ДЕПУТАТТАР ЕЛ ІШІНДЕ
Өткен жұмада ауыл-аймақтың әлеуметтік жағдайы қалай? Президент уәде берген билік пен қоғам арасындағы ашық диалог қалай жүзеге асуда? Ауыл халқы нені аңсайды? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Парламент депутаттары жылдағы дәстүрге сай өңірлерге сапарға шықты.
Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских Шиелі ауданында болып, Қоғалы, Керделі және Ақмая ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар кездесуге «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сыздық Болат Мүбәрәкұлы, аудандық мәслихат хатшысы Жағыпбаров Тұрмағанбет Әлиасқарұлы, аудандық мәслихат депутаты Рысбаева Ақсамал Сардарбекқызы қатысты.
Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских Шиелі ауданында болып, Қоғалы, Керделі және Ақмая ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті. Сонымен қатар кездесуге «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сыздық Болат Мүбәрәкұлы, аудандық мәслихат хатшысы Жағыпбаров Тұрмағанбет Әлиасқарұлы, аудандық мәслихат депутаты Рысбаева Ақсамал Сардарбекқызы қатысты.
Депутаттардың жұмыс сапары аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың бірі Қоғалыдан басталды. Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары бұл кездесудің негізгі мақсаты елдегі азаматтардың жағдайын көзбен көру, ауылдық елді мемекендерді дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында мемлекет тарапынан жасалып отырған жұмыстардың жүзеге асырылуын, сонымен бірге ашық пікір алмасу арқылы жергілікті жерлердегі негізгі проблемалық мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру екенін айтты.
Ауыл тұрғындары алдымен ауыл емханасына жаңадан жедел жәрдем автокөлігін алу қажеттігін айтты. Одан соң спорттық сауықтыру кешені мен жаңадан ауыл клубын салу, Жуантөбе-Ботабай автожолын (14 км) салу, Ботабай және Жаңа-Арық каналдарын толықтай тазалау, тозығы жеткен электр желілерін және бағаналарын толықтай ауыстыру, Сырдария өзеніндегі қалқымалы көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселелерді көтерді.
Мемлекет басшысы ашықтық, жариялылық қағидатын ұстану қажеттігіне ерекше назар аударып, Үкімет мүшелеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер мен депутаттарға халыққа жақын болуды тапсырды. Сондықтан болар бұл жолы депутаттар ауыл-ауылды аралап, халықтың пікіріне ерекше құлақ түруде. Жазғы демалыс кезінде депутатық сауалдарды жинақтап алу үшін тұрғындардың тіршілігін көзбен көруді жөн санапты.
Келесі аялдама – Н.Бекежанов ауылы. Мұнда да депутаттардың хабарламалары тыңдалғаннан кейін ұсыныс-пікірге кезек берілді. Жиын барысында ауыл тұрғындары ауылдағы аяқ су тапшылығы мәселесі, Н.Бекежанов ауылындағы мал өткелін және Әкімшілік ғимаратын салу сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Депутаттар Геннадий Шиповских пен Бақтыбек Смағұл көптің көкейіндегі мәселелерді тыңдап, ұсыныс-тілектерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешу жолдарын қарастыратындығын айтты.
Депутаттардың ауылдарға арналған сапары Ақмая ауылында мәресіне жетті. Мұндағы өзекті мәселе – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен Ақмая ауылдық округі аралығындағы тас жолды жөндеуден өткізу болатын. Ауыл халқымен амандық-саулық сұрасқан депутаттар бұл мәселе бойынша жауапты министрлікпен келіссөздер жүргізгенін, бұйырса күзге дейін мәселенің түйіні толықтай шешілетінін жеткізіп, тұрғындарды қуантып қойды. Жиын барысында Б.Смағұлов:
«Жаңа Қазақстан» немесе «Әділетті Қазақстанды» Президент не басқа біреу жасап бермейді, қоғам жасайды. Батыр бабаларымыздың рухын, олардың Отанға деген, ауылға деген махаббатын кейінгі буынға үлгі ретінде жер-су аттары солардың атымен аталуы қажет деген мәселені көтеріп жатырмыз.
