Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Директор болу оңай емес

Директор болу оңай емес

Барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары енді конкурстық негізде қызметке орналасады. ҚР БҒМ-нің толықтырулар енгізілген бұйрығында осылай делінген.
Яғни, білім беру ұйымының бірінші басшысының бос немесе уақытша бос лауазымы пайда болған кезде бес жұмыс күні ішінде Білім басқармаларына конкурс өткізу туралы өтініш жібереді. Бірінші басшының лауазымына тағайындауға арналған конкурсты білім басқармасы жариялайды.
«Конкурс рәсімі бірқатар кезеңдерді қамтиды, қатысушы 100 сұрақтан тұратын тестілеуге қатысады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының бірінші басшысының бос лауазымына орналасуға үміткер тестілеуден өткеннен кейін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен әңгімелесу нысанында келісудің қосымша кезеңінен өтеді. Ал, «Білім-инновация» лицейінің бірінші басшысының лауазымына үміткерлер тестілеуден, қамқоршылық кеңеспен келісуден босатылады және «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен әңгімелесу нысанында келісуден, сондай-ақ мемлекеттік органның комиссиясының отырысында әңгімелесуден өтеді.
Айта кету керек, конкурс қорытындысы бойынша бірінші басшы лауазымының жеңімпазы жаңа қызметке бес жыл мерзімге тағайындалады. Сонымен қатар, білім саласында сапаны қаматамасыз ету үшін барлық білім ұйымдары мемлекеттік аттестаттаудан 5 жылда бір рет өтетіні белгілі. Егер басшы сол ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.

«Өскен өңір» ақпарат
22 ақпан 2022 ж. 581 0