БАҒА ҚАЙДА БАРАСЫҢ, ҚАЛТАМЫЗДЫ ҚАҚҚЫЛАП?
Ресейге салынған санкциялар бізге де ауыр тиді. Тіпті, өткен аптада қарапайым қағаздың өзі қымбаттады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, А4 форматтағы қағаздың бір қорабы бұрын 1500 теңге болса, қазір кемі 3-4 мың теңге. Ал қазір Еуропа қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді Ресейге сатпай отыр. Осыған байланысты көрші елде өндіріс құлдыраған.
Негізі Қазақстанды қамту үшін жылына А4 форматындағы қағаздың 20 млн қаптамасы қажет. Былтыр оның 61 пайызын Ресейден алып келген. Ал 30 пайызы Түркиядан, 8 пайызы Қытайдан тасымалданған. Демек, 95 пайыздан астамы импортта. Ал өзіміз өткен жылы А4 қағазының 600 мың бумасын шығарғанбыз. Елде 2 зауыт болған еді. Бірақ Шымкенттегі «Qagaz Ordasy» зауыты былтыр жабылып қалған. Осы қағаз бен қанттың өзі елдегі өндірістің қай деңгейде екенін көрсетті.
Негізі Қазақстанды қамту үшін жылына А4 форматындағы қағаздың 20 млн қаптамасы қажет. Былтыр оның 61 пайызын Ресейден алып келген. Ал 30 пайызы Түркиядан, 8 пайызы Қытайдан тасымалданған. Демек, 95 пайыздан астамы импортта. Ал өзіміз өткен жылы А4 қағазының 600 мың бумасын шығарғанбыз. Елде 2 зауыт болған еді. Бірақ Шымкенттегі «Qagaz Ordasy» зауыты былтыр жабылып қалған. Осы қағаз бен қанттың өзі елдегі өндірістің қай деңгейде екенін көрсетті.
Адам баласының тіршілігіне алдымен азық қажет, бұл – жаратылыс заңы. Астына қымбат көлік мініп, алтын сарайда тұрғанымен, бәрібір өмір сүру үшін тамақ керек. Министр мен әкім де, қарапайым адам да ас ішпей жүре алмайды. «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаған, сондықтан алғашқы қажеттілігіміз де – азық-түлік. Оны өсіріп, өндіруге мүмкіндігіміз жетіп артылады. Жайылымдық жер мен құнарлы егісті қазаққа аямай бере салған. Бірақ соны есебін тауып, ұқыпты, тиімді пайдалану жоқ. Қарапайым ғана мысал, мемлекеттік қызметкерлерге немесе зейнеткерлер мен мүгедектерге зейнетақы көтеріледі деген сыбыс шығысымен, базардағы бағалар алдын ала көтеріле бастайды. Тіпті зейнетақы адамдардың қолына тимей жатып күнделікті тұтынатын тауарлардың құны шарықтап шыға келеді. Неге?
Халықтың күйін түсінген Президент өткен жылы Үкіметке азық-түлік бағасының қолжетімді болуы үшін жағдай жасауды тапсырған. Жалпы, Мемлекет басшысы үнемі бағаның тұрақтануын қалайтынын айтып келеді. Ал Сауда және интеграция министрлігі шекті баға бекіткені туралы мәлімдеді. Бағаны көтергендерге шара қолданатынын да атап өткен. Дегенмен бұйрыққа бағынып жатқандар аз. Бәрі жағдайды пайдаланып, жалғанды жалпағынан басқысы келеді-ақ. Сондықтан дүкен сөрелеріндегі бағаға көз үйрене бергенде өзгеріп сала береді. Тексеріс келеді дегенде бағасын ауыстырып қоятындарға не дерсің?!
Шындығы сол, қазір бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Теңгенің құлдырағанын пайдаланғаны бір бөлек, жыл сайын ораза айы басталғанда қосылатын баға тағы бар. Әйтеуір әркім өзінше баға белгілеп жатыр. Бағаны тұрақтандыру мақсатында қанша мәрте рейд жүргенімен, тұрақтағанын көзіміз көрген жоқ.
Мәселен өткен аптада ғана 100 теңгеден сатылып жүрген нан бағасы қазір кейбір дүкен сөрелерінде 110 теңгеден тұр. Соңғы күндері жұмыртқа мен сәбіздің де бағасы өскенін байқап жүрміз. Әнеугүні ғана келісін 1000 теңгеден алған тауық еті бүгін 1200 теңгеге бірақ шығыпты. Қанттың құны 500 теңге, 1 литр күнбағыс – 800, рожки – 300, күріш – 280, картоп – 230 теңгеден саудаланып жатыр. Базарда тек қырыққабат қана арзандаған ба дерсің. Өткен жолы 600 теңгеден сатылған көкөністің келісі бүгін 500 теңгеге түсіпті.
Иә, халық – көнбіс. Олар сауда орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Өссе, бір қайыры болар десе, бағаның арзандағанын көргенде шын қуанады. Ауданда азық-түліктің жеткілікті екені сан мәрте айтылды. Осыған қарамастан баға тұрақты емес.
Бағаны тұрақтандырудың жолдары да жұмбақ емес, іздегенге шешімі табылады. Бірақ соған деген шынайы құлық пен нақты қимылды көре алмай келеміз. Мың өліп, мың тірілген қазақ не көрмеді? Бұдан да қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерген. Сол сын сағаттар, сол қиындықтар қайталанбау үшін бүгін дұрыс бағыт ұстап, еңбек етуіміз керек. Сондай бір ауыр кезеңдерде елді бірлікке шақырған Бұқар жырау «Керей қайда барасың, Сырдың бойын көбелеп? Сен қашсаң да, мен қойман, Арғымағым жебелеп...» деген екен. Әр заманның айтар өз зары бар демекші, бүгінгі күні сол Бұқар бабамыздың сарынымен «Баға қайда барасың, қалтамызды қаққылап?..» демеске шарамыз жоқ. Жалынды жырмен қатыгез нарықтың жүрегін жылытамыз деу бос әурешілік. Оған жібіп, ырыққа көне салатын бағаны көре қоярымыз да неғайбыл.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