Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет сыр еліндегі серпінді жобалармен танысты

Үкімет сыр еліндегі серпінді жобалармен танысты

«Ағымдағы жылы шағын несиелендіру ісіне тек облыстық бюджеттің өзінен 1 млрд.теңге бөлінді, тағы 2 млрд. теңгені басқа қаржы көздерінен тартуды жоспарлап отырмыз. Өңірлік инвестициялық қор құны 500 млн. теңгеден асатын 171 жобаны мақұлдады», – деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру үшін облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлу жоспарлануда.
«Жобалық кеңсе» ақпараттық жүйесінде республикалық жобалардан бөлек 33 инновациялық және бюджеттік, сондай-ақ, экономиканы цифрландыру жобасына бақылау жүргізілуде. «Hack Day», «Бейресми жұмыспен қамтуды заңдастыру», «Агробиржа», «Арбат» және басқа жобалар пилоттық режимде іске асуда.
Қызылордада Бақытжан Сағынтаев Астананы газдандыру жобасы бастау алатын «Қараөзек» газкомпрессорлық стансасының жұмысымен танысты. Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың шілде айында Қызылорда облысында жоғары газкомпрессорлы «Қараөзек» стансасы іске қосылды. Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлеріне көгілдір отын жеткізу дәл осы станциядан бастау алады. Қызылорда облысы үшін бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін тағы бір жоба.
Балық шаруашылығы қайтадан облыс экономикасының маңызды салаларының біріне айналуда. Тек соңғы 5 жылдың ішінде аймақта 4 балық өңдеу зауыты ашылды, балық өнімдерінің экспорты 8 есеге артты. Саланың дамуы туралы Бақытжан Сағынтаевқа «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС аралау кезінде баяндалды.
Арал ауданының жұртшылығымен кездесу барысында Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланды.
«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен «САРАТС-2» жобасының 4 бөлігін жүзеге асыруды бастадық. Олар – Қызылорда су торабына кешенді жөндеу жүргізу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету және Қазалы ауданы бірлік елді мекенінің тұсынан көпір салу», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімі Елбасының тапсырмасын уақытылы орындау мақсатында жобаның қалған 4 бөлігін іске асыруды жеделдетуді ұсынды.
Делегация барған келесі нысан «Аралтұз» АҚ болды. Айта кету керек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұз өндіру көлемі 2012 жылға қарағанда 2,2 есеге артты, 2018 жылы өндірілген тұз көлемін өткен жылдың көрсеткіші секілді 25%-ға, ал 2021 жылы тағы да 2 есеге көбейту көзделуде. Сонымен қатар, отандық инвес­тор Қазақстанның даму Банкінің қолдауымен кальцийлендірілген сода шығару зауытын салуды жоспарлап отыр, құрылыстың бірінші кезеңі осы жылдың сәуір айында Арал қаласында басталады.
Нысан басында ҮИИДБ-2 бағдарламасы аясында аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.
Мемлекеттік индустриаландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 6 мың жұмыс орнын қамтитын 620 млрд.теңгенің 26 жобасы жүзеге асырылуда. 2018 жылы 650 жұмыс орнының құрылуымен 102 млрд.теңгенің 4 жобасын: молибден үш оксиді өндірісі, шыны және тампонажды цемент зауыттары, сондай-ақ, балық өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланып отыр. Экспортқа бейімделген және жаңа технологияларды қолданатын бұл өндіріс орындары еліміздегі алдыңғы қатарлы нысандар болады.
Сондай-ақ, жақын арада Қытай, Түркия және Иран мемлекеттерімен бірлесіп 301 млрд.теңгенің 5 инвестициялық жобасын іске асыру межеленіп отыр. Мұнда 3,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Шетелдік әріптестермен бірігіп тағы 9 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Естеріңізге сала кетсек, «Байқоңыр» кешеніндегі ұзақ мерзімді әріптестік тұжырымдамасының аясында қаланың болашақ дамуы, сонымен қатар шағын және орта бизнеске қатысты бірқатар ғарыштық бағдарламалар жүзеге асуда.
Сонымен қатар, «Восточный» космодромындағы ғарыш бағдарламаларының бөлігін «Байқоңырға» ауыстыру туралы шешім қабылданды. Қос тараптан 2022 жылы жер серігі бар қазақстандық зымыран тасығышын ұшыру үшін «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асыру мерзімін жеделдету туралы келісілді.
Байқоңыр қаласының дамуын жаңа құрылыспен қатар, қолданыстағы инженерлік инфрақұрылым желілерін жаңғырту ісін Қазақстан тарапынан қаржыландыру механизмі бекітілді. Мәселен, қаладағы ауыз су және кәріз желілерін жаңғыртуды республикалық бюджет есебінен жүргізу үшін олар жалдан шығарылып, Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне берілді.
Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылдың қараша айында бірқатар тұрғын үй (447 пәтер), 5 мектеп және 1 балабақша көгілдір отынға қосылды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының қаржысы есебінен 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. «Байқоңыр» кешеніндегі тұтынушылар үшін электр энергиясын бағасын төмендету шаралары да жүруде.
Кездесу барысында қатысушылар Елбасы Жолдауындағы негізгі бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да айтты.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір дамуының оң динамикасын атап өтіп, бағасын берді.
"Өскен өңір" ақпарат
31 наурыз 2018 ж. 735 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930