Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеден кесір келмесін

Кенеден кесір келмесін


Көктем шыға құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, жәндік атаулы оянып, тіршілік үшін тырмысып, тартысқа түсіп шыға келеді. Ауыл-аймақта аз-кем мал ұстап отырған шаруалар үшін осылардың ішіндегі ең қауіптісі кене. Тұрпаты сондай кіші болғанымен байқамасаңыз, Конго-Қырым геморрогиялық қызбасы дегеніңіз осы жәндіктен жұғып жатады. Конго-Қырым қанды безгегі адамды ауру кене шаққан кезде жұғатын вирустық ауру. Емдеу өте қиын. Ошақтары Африка, Азия, Еуропа елдерінде кездесіп жатады. Бұл аурудың емін алғаш 1944 жылы Ресей дәрігерлері тапқан деген деректер бар. Алдын алу үшін кенеден сақ болу керек. Әйтпесе, Құдайдың көзі түзу болсын деңіз...

Жылдағы дәстүрге сәйкес, көктем және күз айларында ауыл-аймақтарда, үй-жай, қора-қопсыларда паразитарлық аурулар, зиянды жәндіктерге қарсы улау жұмыстары жүргізіліп жатады. Осы мәселеге байланысты өткен аптада облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі отырыс өтті. Сонда аудан әкімдеріне, басқарма, департамент басшыларына нақты тапсырмалар берілген болатын. Сол тапсырмалардың уақытылы және өз деңгейінде орындалуын пысықтау үшін тиісті сала мамандары аудандарға сапар шеккен еді. Кеше осы мақсатта Шиелі ауданына облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Әпетов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаев бастаған бірқатар мамандар келіп, Көкшоқыда ауыл әкімдері, ветеринария саласы мамандарымен кездесу өткізді.
– Бүкіл республика бойынша ең бірінші болып қырым-қанды безгегінің қиындығын, зардабын тартқан халықпыз. Бұл аурудан қайтыс болғандардан бірінші тіркелген жері де осы Шиелі болып есептеледі. Сондықтан, біз бұл мәселеге өте қатты мән беруіміз қажет. Ауыл әкімдері, сіздерге айтарым, былтырғы жылы бұл жұмыс өз деңгейінде үйлестірілмеді. Кенеге қарсы улау жұмыстары шала жасалған ауылдарда бұл жұмыстар қайтадан жасалып жатты. Мемлекет қаржысы өз деңгейінде игерілуі тиіс. Улау жұмыстары тазаланбаған қорада жүргізілмеуі керек. Дәрінің мөлшері тиісті деңгейде болғаны жөн. Осы шара барысында өз деңгейінде жұмысты үйлестіре алмаған біраз адамға шара көрілді. Тіптен, кейбірі жұмыстан шығып кете жаздаған болатын. Биылғы жылы бұндай мәселе қайталанбауы керек. Мердігер мекеменің басшысы Шымкенттен келдіңіздер. Өз қызметтеріңізді сапалы атқарыңыздар. Бұл ойнайтын мәселе емес. Дәрінің құрамы дұрыс және сапалы болсын Дәріленетін қоралар мал иесі тарапынан алдын-ала тазалануы керек. Бұл үшін үй-жай егелеріне ескертілуі тиіс. Еңбекші, Телікөл, Талаптан ауылдары мен Шиелі кенті бір кездері осы аурудың зардабын қатты тартты десек қателеспейміз. Қаншама адамдарымыздан айырылдық. Сондықтан, ұйымдастырылғалы тұрған жұмысқа аса мән беріп, уақытылы және сапалы етіп өткізуіміз керек, – деді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы шара барысында.
Ал, облыстық ветеринария басқармасы басшысы Е.Әпетов болса:
