Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенемен күрес – шаруаға зор үлес

Кенемен күрес – шаруаға зор үлес


Көктем келіп, күн жылынғандықтан, барлық тіршілік біткен жанданып, қозғалыс үстінде болады. Көктемгі «қарбалас» тірлік жан біткенге ортақ болғандықтан да болар, әр нәрсе өз міндетіне кірісіп кетеді. Көктем келгенде бүгіндері ең бірінші, кене деген зиянкес­тен қорғануды ойланатын болдық. Бала кезімізде «кене жабысып қалыпты» деп алып тастап жүріп кете беретін едік. Бірнеше жылдан бері аталған жәндіктен келіп жатқан кесел мен адам өмірін алып кетіп жатқан оқиғаларды естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан, қыстың көрпесін көктем ысыра бастағаннан шаруалардың бірінші жұмыстарының тізімінде малдары мен қора-қопсыны кенеден залалсыздандыру жұмыстары тұрады.
Облыс аймағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағына жатқызылғандықтан жыл сайын қолайсыз болып анықталған елді мекендерде көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осыған сәйкес, 2018 жылы облысымыздың 127 елді мекенінде мал бастары мен қораларға, суаттар мен шаңлақтарға 2 реттен көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда аталған елді мекендердегі 523679 мал басы мен жалпы ауданы 3290449 шаршы метрді құрайтын қора, суат және шаңлақтар анықталған.
Міне, осы тақырып аясында аудандық ветеринария бөлімінің ұйымдастыруымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Басқосуды аталған күрделі тақырып төңірегіндегі жан-жақты әңгімесімен ашқан аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров облыстан арнайы келген қонақтарды көпке таныстырып өтті. Мұнан әрі Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Е.Бәкіров пен жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының басшысы Б.Қарсақбаев өз ойларын ортаға салып, жұмыстың барысынан хабар берді.
Бізге мәлім болғанындай, өткен 2017 жылдың 1-кезеңінде 28 елді мекенде 8 «Газель» автокөлігімен «Ципек 25%» препаратын пайдаланып, 35932 бас мүйізді ірі қара, 1215 бас түйе, 10 бас шошқа, 71444 бас уақ мал, 6214 қора жалпы көлемі – 702612 ш.м, 189 суат пен шаңлақ жалпы көлемі – 482133 ш.м. жерге ал, ІІ кезеңде 26 425 бас мүйізді ірі қара, 1145 бас түйе, 58932 бас уақ мал, 4489 қора – жалпы көлемі 513152 ш.м., яғни 142 суат, шаңлақ жалпы көлемі – 382 613 ш.м. жерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, бізге берілген мәліметтерге сүйенсек, Алмалы, Ақмая, Жуантөбе, Телікөл, Жөлек, Сұлутөбе, Қарғалы, Талаптан, Жаңатұрмыс ауылдық округтеріндегі орналасқан мал тоғыту ванналарын іске қосып, 15623 бас уақ малдардың қырқым маусымы біткен соң тоғытылыпты. Осы аталған мал тоғыту ванналары да зор маңызға ие болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жандануы тиіс. Ондағы судың белгілі бір мезетте пайдаланылып болған соң ауыстырылып отыруы, яғни бір отар қой түскен суға тағы бірнеше отарды түсіргенмен, пайдасы жоқ екендігін айта кету керек.
Ал, ағымдағы жылғы залалсыздандыру жұмыстарын ауданда 25 елді мекенде 12 «Газель» автокөлігімен «Циперметрин 10% к.э» препаратын пайдаланып, дезинсекция жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған жұмысты жылдағыдай биыл да «Төрт түлік белгілері» мердігер мекемесі атқаратын болады. Сандық көрсеткіштері бойынша, 40829 бас мүйізді ірі қара, 1315 бас түйе, 283 бас шошқа, 61831 бас уақ мал, 6520 қора жалпы көлемі – 423644 шм, 132 суат жалпы көлемі – 108475 ш.м., яғни, 134 – шаңлақ жалпы көлемі – 211570 ш.м. жерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Кенеге қарсы улау жұмыстарының тиімділігі мал қораларының механикалық жағдайына да байланысты болатындықтан, залалсыздандыру жұмыстары басталар алдында қора-жайлардың қилар мен қоқыстардан тазартылғаны дұрыс. Өйткені, тазартылмаған қораларға улау жұмыстары жүргізілмейтіндігі ескертілді.
Мал соңында көшіп-қонып өмір кешкен бабаларымыз әр нәрсенің орайын тауып отырған. Айтайын дегеніміз, сонда бір жерден бір жерге көшкенде кене секілді өзге де зиянкестер ілеспес үшін жерге киіз төсеп, оны арқанмен байлап, 25-30 км. жерге дейін сүйреп жүрген. Сол кезде киізге тұтаса жабысқан кенені өртеп, бір жағынан залалсыздандырып отырған. Міне, осылай да жан баққан шаруаларға бүгінде түрлі дәрі-дәрмектердің көмегі тиюде. Жоғарыда аталған сала мамандарының айтуынша, мемлекет әрбір жанның алдындағы баққан малын улап беруге міндетті емес екен. Әркім өзі ветеринарлық дәріханалардағы қолжетімді бағада сатылатын дәрі-дәрмектерді төрт түлігіне дер кезінде ектіріп отырса, келеңсіз жайттар орын алмайтындығын да баса айтты.
Шара барысында түрлі пікірлер айтылып, сұрақтар да қойылды. Науқан ұтымды ұйымдастырылса, кене саны кеміп, одан жапа шегетіндер де азаяды. Қырым-қанды қызбасы аса қауіпті аурудың қатарына жататындықтан, мамандар мейлінше сақ болуға шақырады. Ал, малы бар шаруалар төрт түлігін дер кезінде залалсыздандыруға жағдай жасаулары тиіс. Осы тұста айта кетеріміз, ауданға шет аудан, облыстан аудан территориясына мал әкелініп жатады. Сол малдардың ветеринарлық құжаты болғанымен, бізге беймәлім паразиттері
болуы әбден мүмкін. Сондықтан, сақтық шаралары назарда болса, шаруаның да жұмысы шатқаяқтамай, шалқып, қоғамда да зиянкестерден төнер қауіп азайған болар еді.
Дина ЖҮСІПОВА.
07 сәуір 2018 ж. 1 278 0