Жалпы қазір бүкіл салада даму, жаңару секілді өзгерістер жүріп жатыр. Әсіресе тамыры тереңге кеткен жемқорлықпен күрес бағытында біраз жұмыстар жасалып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Жемқорлыққа қатысы бар қаншама адам темір торға тоғытылып жатыр. Қазір әлсіздік танытып, ыру-дыру болсақ, көрінген адам келіп төмпештейтін болады. Сондықтан ең бастысы – халықтың ауызбіршілігі.
Басқосуда «Ақмая» шаруа қожалығының бұрынғы басшысы, ардагер Асқар Жұмаділов:
«Жерді кезінде ауыл тұрғындарының бәріне үлестіріп берді. Қазір ол кездегі халықтың біразы жан-жақа көшіп кетті. Бірақ дивиденттерін алып тұрады. Осы тұрғыда жер ауыл халқына, шаруашылыққа қалса деген тілегім бар. Сонда ауылда тұратын халықтың жері көбейеді, жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Ал сыртта жүргендердің онсыз да жағдайы жаман емес. Бұл мәселені біраздан бері айтып та жүрмін», – деді.
Ардагердің сауалына:
«Жер аманат» деген комиссия бар. Оның құрамында тек депуттатар емес ауыл шаруашылығының жер мәселесі бойынша комитеттің төрағасы, басқа да ауыл шаруашылығында жүрген сарапшылар бар. Сондай-ақ арнайы жедел желі жұмыс жасайды. Соған хабарласып, ауыл шаруашылығы бойынша мәселеңізді жеткізе аласыз», – деп жауап берді Г.Шиповских.
Дариға Хасанова есімді ауыл тұрғыны:
Негізінен біздің ауыл алдыңғы қатардағы ауылдардың бірі. Ол үшін қуаныштымыз. Айтайын дегенім, ауыл азаматтарының көбі шаруашылықта маусымдық жұмыс жасайды. Яғни 6 ай жазда еңбек етіп жалақы алады, ал 6 ай қыста – жұмыссыз.
Сондықтан көп отбасыларға қыстыгүні күнелту қиын. Осы мәселені шешудің қандай да бір жолы бар ма? Мәселен 6 ай жұмыссыз болатын азаматтарға кәсіп ашу үшін төмен пайызбен несие беру секілді. Келесі мәселе – қазір егде жастағы адамдарға жұмысқа орналасу қиын. Үлкен кісілерді еш жер жұмысқа қабылдамайды? Ал зейнет жасына жетемін дегенше біраз уақыт бар? Мұндай жағдайда не істеуге болады? Одан соң бала санына қарай берілетін жәрдемақы бір-екі баласы барларға да берілсе екен. Себебі көпбалалы емес, бірақ тұрмысы төмен отбасылар көп, соларға көмек болар еді, – деген бірқатар ұсынысын жеткізді.
Оған Г.Шиповских:
– Әр ауданның өзінің даму картасы бар деп ойлаймын. Бүгінгі таңда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бар. Жақын арада осы кәсіпкерлік палатасымен бірлескен үлкен жиын өтті. Сонда бірқатар мәселе көтерілді. Соның бірі – өзіңіз айтқан осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету жағдайын қарастырса деген ұсыныс айтылды. Жалпы бизнес жобаңыз болса, төмен пайызбен несие алуға болады. Өкініштісі, мемлекеттен кәсіп ашамын деп қаржы алып, той жасаған адамдарды да көргенбіз. Қалай болғанда да әр нәрсенің сұрауы бар.
Ал шынымен де кәсіп ашып, табыс тапқысы келетіндерге мықты бизнес жоба болса қайтарымсыз қаржы алуға мүмкіндік бар. Ал егер барлық құжатыңыз түгел болып, сәтті қорғасаңыз да жобаңызды қабылдамай заңға қайшы әрекет жасап жатса, міне алдарыңызда «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Болат мырза отыр, осы кісіге шағымдануыңызға болады. Ал зейнет жасын төмендету жайлы Парламентте үлкен жұмыс жасалып жатыр. Жыл соңында жаңа жоба ұсынылады деп күтіп отырмыз, – деді.
