Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшелі елдің көшеті қурамауы қажет

Көшелі елдің көшеті қурамауы қажет

2020 жылдың 1 қыркүйегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты жолдауын ел назарына ұсынғаны белгілі. Аталған жолдаудың 7-ші бөлімінде Ел президенті еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызатыны туралы баяндаған. Осыған орай Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев 2 млрд түп ағашты қалай отырғызатыны туралы журналистер алдында есеп беріп, жоспарымен бөліскен болатын.
«Біз климат факторын да ескеруіміз керек. Мысал ретінде алатын болсақ: оңтүстік аймаққа терек пен қара ағаш, оңтүстік және батыс аймақтарына сексеуіл ағаштарын, солтүстікте қайың, шырша және қарағай ағаштарын отырғызу жоспарланған», – деді вице-министр. Тіпті, жаңа орманның ең көп көлемі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының жерінде отырғызылмақ болған. Сөйтіп, экология министрлігі аймақ басшыларымен тізе қоса отырып, әр өңірде қанша ағаш егілетінін нақты анықтап, іске кірісіп те кетті. Алайда, жыл өтсе де бұл ғаламат ізгі бастама біздің аймақты қуанышқа да, ну орманға да бөлей алмады, тіпті назардан тыс қалғандай. Оның орнына халық жаз бойы өсіп тұрған ағаштардың аянышты халіне алаңдаумен болды.
Сонымен, «Уайымдамаңыздар күннің көзіне көрсетпей өсірген қыздарыңызға, біз де күн көрсетпейміз» деген әзілдің желісімен өткен жаз айларына тоқталайық. Сәуір айында ауданға кіре беріс көпір маңына 167 дана «можжевельник», 122 дана «катальпа прекрасная» тұқымды ағаштары егілген болатын. Жалпы Асан-ата көшесі ­бойына, Исатай Әбдікәрімов көшесіне, «Рәміздер» мен «Тағзым» алаңына және «Шиелі-паспорт» маңына осы екі ағаш түрлерін отырғызу жоспарда болған, сол уақытта. Тіпті, газетіміздің бір санында екі тұқымдастың суыққа төзімді екендігін айтып, тиісті сала мамандарының таңдауын құптағандай болыппыз.
Жерсінбейтін ағашты еге беру қажет пе?
Күн өтті, ай өтті бірақ, біз күткен нәтиже ойдағыдай болмай шықты. Ер Төстік ертегісінің желісімен бір айда бір жастағы, екі айда екі жастағы, үш айда үш жастағы баладай болып өсуі қажет болған ағаштардың жартысынан астамы керісінше қурап, өлудің сәл-ақ алдында тұр. Жаз бойы күннің сәулесінен қорғап тұруы тиіс болған шатырлар да көшеттердің жерсініп кетуіне еш көмек бола алмапты. Дегенмен, сирек кездесетін ағаш көшеттерінің қурап қалуы біздің ауданда ғана орын алып отырған жоқ. Мәселен, ұқсас жағдайлар 2019 жылы Ақтөбе қаласында, осы жазда Алматыда, жақында Түркістан қаласындағы «Керуен Сарай» туристік кешені аумағында орын алып, көптің талқысына түскен.
Ақтөбеде 1 млн түп қарағай көшеті, Алматыда 32 мың түп көшет түгелдей қурап кеткен. Ал таяуда Түркістанда «Керуен Сарайдағы» ағаштардың қурап қалғанын айғақтайтын фотосуреттер мен бейнежазбалар тарап кетті. Тұрғындардың айтуынша аталған жағдайлардың барлығында ерекше көшет түрлері егіліп, бірақ оның күтімі дұрыс жасалынбағындықтан солып қалған. Бәлкім, жоғарыдағы аталған жағдайлардан сабақ алып, біздің жерімізге жерсінбейтін ағаш түрлерін егуден аулақ болу керек пе еді?
Асығыс шешім шығармай, сирек кездесетін көшет түрлерін егуден оң нәтижеге қол жеткізген жағдайларға тоқталып көрейік. Мәселен, 2018 жылы Қазалы ауданында «Ояз» атты баққа дәл осы «катальпа прекрасная» тұқымдастары, туя, айлант, үйеңкі сынды ерекше ағаштар жерсіндірілген. Алғашында көшет бейімделе алмағанымен, күтіп-баптаудың арқасында тамыр жайып, көктеген. Қызылорда қаласының төңірегінде де «катальпа прекрасная» тұқымды ағаштарының көктеп өсіп тұрғандығын көріп жүрміз.
Мақала басында айтылғандай, бүгінде осы күнге дейін пәлен мың «шыбық шаншығандардың» еңбегі біз айтпай-ақ еш кеткені анық көзге бадырайып тұр. Бізге керегі, көшеттің көптеп отырғызылуы емес, көптеп көктеуі ғана. Әйтпесе, арық жағалай отырғызған ақ терегің де, қара талың да, можжевельник пен катальпа прекрасная ағашы да күтімі болмаса, көгермесі хақ. Ал, қажетті күтім жасалынған жағдайда кез келген көшеттің көктеп, тамыр жаярына көршілес аудандағы сала мамандарының табысты жұмысы дәлел болмақ.

Рамазан ӘНӘПИЯ
29 қазан 2021 ж. 790 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930