Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркиялық инвестормен бірлескен жоба

Түркиялық инвестормен бірлескен жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді» деген болатын.
Осыған орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірге инвестиция тарту, әсіресе шетелдік инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырған еді. Бұл ретте аймақта түрік компанияларымен бірлескен жобалар жандана бастады. Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов түркиялық «Isiklar Holding» компаниясының бас директоры Ока Хусейнмен кездесті.
Іссапар аясында екі тарап өңірде қағаз қораптар жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл Түркияда қағаз қораптарды өндіру және өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін, жылдық айналымы 250 млн долларды құрайтын ірі компания.
Кездесу аясында түркиялық инвесторға өңірдің инвестициялық әлеуеті және жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі бар өндірістік объектілерді таныстырды.
Атап айтқанда, ауданда жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын «Гежуба Шиелі» цемент зауытына ат басын бұрды. Мұнда меймандарды зауыт директорының орынбасары Фу Минг күтіп алып, зауыттың мүмкіндігімен толық таныстырды. «Гежуба Шиелі» цемент зауыты іске қосылған күннен бастап 500 мың тоннадан астам цемент өнімін өндірген. Соның 30 процентін Өзбекстан республикасына экспорттайды. Айта кететін тағы бір дүние, зауытта 95 процент жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Сондай-ақ өткен жылы әлемді әбігерге салған індет өршіп, барлық жерде жұмыс тоқтап, елде карантиндік режим жарияланған сәтте де зауыт басшылығы қызметкерлерге 50 процент жалақы тағайындап отырды.
Мұнан соң меймандар ауданның оңтүстік-шығыс беткейінде жұмыс істеп тұрған «Әшірбеков» шаруа қожалығына аялдады. Аталған қожалық осыдан үш жыл бұрын құны 72 млн теңге болатын күріш ақтау цехын және құны 37 млн теңгеге құрама жем цехы құрылысын іске қосқан болатын. Цех тәулігіне 45 тонна күріш өңдеп, 28 тонна құрама жем шығарады. Сонымен қатар 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Зауыттың аумағы 4 га, сыйымдылығы 12000 тонна. Шиелідегі өндіріс орындарымен танысқан түркиялық «Isiklar Holding» компаниясының бас директоры Ока Хусейн ерекше таңданысын білдірді.
Соңғы сапар «Мия Шиелі» ЖШС. Аталған серіктестікке барып, өндірістік объектілермен танысты. Зәулім де әсем ғимарат анадайдан менмұндалап тұр. Жалпы бұл серіктестіктің мия өңдеу зауытына 5 гектар жер телімі берілген. Жобалық құны 612 млн теңгені құрайтын мия зауыты барлық инфрақұрылым тартылған индустриалды аймақта орналасқан. Жылдық қуаттылығы 250-300 тонна шикізат өндіруге қауқарлы. Зауытта 50 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, мия тамырын өңдеуге арналған барлық қажетті құрылғылар мен аппараттар орнатылған. Осының өзінен-ақ бұл зауыттың болашағы жарқын екенін аңғаруға болады.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов жобаны жүзеге асыру мақсатында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және өңірде басқа да жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
26 қыркүйек 2022 ж. 467 0