Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр жаттаудан жүйріктер анықталды

Жыр жаттаудан жүйріктер анықталды

Сенбі күні Шиелі аудандық «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Оған аудан мектептерінде 6-10 сыныпта оқитын 102 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады.
Айта кетейік, байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда. Қазақтың том-том тарихының тізбесі батырлар жырында жатқан жоқ па? Соны сезген кешегі ата-әжелеріміз немересіне жатар уақытта ертегі есебінде баяндап, бойына сіңірген-ді. Содан тәрбиесі түзу, құймақұлақ, талапты ұрпақ өсті. Байқаудың басты мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру болып табылады.
Іс-шараның ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ­Болат Мүбәракұлы сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі.
– Қоғам талабымен үйлесім тапқан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының балалар арасында кең қолдау табуында да ерекше мән бар. Жырдың өн бойында Едігенің батырлығынан гөрі ақыл-парасаты кеңінен суреттеледі. Және де байқауға қатысушы оқушыларға құнды кітаптарды оқытуды, оның ішінде, қазақ халқының батырлық, эпостық жырларын насихаттауды көздедік. Қазақ халқы ат үстінен түспеген кешегі күндері ұл баланың бойында жылқы малына деген құрмет, оның қасиетті, құтты жануар, қала берді «ер қанаты» екенін жете түсіндірген. Одан қалды қазақ қыздарының бойында қайсарлық қасиет болған. Кішкене күнінен естіп өскен жырлардағы тұлпарлар бейнесі баланың бойында осынау батырларға айнымас серік болған сәйгүліктерге сарқылмас ынтызарлықты оятады. Міне, батырлар жыры ұлттық болмысымыздың айнасы іспеттес. Сондықтан, жас жеткіншек оны жатқа білсе бабаларымыз жүрген жолдан адаспасы күмәнсіз, – деді ол.
Айта кетейік, байқауға «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан, аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ­Болат Сыздық, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының сценаристі Айзада Әшімқызы, журналист Елдос Жүсіп, аудандық «Нартай» өнер мектебінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов, Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Ақсамал Рысбаева төрелік етті.
Сайысқа қатысушы жас өрендер ең алдымен батыр жырын мәнерлеп оқудан жарысты. Атадан қалған асыл сөзді нақышына келтіре орындады. Тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Орақ тілді, от ­ауызды бабалардың өлмейтін өткір сөздері қайта жаңғырып, жүректерді тербеді. Одан кейін үміткерлер жырдың кез келген жерінен қойған үзінділерді тосылмай жалғап, шеберліктерін паш етті. Байқаудың үшінші кезеңінде өздеріне берілген сұраққа жылдам жауап қатты.
Бұрынғы бабаларымыздың баланы ұлтжандылыққа қалай тәрбиелегенін зерттеп-зерделесек те көп нәрсенің беті ашылады. Бертінге дейін ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып келген. Сол жыр жаттап өскен, жыр тыңдап өскен балалар бүгінде аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Батагөй, шежірешіл, сөзге шешен қай қариядан барып сұрасаңыз да, бала кездегі оқыған ертегі, естіген аңыздары, жаттаған жырлары өмір бойы рухани азық, бүкіл болмыс-бітім, мінез-құлық, ұлттық танымның қалыптасуына іргетас болғанын айтады. Ендеше ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды. Қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруымыз керек.
Қайтадан байқауға оралар болсақ, ауданнан барлығы 102 оқушы қатысып, 7-уі іріктеу кезеңінен өтті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтаған сәтте бірінші орынды (150 мың теңге) – №181 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақзерек Исмайлова мен жетекшісі Мөлдір Әбсұлтанова иеленді. Екінші мінбеден (100 мың теңге) – №149 мектептің 9-сынып оқушысы Құралай Исаханова мен жетекшісі Ләззат Түменбаева көрінді. Тиісінше үшінші сатыға (50 мың теңге) – №251 мектептің 9-сынып оқушысы Мөлдір Мұзарапова мен жетекшісі Ұлжан Бимен шықты. Қалған қатысушылардың барлығына алғыс хат табыс етілді. Байқау жеңімпаздарын аудандық білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева құттықтады. Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Сағындыққызы жүлдегерлерге байқаудың келесі кезеңіне сәттілік тілеп, жүлделерін табыстады.
Шынында талай рухани құндылықтардың тамыры жырларда жатқаны ақиқат. Оның ішінде адал достық, ерлік, отансүйгіштік, жауға деген қаһар, жарға деген махаббат, туған елге, жерге деген сағыныш, табиғатқа деген құрмет, бәрі-бәрі қамтылған. Біз бұл шарада жанары жалынға толы жастардың батырлар жырына деген құрметін көрдік. Өткір тілді, өр мінезді жастардың өнері көрермен қауымды ерекше сүйіндірді. Аталарына тартқан ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады. Байқауға келген барлық оқушылардың бабалар ғибратын жадына тоқып, көңілдеріне түйіп қайтқандары анық. Байқау соңында бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқытуды қолға алып, қайта жаңғыртылуы ең бір ұтымды әдіс болар деген пікірді көкірегімізге түйіп, тарқастық.

Зерек қыз – Ақзерек
Жасыратыны жоқ. Қазіргі жастардың басым көпшілігіның жырға құмарлығы байқалмайды. Керісінше, телефонға телміріп, қажетсіз нәрселерді көп көреді. Бұл ең бірінші, қос жанарының көруін төмендетіп, екінші жағынан еске сақтау қабілетін жоғалтады. Бірақ, «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы бастау алғалы Сыр өңірінде талантымен дараланған зерек жастардың барын да байқадық. Солардың бірі – Шиелі ауданы Алмалы ауылы №181 қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ақзерек Исмайлова. Бүгінде ол демалыста үнемі кітап оқып, эпостық-жырлар жаттауды әдетке айналдырған.
– Байқауға мамыр айынан бастап дайындалдық. Қыйркүйекте өтеді деп ойлаған соң, жаттауды ерте бастадым. Сондықтан қиын болған жоқ. Негізі жыр жаттау адам жанын арманға, қиялға жетелеп қана қоймай, жадын жаңартады, жүрегін тазартады. Сондықтан, барлық қатарластарыма «Едіге батыр» жырын жаттауға, байқауға белсене қатысуға кеңес беремін, – дейді Ақзерек.
Ақзеректің қабілет-қарымын бұған дейін білетінбіз. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын мәдени шараның дені онсыз өтпейді. Алты жасынан бастап киелі сахнада келе жатқан талантты жастың 58 беттен тұратын «Едіге батырдың» аталған нұсқасын жатқа білетінін естігенде таңдана қоймадық. Себебі, оның ерекше талантын жұртшылық осыған дейін де танитын еді. Өнер мен білімді қатар алып жүрген шәкіртінің болашағына ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Әбсұлтанова үлкен үмітпен қарайды.
– Ақзерек «Едіге батыр» жырын жан-тәнімен түсінеді. Мектеп қабырғасында жүрген ол әрдайым аудан, облыс көлемінде өтетін сайыстарға қатысып келеді. Әр тармағын тебіреніп, өзінің ой елегінен өткізіп оқиды. Енді жаттаған жанға рух беретін жыр сайысының облыстық кезеңінен де бірінші орын аламыз деген ниеттеміз, – дейді ұстазы.

Шапағат Тілеубаев
29 қазан 2021 ж. 776 0