Бас жүлде жыр еліне бұйырды
Өткен аптада Астана қаласында «Ел жүрегі - Астана» деген атаумен жеткіншектер арасында үшінші республикалық жыр мүшәйрасы өтті.
Жыр додасына барған жетпіске жуық оқушының осалы жоқ. Әрқайсысы әр аймақтың мықтысы. Мүшәйраның шарты бойынша олар Астананы жырға қосып, жиырма жылдағы жетістіктерді бейнелі тілмен жеткізуі керек. Сайыста Сыр елінің намысын қаладағы №197 қазақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ерасыл Мамырұлы қорғады. Мектебіміздің мақтанышына айналған, бұған дейін де бірнеше мәрте облыстық, республикалық жыр додалары мен айтыстарда тек биіктерден көрініп жүрген Ерасылдың өлеңдері қазылардың сынынан сүрінбей өтті. Сөйтіп бас жүлде жыр еліне бұйырды.
Қатысушылар оқыған өлеңдер арасынан іріктелген жұп-жұмыр, жинақы туындылар «Ел жүрегі - Астана» атты жыр жинағына енгізіліп, авторларына жүлде үлестіріледі. Мұндай игілікті іс-шараның ұйымдастырушысы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының төрағасы Бауыржан Айткәрімовтің айтуынша, бұл еліміздің ертеңі – жастарға бағыт-бағдар беріп, елдігімізді, бірлігімізді, еңсесі биік елордамызды жырға қосуға мүмкіндік берсек деген ниеттен туған дүние.
Жарыстан соң оқушылар қаланың көрікті жерлерін тамашалап, өз өңірлеріне үлкен серпіліс, шығармашыл шабытпен қайтты. Біз де өз кезегімізде мектебіміздің мерейі болған ақынжанды шәкірт Ерасыл Байментаевті шын жүректен құттықтаймыз. Оған толағай табыстар тілейміз.
Айжан Әлдешова,