Газға наз
Мемлекет басшысы коммуналдық тарифтерді көтеруге 180 күнге мораторий жариялағанын бәріміз білеміз. Баға мемлекет тарапынан қадағаланады. Қазір қоғамдық көлікте де, дүкенде кездейсоқ жүздесіп қалған екі кісінің де айтатын әңгімесі осы жайлы.
Иә, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты жуырда өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірнеше тапсырма берді. Соның бір тармағы – коммуналдық тарифтердің бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу еді. Қалтаны қаққан қымбатшылық сәт сайын қылаң берген мына заманда Президент тапсырмасы сәл де болса елдің көңілін жайландырғандай болған.
Бірнеше күн бұрын аудан тұрғындарының бірі редакцияға қоңырау шалып, айтатын мәселесі барын жеткізді. Біз де құлақ түріп тыңдауға кірістік. Сөзінен түсінгеніміз, көгілдір отын үшін коммуналдық төлем тарифі өзгермегенімен, тұрғындар мекемеге көрсеткен қызметі үшін құн төлейтін болыпты. Толығырақ тарқатайық. Бұған дейін тұрғын үйі көгілдір отынға қосылған аудан халқы коммуналдық төлемді «Halyk Bank» ғимараты ішіндегі терминалдан ешбір артық шығынсыз төлеп келген. Ал, биылғы жылдан бастап «Қазпошта» арқылы төлем жасау керек екен. Ал, оның қызметтік құны – 150 теңге. «Сонда мемлекет халықты алдағысы келе ме? Тарифтің құны көтерілмегенімен, бәрі бір қызметіне артық төлем жасатып жатыр», – деген ренішімен сөзін аяқтады әлгі тұрғын.
Қымбатшылықтың қамытын киген заманда тұрғындардың назын түсінуге болады. Себебі «тамшыдан теңіз құралады» дегендей коммуналдық төлемдерге болмашы тиын бірнеше мәрте қосылса қалтаға әжептеуір салмақ түсері сөзсіз. Онсызда айлығы шай-пұлына ғана жететін жұрттың уайымы да осы. Күн суытса коммуналдық төлемнің де көлемі артады. Сәйкесінше, баспана иесінің шығыны да көбейеді.
Мәселенің мән-жайын біліп, нақты ақпарат алу үшін газды тұтынушыға негізгі жеткізіп беруші «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ Шиелі аудандық газ шаруашылығы бөлімінің директоры Айгүл Молдраймованы әңгімеге тарттық. Жауапты маман берген мәліметке сүйенсек, тұрғындар уақытша коммуналдық төлемді «Қазпошта» мекемесіне төлеуге тура келеді-мыс.
– Қаңтар айының басында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «Halyk Bank» мекемесі екеуара келісімшартқа отыруы керек болған. Бірақ жыл басынан бергі белгілі жағдайларға байланысты келісмшарт жасау кейінге шегерілді. Сол себепті көгілдір отын үшін ай сайынғы төлемді уақытша «Halyk Bank» арқылы төлеу мүмкін болмай отыр. Ал, «Қазпоштамен» келісімшарт болмағандықтан қызмет құны ақылы. Бірақ алдағы бір аптаның ішінде екіжақты келісімшарт жасау жоспарланып отыр. Сол кезден бастап тұрғындар қайтадан банк бөлімшесінен еш кедергісіз төлем жасайтын болады. Ал, қазір «Кaspi.kz» мобльді қосымшасы арқылы артық шығынсыз төлем жасауға болатынын жеткізгім келеді, – дейді А.Тұтқабайқызы.
Міне, көгілдір отынға жауапты бірден-бір маманның жауабы осындай. Сондықтан тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Мемлекет басшысы берген уәде де өз күшінде.
Айта кетейік, бұған дейін кенттен бөлек Бидайкөл мен Ы.Жақаев, Жаңатұрмыс, Керделі, Тұран ауылдарының халқы көгілдір отынның игілігін көріп келген еді. Бұл қатарға жуық арада Жуантөбе, Ақмая ауылдары да қосылмақ. Ал, Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, Досбол би, Алмалы елдімекендеріне газ кіргізу жұмыстары ағымдағы жылға жоспарланып отыр. Осылайша бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде ауданда газға қосылған абонент саны 8 мыңға жетіп жығылды. Шиелі халқы түгелдей көгілдір отынға қосылып, от жағып, күл шығармайтын уақытқа жетуге де аз қалды.
Гүлхан ЯХИЯ