– Қырым-қанды гемморогиялық қызба ауруы өте қауіпті ауру. Былтырғы жылы Жаңақорған ауданында бір азаматша қайтыс болды. Отбасы, бала-шағасы бар жап-жас келіншек. Жалпы, халық бір нәрсені түсінуі шарт. Ауылшаруашылығы жануарлары аталған аурумен ауырмайды. Бірақ, осынау ауруға себепкер жәндіктің тасымалдаушысы болып табылады. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері бүгін бізбен бірге Шиеліге келді. Ертеңнен бастап, ауыл-аймақтарға барып, елді-мекендерді аралап, суаттардан, жайылымдардан, шаңлақтардан зерттемелер алады. Жасыратыны жоқ, осы дәрілеу барысында жылдар бойы тазаланбаған, көң-қиы көп қораларға дизенфекция жасалып жатады. Дәрілеушілердің міндеті жұмыс алаңын есептеп, дәрісін шашу. Бірақ, көң-қидан тазаланбаған қораға қанша жерден дәрі шашылып, улау жұмыстары жүргізілгенімен нәтижесі айтарлықтай жақсы бола қоюы екі талай. Сондықтан, тұрғындар алдын-ала ескертіліп, түсіндіріліп, ақпараттандырылып, қора-жайларын көң-қидан аршып қойса дейміз. Бұл енді, яғни, ақпараттандыру, ескерту жұмыстарын жүргізу ауыл әкімдері мен ветеринариялық инспекция мамандарының жұмысы деп білемін. Дәрі-дәрмек шашылып, улау жұмыстары біткеннен кейін сол елді-мекен, қора-жайдан ауру шығып, адамға зиян келіп жатса, бұған ауыл әкімдері мен аталған сала мамандары жауапты болмақ – деді.
Жалпы, Шиелі ауданында 17 елді-мекен дәрілеу тізіміне енген. Бұл жұмыстарды жүргізетін мердігер мекемеге облыс бойынша жұмылдыру басқарма арқылы 213 млн. теңге қаржы қаралған. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөз бар. Осы тәмсілді бек түйсіне отырып, ауыл әкімдері, ветеринарлар, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» асқан жауапкершілікпен, ыждахаттылықпен, бірлескен түрде тиянақты жұмыс жасағаны жөн. Бір-біріне ысырып, жұмыс нәтижесіз қалмауы керек. Облыс әкімдігі қажетті қаржыны бөліп берді. Мердігер мекемелер келіп тұр. Ауыл әкімдері мен аталған сала мамандарының ендігі міндеттері үйлестіру, халыққа түсіндіру. Мердігерлердің жұмысын бақылау. Айта кету керек, биылғы қора-жайға себілетін дәрінің атауы «Креолин-Х5%». Қолданылу мөлшеріне келетін болсақ, малға шашу үшін 999 литр суға 1 литр креолин-Х5% дәрісі қосылады. Ал, қора-жайға шашу үшін 999 литр суға 2 литр креолин-Х5% дәрісі араластырылады.
Шара барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: «Аудан әкімдігіне қарасты мекемелер ішіндегі ең көп ұжым сіздерде. Ветеринарлар халықтың арасына барып, кездесулер өткізіп, осындай жұмыстар туралы түсіндірме жүргізу керек. Ауылдарда таңертеңгілік кезде падаға мал әкеліп қосатын тұрғындар көп. Сол жерлерге барып, жиналып тұрған адамдарға жолығып, ақпараттық-насихат жүргізіңіздер. Шиелі кентінің өзінде 9 жерде пада ұйымдастырылған. Сол орындарға барыңыздар. Әкімшіліктерге шаруа адамдарын жинау қиындау, оның үстіне тұрғындардың, шаруалардың уақыты да бола бермейді. Кеңседе отырып, уақыт оздырып жүре бермей елге жақындау керек» – деп, аудан басшысы ветеринария бөліміне халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау қажеттігін қатаң ескертті.
Аталған жұмыстар ауданда 8-25 сәуір аралығында өтетін болады. Осы аралықта үйінде мал-жайы бар тұрғындар қора-қопсысын тазалап, дәрі-дәрмегін сепкізіп алғаны жөн. Ол үшін, кент-ауыл әкімдігімен хабарласып дәрілеушілердің келетін уақытын біліп отырғандарыңыз дұрыс. Қауіп қайдан демеңіз. Жәндіктен жапа шекпеңіз. Денсаулық, өмір, қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда. Мемлекеттен бөлінген тегін дәрімен мүмкіндік беріліп тұрғанда, айналаңызды ақысыз түрде қауіпті жәндіктерден залалсыздандырып алғаныңыз өзіңізге жақсы.


Нұрболат Сәдуақасұлы.
Сурет Б. Бәйімбеттікі.

09 сәуір 2019 ж. 881 0