар да ауқымды. Әрбір үйдің қорасын залалсыздандырып, аудан ветеринарлары мен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін мекеме сапаға мән беру керек. Оның ұйымдастырылуына ауыл әкімдері жауапты. Алғы сөзде аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов осыны айтып, тиісті тапсырмалар берді.
– Қырым-қанды гемморогиялық қызба ауруы өте қауіпті ауру. Аудан бойынша жасыратыны жоқ, осы дәрілеу барысында жылдар бойы тазаланбаған, көң-қиы көп қораларға дизенфекция жасалып жатады. Дәрілеушілердің міндеті жұмыс алаңын есептеп, дәрісін шашу. Бірақ көң-қидан тазаланбаған қораға қанша жерден дәрі шашылып, улау жұмыстары жүргізілгенімен нәтижесі айтарлықтай жақсы бола қоюы екі талай. Сондықтан тұрғындарға алдын ала ескертіліп, түсіндіріліп, қора-жайларын көң-қидан тазалап қойса дейміз.
Бұл енді яғни, ақпараттандыру, ескерту жұмыстарын жүргізу ауыл әкімдері мен ветеринариялық инспекция мамандарының жұмысы деп білемін. Дәрі-дәрмек шашылып, улау жұмыстары біткеннен кейін сол елді мекен, қора-жайдан ауру шығып, адамға зиян келіп жатса, бұған ауыл әкімдері мен аталған сала мамандары жауапты болмақ, – деді.
Айта кетейік, аудан бойынша 10 жағдай анықталып, оның 4-еуі нақтыланған. Өкінішке орай, 2 өлім жағдайы тіркелді. Негізі облыста 123 елді мекен қолайсыз аймаққа кіріп отыр. Оның ішінде Шиелі ауданында 16 елді мекен дәрілеу тізіміне енген. Олар – Шиелі кенті, Қарғалы, Бидайкөл, Н.Бекежанов, Бәйгеқұм, Еңбекші, Қосүйеңкі, Майлытоғай, Тұрсынбай датқа-Ботабай, Алмалы, Жиделіарық, Ш.Қодаманов, Бестам, Досбол датқа, Ә.Тәжібаев, Жаназар батыр-Бірлестік елді мекендері. Мамандар мәліметінше, кене шағу деректері көп жағдайда үй жануарларының маңында кездеседі. Сондықтан ауданда биыл 43579 мүйізді ірі қара, 742 түйеге, 71031 уақ малға және 6232 шыңлақ пен суаттарға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жүргізетін мердігер мекемеге облыс бойынша 223 млн теңге қаржы қаралған. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөз бар. Осы тәмсілді бек түсіне отырып, ауыл әкімдері, ветеринарлар, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» асқан жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен, бірлескен түрде тиянақты жұмыс жасағаны жөн. Бір-біріне ысырып, жұмыс нәтижесіз қалмауы керек. Облыс әкімдігі қажетті қаржыны бөліп берді. Мердігер мекемелер келіп тұр. Ауыл әкімдері мен аталған сала мамандарының ендігі міндеттері үйлестіру, халыққа түсіндіру. Мердігерлердің жұмысын бақылау. Айта кету керек, биылғы қора-жайға себілетін дәрінің атауы «Креолин-Х5%». Қолданылу мөлшеріне келетін болсақ, малға шашу үшін 999 литр суға 1 литр креолин-Х5% дәрісі қосылады. Ал қора-жайға шашу үшін 999 литр суға 2 литр креолин-Х5% дәрісі араластырылады.
Жиын барысында аталған жұмыстарда қауіпсіздікті қатаң сақтау ескертілді. Сондай-ақ, кенеге қарсы залалсыздандыру шараларын еш кедергісіз жұмыла атқару керектігі айтылды. Жалпы ауданда залалсыздандыру жұмыстарына 8 автокөлік жұмылдырылған. Бұл жұмыстарды 18 адам жүзеге асырады. Айта кетейік, бұл жұмыстар ауданда 21 қыркүйек пен 16 қазан аралығында өтетін болады.
Шара барысында түрлі пікірлер айтылып, сұрақтар да қойылды. Науқан ұтымды ұйымдастырылса, кене саны кеміп, одан жапа шегетіндер де азаяды. Қырым-қанды қызбасы аса қауіпті аурудың қатарына жататындықтан, мамандар мейлінше сақ болуға шақырады. Ал малы бар шаруалар төрт түлігін дер кезінде залалсыздандыруға жағдай жасаулары тиіс. Осы тұста айта кетеріміз, ауданға сырттан, облыстан мал алып келіп жатады. Сол малдардың ветеринарлық құжаты болғанымен, бізге беймәлім паразиттері болуы әбден мүмкін. Сондықтан сақтық шаралары назарда болса, шаруаның да жұмысы шатқаяқтамай, шалқып, қоғамда да зиянкестерден төнер қауіп азайған болар еді.

Ш.Тілеубаев
26 қыркүйек 2022 ж. 519 0