Көмір бағасы 15 мыңнан аспайды
Қылышын сүйреткен қыс мезгілімен де қауышар күн алыс емес. «Кәрі құда» қатал мінез көрсеткенде жағдайдың қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтыны түсінікті. Оның қаһарына төтеп беру әрине, жан-жақты дайындықты талап етеді. Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер қыстың қамын жазда ойластырды ма? Міне, осы мәселелерді біз тақырып нысанына алып, саралағанды жөн көрдік.
Жарылған жылу қазандықтары, суық мектепте бүрсең қаққан оқушылар, қар басып қалған жолдар, тоңған жұрттың жанайқайы сынды жыр биыл қайталанбайды ма? Қысқа дайындық бірінші қыркүйекке дейін әзір болуы керектігін биылғы күз ескерткендей болды. Күн дыз етіп суығанда, аудан халқы көмір іздеп сабылып кетті. Осы жағдайларды ескеріп аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманмен байланысқан едік.

– 2021 жылы жылу беру маусымын өткеруге аудан бойынша 147 нысан, оның ішінде білім саласынан – 62, мәдениет саласынан – 35, спорт саласынан – 9, денсаулық саласынан – 41 мекеме даярланған. 147 нысанның 23-і сұйық отынмен, 100-і қатты отынмен жылытылады. Сондай-ақ, 24 әлеуметтік сала ғимаратының жылу жүйелері бу қазандықтары газға қосылған. Атап айтсақ, 6 балабақша, 8 мектеп пен 5 мәдениет саласының, 5 денсаулық саласының ғимараты газбен жылытылады, – деді сала басшысы.
Оның айтуынша биыл жеке тұрғындарға 13 мың тонна көмір қажет болады деп жоспарланған. Қазіргі таңда ЖК «Жаңа тас» мекемесіне 8750 тонна Шұбаркөл марқалы көмірі келіп, 14500 теңгеден таразы арқылы сатылуда. Сондай-ақ, қосымша жүк көліктерімен 2200 тонна қатты отын елді мекендерге таратылыпты. Бастысы, көмір бағасының да қымбатшылыққа ілініп кетуінен үрейленеді халық. Себебі, базардағы баға күнде құбылады. Ал, көмір бағасын сұраған сауалымызға мекеме басшысы Дана Аман былай дейді:
– Көңіл қуантарлығы, көмір бағасын тұрақтандыру мақсатында «ЖК Нұрманов» және «ЖК Жаңа тас» көмір тасымалдаушы ірі мекемелермен меморандумға қол қойылды. Сол арқылы көмір бағасын 15 мың теңгеден асырмауға келісім жасалды. Ал, газдың жайына келер болсақ, газ жүйесіне қосылған әлеуметтік нысандарға қажетті 614556 м куб газ қажет болады деп есептелінген. Сонымен бірге барлық әлеуметтік нысандардың жылу қазандықтары тексеріліп, даярлық паспорты тапсырылған.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