Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егінге орақ түсті

Егінге орақ түсті

Сенбі күні Сыр диқандары егінге орақ салды. Берекелі науқанды алғаш болып Сырдария ауданының шаруалары бас­тады. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі ­Ербол Қарашөкеев пен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали ­Брекешов қатысты.
­«Ақжарма и К» фермерлік қожалығында өткен күрішке орақ салу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығын көрмегенін тілге тиек етіп, Сыр диқандарына ақжарма тілегін арнады.
– Облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда ондай шешімнің аймақ халқы үшін зардаптарын болжай отырып біз ол қадамға бармадық, яғни, күріш көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан, суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды, – деді Н.Нәлібаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев диқандардың ала жаздай еткен еңбегін жоғары бағалап, ел Үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндетін алға қойғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Қызылорда облысын «Күріштің астанасы» деп атап, ел бойынша күріштің 78,6 мың гектары, яғни, 90%-і Сыр өңірінде егілгенін мақтанышпен жеткізді.
– Ең өзекті мәселе, яғни дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе өнімділік одан да арта түседі. Бұл аймақта күріш өндіру өте жақсы деңгейде дамыған ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отырған осы шаруалардың зор еңбегін атап өту қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Егіс алқабындағы мерейлі сәт «Дала күні» cеминар-кеңесімен жалғасты. Жиында ауыл шаруашылығы министрлігінің күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдауға ниетті екендігі белгілі болды. Сондай-ақ аймақ басшысы суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру бағытында жүгері егу ісіне ерекше көңіл бөлуге болатынын жеткізді.

Су — ырыстың көзі
Жыл басында Сыр өңірінде аяқсу мәселесінен айтарлықтай қиындықтар туа­ды деген болжам, күдік болғаны рас. Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды. Мәселен, су тапшылығының алдын алу мақсатында облыс бойынша биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде Шиелі ауданында жалпы ұзындығы 105,4 шақырым болатын 8 канал тазаланса, биікте орналасқан егіс алқаптарына су жеткізу үшін Үкімет резерві есебінен 3 дана, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен 2 су насосы берілген.

Техникасыз тірлік бітпейді
Егіннің жайқалып өсуі үшін аяқсудың алар орыны ерекше десек, оның жерге себіліп, содан соң қамбаға түсуі үшін ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы айрықша.
Осы бағытта биыл облыс бойынша егін жинау жұмыстарына қатысатын 1763 трактор, 849 комбайн, 476 жатка, 353 жүк көлігі, 825 трактор тіркемесі толық дайындыққа келтірілген. Сонымен қатар, биылғы жылы жаңадан 43 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алыныпты. «Қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының мүмкіндігі күріш егісін агротехникалық мерзімге сәйкес орып және жинап алуға толық жеткілікті» дейді жауапты сала басшылары. Бүгінгі таңда аймақ бойынша егілген 188,5 мың гектар егіннің бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау жұмыстары аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, мал азығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін оңтайлы мерзімде жинап алуға толық дайын. Ал аймақта егін жинау науқанын 10 қазанда аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, күріш дәнін себу рәсімі сәуір айының орта шенінде Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруашылығының егін алқабында өткен еді. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстанның Еңбек Ері ­Абзал Ералиев және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың астауынан дән сепкен болатын.

Рамазан ӘНӘПИЯ
23 тамыз 2022 ж. 508 0