81 жастағы ақсақал Каналбай Орынбаев:
– Мен кеңес одағы кезінде 50 жыл өмір сүріппін. Сол уақыттарда бағаның еш құбылғанын көрмедім. Мәселен нанның бағасы 24 теңге болатын, одан көтерілген емес. Ал сары майдың негізгі құны 9 сом 60 тиын болса, оны үкімет халыққа 3 сомнан сатып, үстіндегісін өздері төлеген екен. Ал қазір бізде баға неге құбыла береді? Бұны тоқтатуға бола ма?, – деген базынасын жеткізді.
Б.Сымағұлов:
– Шынын айту керек, бізде қазір осы бағаны жүйелеудің тетігін таба алмай отырмыз. Себебі бұл тек біздің елдегі емес бүкіл әлемдегі ең өзекті проблема болып отыр. Бұған көрші елдердегі қақтығыс ең негізгі себеп. Бізге қазір ең бастысы елдің тыныштығын сақтау маңызды. Бір ғана қантты алайық. Қазақстан өз-өзін 15-20 процент қана қантпен қамтамасыз ете алады. Қалғаны Ресейден келетін. Қазір ол жақтан импорттау қиын болып тұр. Біреулер бізде нан, картоп, май қымбат деп айтып жатады. Бірақ бидай, картоп егу үшін түрлі дәрілер, тыңайтқыш тар аласыз, техникаға құрал-саймандар аласыз оның барлығы шет елден келеді ғой? Қысқасы, қымбатшылық дәл қазір күллі әлем елдерінің алдында тұрған үлкен мәселе.
Ауыл тұрғыны Құндызай Дәрібаева:
Әр ауылда жеке-жеке учаскелік полиция штаты ашылса деймін. Қызметтік көліктері шешілсе, сонда ғана қылмыстың алдын алуға болады. Бізде 3 ауылға бір инспектор тағайындалған. Жалғыз өзі қайда жетеді? Ертең күріш ору науқаны басталады. Ондайда ұры-қарылар көбейетіні белгілі. Ал полиция инспекторы 3 ауылдың барлығының тәртібін қадағалап үлгермейді. Одан кейінгі мәселе – ауыз судың сапасы өте төмен. Жер-су аттарын сол жерге еңбегі сіңген азаматтардың атымен атау керек деп жатырсыз. Осы жерде Ақмая, Гигант ауылдарындағы шаруашылыққа еңбегі сіңген К.Хванның атын бір көшеге беру керек деп есептеймін, – деді.
Одан өзге жиында Іргелі елді мекені мен Ақмая ауылы аралығындағы бір шақырым жолға көше жарық шамдарын орнату, ауыл ішілік көшелерге жаяу жүргіншілер жолын жасауға жұмыс жасау, ауыл ішілік қоғамдық көлік жүретін көшелерге арнайы аялдамалар орнату, ауыл ішілік аяқ су арықтарының арналарын тазартып, қазу жұмыстарын ұйымдастыру, қатты қалдықтарды тастау полигонын қорашалау және барар жолына жәй жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты ауылдың өзекті мәселелері айтылды.
Біз бүгін ауылдық жерлердегі біраз мәселені жазып алдық. Оның ішінде су, жарық мәселесі бар. Жалпы ауыл, аудан деңгейіндегі барлық мәселені шешуге жұмыс жасаймыз. Барлығын назардан тыс қалдырмаймыз. «Жаңа Қазақстанның» жаңа қадамын жасасақ дейміз. Мемлекет басшысының Жодауларына халық үлкен сенім артып отыр, әсіресе ауыл халқы. Сол сенім үдесінен шығу біздің міндетіміз. Келесі сапарымызда бұл жолы айтылған мәселелер толық шешімін табуы тиіс. Біз сол бағытта жұмыс жасаймыз, – деп қорытындылады депутат Б.Смағұлов.
Гүлхан ЯХИЯ